Әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктер – денсаулықтағы теңсіздіктің маңызды факторлары. Жеке табыс деңгейі өмірлік стандарттағы ерекшеліктерді – тұтынылатын тауарлар мен қызметтер саны мен сапасын анықтайды.
Денсаулық көрсеткіші мен әлеуметтік-экономикалық жағдай арасындағы байланыс «экономикалық жағдай жақсы болған сайын, соншалықты халық денсаулығы жақсы болады» деген жорамалмен сипатталады. Соңғы уақытта денсаулық теңсіздігі әсерінің басқа каналдары анықталған. Көбінесе, өзінің әлеуметтік-экономикалық жағдайына қанағаттанбау себебінен болған созылмалы күйзелістер ағзаның нейроэндокринді және психологиялық қызмет атқаруындағы өзгерістеріне әкеліп, ауруға ұшырау тәуекелін арттырады. Ұзақ уақыт қорқыныш, сенімсіздік, өз-өзіне төмен баға беру, әлеуметтік оңашалау, жұмыс және үйде шешім қабылдай алмау және жағдайды бақылауға мүмкіндіктің болмауы денсаулыққа қатты әсер етеді: депрессияны тудырады, инфекциялық ауруларға, диабетке, жүрек-қан тамыры ауруларына бейімделікті арттырады.
Төмен әлеуметтік-экономикалық жағдай, адамдардың өзінің қоғамдағы «теңсіз» жағдайын және соныменен байланысты бағалануын, қарым-қатынасты, уайымдау, материалдық жағдайдың болмауы денсаулыққа тікелей әсер етеді. Экономикалық жағдай жақсы болған сайын, денсаулық та жақсара түседі.
Әлеуметтік-экономикалық жағдай – денсаулыққа әсер ететін көптеген факторлардың (табиғи, мәдени, әлеуметтік-құрылымдық, тәртіптік және басқа) тек бірі. Бірақ, денсаулықтың мәнді детерминанты бола отырып, әлеуметтік-экономикалық жағдай ең маңызды денсаулық факторы ролін атқара ала ма?
Денсаулық нақты бір адамның жеке әл-қуаты ретінде қарастырылып және медициналық көрсеткіштер негізінде, жеке тұлғалардың өзін-өзі бағалау негізінде де анықталады.
Әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктер спектрі өте кең: жынысы, жасы, білімі, кәсіби біліктік, материалдық-мүліктік, аймақтық және басқа факторлар жатады. Жеке тұлғаның экономикалық статусы немесе оның экономикалық теңсіздік жүйесіндегі жағдайы объективті және субъективті көрсеткіштер көмегімен өлшенді.
Экономикалық теңсіздіктің субъективті көрсеткіші ретінде экономикалық стратификациядағы жағдай, яғни полюстері кедейлік пен байлық болып табылатын континуумды сипаттайтын 9 қадамнан тұратын экономикалық стратификацияда жеке тұлғаның алатын орны қарастырылды. Факторлық талдаудың негізінде құрылған эмпирикалық типология денсаулығы жақсы емес ересек тұрғындар жиынтығын келесі типтерге бөлді.
1-ші тип – ең жоғары дәрежеде денсаулығын жоғалтқан тұрғындар тобы, ол өз-өзіне қызмет көрсетуге қабілетсіздігімен және өмірдегі қажетті қызмет түрлерін жүзеге асыруда тәуелділігі болуымен (тамақтану, өзін-өзі күту, дәретхананы пайдалану және т.с.с.) көрінеді.
2-ші тип – созылмалы аурулар салдарынан денсаулығын жоғалтқан тұрғындар тобы. Осы топ өкілдерінің жүрек-қан тамыр жүйесінің және тірек-қимыл аппаратының жағдайы күнделікті қажет қозғалыс орындау кезіндегі қиындықтардың себебі, «қарапайым» физикалық жүктемелерді – сатымен көтерілу, 1 км жаяу жүру, салмағы 5 кг затты көтеріп жүру және басқаларды орындау қабілетсіздігі болып табылады.
3-ші тип – созылмалы ауруларының асқынуын, респиративті және басқа инфекциялық және жедел ауруларды, жарақат, улану, соғылу және т.б. бастап өткізген және соның салдарынан денсаулықтың жартылай жоғалуына немесе уақытша еңбекке қабілетсіз тұрғындар тобы.
4-ші тип – денсаулықтың аз немесе көп мөлшерде жоғалуына әкелген созылмалы аурулары бар адамдар тобы. Ол өзіне бұрын инсульт миокарда инфарктін алған, анемиямен ауыратындарды, диабетпен және басқа да жүрек-қан тамыр жүйесінің созылмалы аурулары байқалғандарды, асқазан-ішек жолы, тірек-қозғалыс аппаратының және басқа ауруларын қосады.
