«Халал» дегеннің бәрі «Халал» емес
«Халал» деген белгі көрсеңіз, адал екен деп ала беруге болмайды. Себебі бүгінде аталған таңбаны заңсыз қолданатындардың қарасы көбейген. Кейде өндірушілердің өздері де өніміне жабыстырып қоятын болған.
 
Сонымен бірге халал сертификат табыстаумен айналысатын бірнеше орталық болғандықтан, бір-бірін мойындамайтыны тағы бар.
 
Арагідік кәсіптеріне қатысты күмән туып, «логотиптің» сатылатыны туралы да сөз қозғалады.
 
Мұның бәрін бір жолға қою үшін бірыңғай стандарттау қажет секілді. Осы тақырыпта Ұлттық аккредитация орталығы брифинг өткізген еді. Халал белгісін беретін орталықтар координациялауды қолдай ма? Қолға алынған жағдайда не нәрсе ескерілуі керек?
 
Соңғы кезде әлем бойынша халал стандартқа сұраныс өсіп келеді. Халық тек шұжық не ет өнімдеріне келгенде емес, жалпы қолданыста табиғи, зиянды қоспасыз өнім қолдануға тырысатын болды. Ендеше ішетін тамақ пен тұтынатын тұрмыстық өнімдердің стандартқа сай болуымен қатар, сол арнайы белгіні беретін мекеменің де тиісті рұқсаты, бағынатын талап-шарты болғаны дұрыс.
 
«Сауда орталықтарында, дүкендердің сөресінде «халал» белгісі бар өнімді көп көреміз. Оларды сертификаттаумен профильді органдар айналысады. Дегенмен кей жағдайда оны өндірушілердің өзі де салып қоятын жағдай болады. Қазір Қазақстанда жеті ұлттық стандарт бар. Бірақ тиісті заңнама болмағандықтан, сертификаттау органдары координациялау барысында өз білгеніне салуына болады», &ndash дейді Ұлттық аккредитация орталығының жетекшісі Виктор Томасевич.
 
Расында, «халал» белгісін өздігімен салатындар аз емес. Мәселен, ҚМДБ беретін жасыл-сары таңбаны қолданып, мейрамханасының маңдайшасына немесе шұжықтың сыртына салып қоятындар бар. Әлбетте, мұндай заңбұзушылықпен «Халал Даму» байқаған сәтте-ақ күреседі. Өткен жылы «Бакара», «Жасмин» сауда белгілері, Daiar асханасы және бұдан өзге бірнеше өндірушінің «ҚМДБ халал» логотипін заңсыз қолданғаны туралы мәлімдеген еді.  Сонымен бірге аймақтарда да заңға қайшы осындай әрекеттер дер кезінде реттеліп отырады.
 
Жалпы алғанда, азық-түліктің сараптамасын Кеден одағының техникалық регламенті бойынша жүргізетін аккредиттелген субъектілер тізімінде 175 зертхана бар екен. Сонымен қатар азық-түлік өнімдерін сертификаттайтын 49 орган бар. Бұл деректі Ұлттық аккредитация орталығынан алдық. Ал аккредиттелген зертханалардың ішінде ДНҚ идентификациясын жасауға тек 37 зертхананың мүмкіндігі бар. Елімізде табиғи өнімдер шығарылғанымен, оны серти­фикаттау шетелдік органдардың қолында. Өйткені әзірге отандық мекемелер мұнымен айналыспайды. Осы ретте бұған баса мән беріп, органикалық өнімге баға беруді өз ішімізде қолға алу туралы бастама жасалып отыр.
 
Осы орайда, «халал» белгісін берумен айналысатын, ҚМДБ жанынан ашылған «Халал Даму» стандарттау және серти­фикаттау орталығына хабарластық. Ор­талық директоры Айбек Аташев ха­лал мәселесінде күрмеуі шешілмеген мәселеге тоқталды.
 
«Ең бірінші мәселе &ndash бір орган берген халал сертификатты екінші орган мойындамайды.
Екіншіден, бір елдің ішінде тұрып, бір-бірімен байланыста жұмыс істемейді.
Үшіншіден, бі­неше халал белгісінің болуы тұтынушылар арасында түсінбеушілік тудырады.
Төртіншіден, халал таңбасын беруші ме­кемелер арасында бәсекенің болуы себепті коммерциялық басымдыққа ие болады. Халал сертификатының сатылуы, ха­лал сертификаттау дін жанашырлары тарапынан бақыланбағандықтан, жеке кәсіпкерлердің ақша табу құралына айналады.
Бесіншіден, халал стан­дарт­тардың әр мекемеде әр­түрлі қол­данылуына байланысты сертификаттау сала­сында біріз­ділік болмай, кәсіп­орындар мен тұтынушылар зардап шегеді.
Алтыншы мәселе &ndash аралас өндіріске, яғни бір өндіріс орнында «халал» және «халал емес» өнімдер өндірісіне рұқсат беруі.
Жетіншіден, «халал» &ndash Ислам дініне ғана тән ұғым. Сол себепті халал сертификаттау жұмысын кәсіби технологтермен қатар, шариғат мамандары жүргізуі тиіс.
Ал жеке­мен­шік сер­тификаттаушы кәсіп­орындарда шариғат мамандары жоқ», &ndash дейді Айбек Асқар­бекұлы.
 
