Сәбит Нарбаев, «KAZNEX INVEST» Экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры:
–Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда Елбасымыздың алға қойып отырған басты талабы – ел экономикасын әртараптандыру, шикізаттан түсетін табысқа байланбау. Ал «KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігінің екі бағытта жұмыс істейтінін білеміз. Яғни шикізаттық емес сектордағы экспортты қолдау және шетелдік инвестицияларды елімізге тарту тұрғысында. Осының бастапқысына кеңірек тоқталып өтсеңіз...
– Өзіңіз айтып отырғандай, біздің агенттік екі бағытта жұмыс істейді. Оны, негізінен, үш тетік арқылы жүзеге асырамыз: сервистік, ақпараттық-талдау және қаржылай қолдау бойынша. Олардың әрқайсысына тоқталмастан бұрын, бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған отандық кәсіпкерлерді халықаралық гуманитарлық көмек нарығына шығаруға қолдау жасау жайын кеңінен айта кетейін.
Негізінен, төтенше жағдай бола қалған кезде халықаралық көмекті ұйымдастыру және үйлестірумен гуманитарлық ұйымдар айналысады. Көмек қаржылай келген жағдайда гуманитарлық ұйымдар жедел түрде қажетті алғашқы тауарларды сатып ала бастайды. Міне, бұл жердегі біздің мақсатымыз – халықаралық ұйымдардың гуманитарлық көмек үшін сатып алуларына қазақстандық кәсіпорындардың қатысуына жол ашу.
– Мұндай ірі көлемде сатып алуларды жүзеге асыратын халықаралық гуманитарлық ұйымдардың бастысы қайсылар?
– Бүгінгі таңда ғаламдық деңгейдегі мынандай гуманитарлық ұйымдар бар: БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы, БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссариаты және БҰҰ-ның Балалар қоры, сондай-ақ Қызыл крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдарының халықаралық федерациясы және тағы басқалары.
– Ал осы нарықтағы қазақстандық кәсіпкерлердің қатысу деңгейі қандай?
– Бұл арада, тағы қайталап айтамын, біздің агенттіктің мақсаты – отандық кәсіпорындарды гуманитарлық ұйымдардың сатып алуларына қатыстыру. Бұл ретте біз екі бағытты түздік: бүгінгі күнге қажетті іс-шаралар және стратегиялық жобалар. Бастапқысында біз қазақстандық кәсіпкерлерді БҰҰ-ның үміткер жеткізушілер базасына тіркеуді көздейміз. Бүгіндері көптеген отандық кәсіпорынның басын құрап, тізім жасадық. Сондай-ақ біз күнделікті гуманитарлық ұйымдардың тендерлерін бақылап отырамыз. Өйткені сатып алулардың барлығы тендер арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан біз күнделікті жүйелі түрде гуманитарлық ұйымдардың базаларын бақылап, қажетті мағлұматты отандық кәсіпорындарға жеткізіп отырамыз.
– Нақты мысал келтіре кетсеңіз...
– Мысалы, жыл басынан бері көптеген тендер болды. Соның бәрін қоғамға жеткізіп отырдық. Соның бірі – палатка, көрпе-төсек жабдықтары, гигиена заттары секілді 13 тауарлық позиция бойынша. Оған 26-ға жуық отандық кәсіпорын қатысуға ықылас білдірді, оның тек сегізі ғана өз ұсыныстарын жіберді. Атап айтар болсақ, БҰҰ-ның Ирактағы миссиясының, БҰҰ-ның Тәжікстандағы Дамыту бағдарламасының, Қызыл крест және Қызыл Жарты Ай халықаралық федерациясының тендерлері. Соңғысының тендерін отандық екі кәсіпорын ұтып алып, 10 миллион теңгеге қажетті тауарлық заттарды жеткізді.
– Бұл тендерге қатысу талаптары жоғары бола ма?
– Иә, сатып алуларға қатысу кезінде бұл нарықтың өзіндік ерекшелігі бар және де ол түсініктеме беруді қажет етеді. Сол себепті мұндай тендерге қатысар алдында отандық кәсіпорындарды гуманитарлық ұйымдардың нарығына қатысу талаптары мен басқа мағлұматтары бойынша қолымыздан келгенше көмек көрсетіп отырамыз. Осы мақсатта біз арнайы нұсқаулықтар басып шығаруды дәстүрге айналдырдық.