Аталған типтердің ерекше әлеуметтік-демографиялық белгісі бар – жас шамасы. Күнделікті тұрмыста қажетті қызметті жүзеге асыруға тәуелді және шектеулі физикалық мүмкіндіктері бар топқа жас шамасы ең жоғары адамдар кіреді. «Созылмалы» және денсаулықты уақытша жоғалтқан топтарда жас шамасының диапазоны өте кең.
Тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын материалдық игіліктерді бөлудегі теңсіздік көрсеткіштері – табыстары, шығындары, жинақтары, тамақ өнімдерін тұтынуы, тұрғын үй аумағымен қамтамасыз етілу мөлшері сипаттайды. Макродеңгейдегі табыстар сияқты, теңсіздік шамасындағы айырмашылық тұрғындар денсаулығына тікелей қатысты, тұрғындардың өлім-жітім көрсеткішінің өзгерісін түсіндіреді. Ғылыми әдебиетте соңғы уақытта белсенді түрде талқыланатын, денсаулық теңсіздігін қалыптастыруда материалдық жағдайдың абсолютті және салыстырмалы көрсеткіштерінің ролі туралы негізгі болжамдар расталды.
Денсаулықтағы ерекшеліктер адамдардың табыстарының абсолютті шамасына қарағанда олардың әлеуметтік экономикалық иерархиядағы теңсіз жағдайына байланысты деуге негіз бар. Экономикалық теңсіздік салымының әлсіреуі білім деңгейі, ой және күш еңбегінде жұмыс істейтіндердің арақатынасы бойынша, некеде болу жағдайы және т.с.с. факторлар өзгеруі салдарынан да болуы мүмкін. Мысалы, әрбір қосымша оқу жылына ерлер өлімінің тоғыз пайыздық қысқаруы және әйелдер өлімінің жеті пайыздық қысқаруы сәйкес келеді, ал ой еңбегімен айналысатындар (әсіресе басшылар) күш еңбегімен айналысатындарға қарағанда айтарлықтай жоғарғы өмір шегіне жету деңгейін көрсетіп тұрғаны белгілі.
Табыс мөлшеріне өлім деңгейінің тәуелділігі, қысқа өмір сүру ықтималдығы материалдық жағынан қаражаттан айырылып қалудың негативті әсері мен онымен байланысты эмоционалды әрекетті ұзақ мерзімге жинақтау нәтижесінде қалыптасады. Экономикалық статус жоғары болған сайын, ауру аз болады.
Денсаулықтың экономикалық статусқа тәуелділігі жекелеген аурулардың таралуында да байқалады. Миокард инфарктімен ауырғандардың ең жоғары шоғырлануы статусы ең төмеңгі тұрғындарда байқалады және ол экономикалық статусы артуына қарай төмендей түседі. Бірақ та адамдардың өмірінің соңына қарай мынадай тенденция айқын көріне бастайды: экономикалық статусы төмен болған сайын, денсаулығында ауытқулары бар адамдардың шоғырлануы жоғары болады.
Жеткілікті қамтамасыз етілген адамдар қажетті медициналық қызметтер алуға және өзінің денсаулығын қадағалауға, сақтауға үлкен қызығушылығын таныта отырып, үлкен материалдық мүмкіндіктерге ие болуда. Профилактикалық мақсатпен медициналық мекемелерге жиі барады. Ондай адамдар жеткілікті қамтамасыз етілгендер арасында және білім алушылар ішінде көп.
Экономикалық статус жоғары болған сайын, профилактикалық мақсатпен медициналық мекемелерге тұрғындар жиі барады. Экономикалық статус жоғары болған сайын, орташа есеппен денсаулықтан ауытқу саны аз болып, жүрек-қан тамыры ауруларымен ауратын тұлғалар үлесі төмен болып, денсаулығын айтарлықтай жоғалтқан тұлғалар үлесі де аз болады.
Экономикалық статус – бұл денсаулыққа ықпал ететін көптеген әлеуметтік-құрылымдық және тәртіптік факторлардың ішіндегі тек біреуі ғана. Адам денсаулығының маңызды детерминанты – оның жас шамасы. Ол адамға табиғат беретін денсаулықтың биологиялық ресурсының «таусылу» дәрежесінің тікелей индикаторы. Адам жас болған сайын, оның биологиялық ресурсы жоғары болады, ал жасы жоғары болған сайын, бұл ресурс кедейлене түседі.
Экономикалық статус денсаулықтағы теңсіздікке тікелей қатысы бар табыстағы теңсіздік болжамы. Бірақ та, бізге белгілі болғандай, табыстағы айырмашылық бір сәтте білім деңгейіндегі, кәсіби арналымдағы ерекшеліктерді сипаттайды.