Бүгінде Қазақстанда екі ұлттық стан­дарт бар: ҚР СТ 1353-2005 «Халал» шұ­жықтар» және ҚР СТ 1632-2007 «Туристік экскурсиялық «Халал» қонақүй қызметі. Классификация». Бұл стандарттар қазір қайта қаралып жатыр деседі. Ал халал белгісін берумен айналысатын 5 ұйым бар. Олар: «Халал Даму» ЖШС, Halal quality center ЖШС, Қазақстанның халал ин­дустриясы қауымдастығы, Halal services Alliance ЖШС және Halal Holding ЖШС. Ұлттық аккредиттеу орталығы осы ретте мойындайтын, реттейтін үшінші тарап қажет деп есептейді.
 
«Халал Дамудың» 2021 жылға қойған мақсатының бірі &ndash Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетіне қарасты Ұлттық аккредиттеу орталығынан аккредитациядан өтуге толық мүмкіндікті қарастыру. «Бұл мақсаттағы шаруаларға толықтай дайынбыз. Бұл &ndash қазіргі күннің талабы, яғни өзіміз үшін өте қажет. Ел аумағында халал өнімдерін сертификаттау жөніндегі органдарды үйлестіру үшін заңнаманың болмауына байланысты кез келген кәсіпорын өзінің білімі мен іскерлігіне негіздей отырып, халал сертификаттау саласында жұмыс істей алады. Халал аккредиттеу және сертификаттау &ndash жеке өнімнің немесе қызметтің жан-жақты зерттелгенінің және ислам ережелеріне, халал стандарттары мен рәсімдеріне сәйкес келетінінің кепілі. Халал сертификатының тиісті құрылымы болмаса, халал сертификатын беру жүйелілік пен құзыреттілікке қатысты қолайсыз жағдай тудыруы мүмкін. Сондай-ақ халал таңбасы бар өнім тұтынушыларды алдауға әкелуі мүмкін», &ndash дейді Айбек Асқарбекұлы.
 
Қазақстанның халал индустриясы қауымдастығының төра­ғасы Марат Сәрсенбаев халал белгісінің берілуі заңмен бекітілгенін айтып отыр. «Халал» таң­басын беруде координациялау қажет. Бәрі заң жүзінде, Әділет министрлігімен бекітілгені жөн. Себебі қазір логотипті әркім қалауынша қойып алып жүр. Аккредитациялауды да қолдаймын. Сонымен бірге шетелден келетін өнімдердің де аккредитациядан өткені жөн болады. Бұл біздің елдің беделіне оң әсер етеді. Халал өнімдерге сұраныс жыл өткен сайын өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Мысалы, Еуропада халал комитеттері бар. Тіпті, мұсылманы аз елдердің өзінде аталған коми­теттер жұмыс істейді. Сол себепті жүйелеуге қосыламын», &ndash дейді Марат Ағыбай­ұлы.
 
Халал белгісін беруде өзге елдердің тәжірибесіне келсек, Өзбекстанда «Узстандарт» агенттігіне қарасты Стандарттау, сертификаттау және техникалық реттеу ғылымизерттеу институты құрылған. Осы мемлекеттік мекеме «халал» стандартына сәйкес сертификаттаумен айналысады. «Халал» сертификатын берудің қысқаша тәртібіне қатысты комиссия құрылады. Ол комиссияның құрамына діни басқармадан, санитарлық-эпидемиологиялық орталықтан, ветеринарлық кабинеттен, т.б. қажеттілікке қарай тәуелсіз сарапшылар қатысады. Аудит жұмыстары жүргізілгеннен кейін, тәуелсіз сарапшылар мен бақылаушылардың қорытынды пікіріне сәйкес, сертификаттау немесе сертификат­тамау туралы шешім қабылданады. «Осы мәселелерді шешудің ең оңтайлы жолы &ndash мемлекеттің және ҚМДБ-ның бақылауымен «Ұлттық халал стандарты» құрастырып, жекеменшік сертификаттаушы органдар жұмысын ҚМДБ «Халал Даму» өкілеттігі негізінде жүйелеу қажет. Өйткені халал өнімдеріне қатысты туындаған мәселелерді шариғат талабына сай жүйелеу &ndash басты міндеттің бірі. Халал сертификат беруде бәсеке емес, шариғат талабын орындау аса маңызды» деп түйіндеді «Халал Даму» төрағасы. Расында, халал индустриясының қарқыны күшейіп келеді. Бұрын тамаққа қатысты деп қарайтын болса, қазір өмірдің барлық аспектілерінде қолданылу­да. Ендеше заңмен бекітіліп, стандарттың бірізге қойылғаны мұсылман қауым үшін қуанышты жаңалық болар еді. Бастысы, «халал» терминінің бірінші кезекте Ислам дініне қатысты екені ескеріліп, шариғи білімі бар мамандар тартылса болғаны.