Халықаралық талаптарға кәсіпорынның сыртқы және ішкі жұмыстарының бәрі сәйкес болуы тиіс. Сондықтан өткен жылы біз отандық 50 кәсіпорынға аудит жүргіздік. Соның ішінде бесеуіне халықаралық аудиторлық компанияны тарттық.
2010 жылы сегіз отандық кәсіпорын біздің агенттіктің көмегі арқылы АҚШ-тағы гуманитарлық көмек тақырыбына арнайы өткізілген «AIDF-2010» көрмесіне қатысып келді. Биыл Дубай қаласында өткен «DIHAD-2011» көрмесінде болып қайттық. Өткен жылы қазан айында Алматы қаласында арнайы гуманитарлық көмек жөнінде көрме өткіздік.
– Ал стратегиялық жобалар нені мақсат етеді?
– Стратегиялық бағытта екі жобаның концепциясын жасау үстіндеміз: «Гуманитарлық көмекті Орталық Азиядан Орталық Азияға және Ауғанстанға жеткізу» және «Қазақстанда халықаралық гуманитарлық ұйымдардың қоймасын ашу». Бірінші жобаның мақсаты мен бағыты – Орталық Азия аймағында жұмыс істеп жатқан ғаламдық гуманитарлық ұйымдарды жергілікті нарықтағы тауарлар жөніндегі ақпаратпен қамтамасыз ету, өйткені олардың көбісі жергілікті нарықтың ерекшелігінен, ондағы тауар түрлерінен бейхабар екен. Сондықтан олар өздері бұрыннан қарым-қатынас жасап келе жатқан сырттағы тұрақты нарықтың қызметіне жүгіне береді. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз жергілікті нарықтың барлық мүмкіндігін айшықтауға тырысып жатырмыз. Атап айтар болсақ, түрлі көрме ұйымдастыру, арнайы каталог жасау, екіжақты кездесулер өткізу арқылы. Тағы бір жағынан, жергілікті кәсіпорындарға қолдау көрсетуді күйттейміз. Гуманитарлық ұйымдар қандай тауар, оны қандай жағдайда сатып алады, тендерге қалай қатысу керек деген сауалдарға жауап бере отырып, біз отандық кәсіпорындарды осы нарыққа шығуға дайындаймыз.
Екінші жобаны кезінде еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған. Көптен бері министрлік осы жұмыспен айналысып келеді. 2010 жылдан бастап біздің агенттік осы жобаны алға бастыру үшін қосымша шараларды ұйымдастырып жатыр. Өйткені мұндай қойма Қазақстан территориясында орналасатын болса, ол отандық кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндіктің жолдарын ашады.
– Жоғарыда гуманитарлық ұйымдардың сатып алуларына қатысатын үміткер отандық кәсіпорынның тізімін жасадық дедіңіз. Оған қатысу-қатыспау мәселесі қандай жағдайда шешіледі?
– Мысалы, Алматыда 26-27 қазан аралығында «Халықаралық гуманитарлық ұйымдармен бизнес жүргізу» атты тақырыпта екікүндік бизнес-семинар өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған БҰҰ-ға енетін гуманитарлық ұйымдардың өкілдері келетіндігін мәлімдеді. Осы шараны өткізуге ұзақ келіссөздердің арқасында қол жеткіздік. Өйткені бұл жай ғана семинар емес, халықаралық деңгейдегі келіссөздер форматы деп айтсақ болады. Міне, осындай деңгейдегі жиын ғана отандық кәсіпорындардың гуманитарлық сатып алулар талаптарымен жақын танысып, осы нарықтың үміткер жеткізушісі болуына мүмкіндік береді. Ал семинардың екінші күні екіжақты іскерлік кездесулерге арналған. Бұл іскерлік кездесуге қатысу үшін БҰҰ-ның белгілеген негізгі талаптары бар. Сондықтан біз алдын ала оған қатысатын кәсіпкерлердің тізімін жасап жатырмыз.