Көптеген елдерде білім алу статусы әлеуметтік-экономикалық иерархияда адамдар жағдайының негізгі индикаторы ретінде қолданылады, ал экономикалық статус, өз кезегінде мәдени капиталға салынған салымдардың қайтарымының индикаторы ретінде қарастырылады. Білім - адамның өз денсаулығын сақтау үшін, ақылға қонымды, дұрыс және мұқият қарауға мүмкіндік беретін шешімдерді қабылдау, ақпарат алу, қайта өңдеу қабілетінің индикаторы.
Табыс пен мамандық арасындағы байланыс та осындай. Аз табыс төмен мамандандырылған ауыр күш еңбегімен байланысты болады. Оған сонымен қоса жарақат алу, жарымжан болу жоғарғы тәуекелі тән. Денсаулықтағы теңсіздіктің шарасыздығы ең алдыменен жас шамасымен байланысты. Қарт адамдар жастармен бәсекеге түсе алмайды.
Денсаулық өзгеруінің кейбір факторлары адамның жас мөлшері және білім деңгейі. Экономикалық статустың өзгеруіне байланысты денсаулық көрсеткіштерінің жақсаруы немесе нашарлауы барлық топта байқала бермейді. Ол көбінесе жас шамасының құрамымен байланысты.
Қолайсыз материалдық жағдайдың денсаулыққа әсер етуінің ұзақ мерзімді сипаты денсаулықты жоғалтудың жоғарғы дәрежесін «алуы» ықтимал. Бұл әсіресе үлкен жастағы адамдар арасында байқалады. Табыстың жоғарғы деңгейі денсаулықты бақылаудың, профилактикалық қадағалау мен ауруды болдырмаудың, денсаулықта пайда болған ауытқуларды айқындауға жоғары мүмкіндік туғызады. Қолайсыз материалдық жағдай денсаулықта пайда болған ауытқулармен күресу тәсілдері мен оперативті және тиімді шараларды қолдану мүмкіндіктерін шектейді.
Күнкөрістің ең төмеңгі деңгейіне тең үй шаруашылығының бір мүшесіне келетін табыс мөлшерінен бастап, экономикалық статустың артуы денсаулық көрсеткіштерінің елеулі жақсаруына әкеледі. Осыған байланысты күнкөрістің ең төмеңгі деңгейін құндық бағасының және бастысы өнім жинағы құнының әдістеріне қатысты бірнеше ескертулер жасаған жөн деп санадық. Құндық өлшеммен бұл өнім жинағы, тек ең төмеңгі жетерлік деңгейінің жинақ жартысына тең болған, себебі онда тағамдардың ең қымбат өнімдерін – ет, жидек, сүт өнімдерін тұтыну нормалары төмендетілген. Ақшалай есептегенде күнкөрістің ең төмеңгі деңгейі қалыпты өмір сүруге қажетті қаражаттың тек жартысын ғана құрайды. Табысы күнкөрістің ең төмеңгі деңгейінен аспайтын тұрғындардың денсаулығының қолайсыз көрсеткіштері кездейсоқ емес. Бұндай табыс денсаулықты сақтау үшін жеткіліксіз, ең төмеңгі жетерлік деңгейде қалыпты өмір сүруді қамтамасыз етпейді.
Ел тұрғындарының жартысында тиісті деңгейде денсаулықты сақтауға жеткілікті қаражаттары жоқ. Сондықтан әлеуметтік саясаттың мақсаты тұрғындар денсаулығын жақсарту, кедейлік пен теңсіздік әсерін шектеу үшін күрес жүргізу. Қазақстанда денсаулықтың ұдайы өсуі үшін қаражат тапшылығымен күрес жүргізу мәселелерін бірнеше бағытта шешу қажет. Олардың бірі – күнкөрістің ең төмеңгі деңгейін денсаулықты сақтау мен өмір сүру ұзақтығын арттырудың қалыпты деңгейін қамтамасыз ететін шамаға жеткізу. Тұрғындар денсаулығына өмір сүрудің төмеңгі деңгейінің негативті әсерімен күрес жүргізу тек әлеуметтік трансферттермен ғана емес, сондай-ақ адекватты еңбекақы төлеу, халықтың экономикалық белсенділігін арттыру және табысты арттыру есебінен жүргізілуі тиіс.
Ләззат Сейтқазықызы СПАНКУЛОВА,
экономика ғылымдарының докторы, профессор.
Әлия Мияжденқызы Нургалиева,
экономика ғылымдарының кандидаты, доцент.
Нархоз Университеті