Хакім Суербаев: Мұнайдың 47 пайызы елде өндірілетін болса, әлемдік нарықтағы мұнай бағасын аңдып отырмайтын едік
- Хакім Абдрахимұлы, қазір әлемдік нарықта мұнай бағасы да күннен күнге күрт төмендеп барады. Мұны ескерген қайсыбір мамандар әлем енді «шикі мұнайды өндіре беруге емес, мұнай химиясын дамытуға айрықша мән бере бастайды» деп отыр? Сіз осы саланы зерттеп жүрген маман ретінде отандық мұнай химия саласының аяқ алысы туралы не айтасыз?
- Бұл ретте мен сізге бір ғана мысал айтайын, біз мұнайға бай мемлекетпіз. Мұнай қорымыздың молдығы жағынан әлемдегі мұнайлы деген 15 мемлекеттің қатарына енеміз. Ойлап қарасақ, қазір әлем елдерінің басым бөлігінде мұнайдан кір жуғыш заттары, әртүрлі пластикалық заттар, кеңсе заттары, үй жиһаздарына дейін алынады. Мұнай химиясын жетік меңгерген елдер шикі мұнайды терең деңгейде ұқсатып отыр. Ал біз шикі мұнайды сыртқа сатқанымызға ғана мақтана аламыз. Бүкіл әлем қазірде мұнай шикізатынан алынатын өнім көрсеткішін 92-94 пайызға дейін жеткізуге талпынып жатыр. Біз керісінше, өндіретін мұнайдың 90 пайызын шикі күйінше экспорттап жатырмыз. Бұл – өте үлкен олқылық. Бүгінде біз мұнай шикізатының аз ғана бөлігін мотор отындары мен дизельді отын ретінде қолданып жатырмыз. Оның өзінде отандық тұтынушыларды аталмыш өнімдермен толықтай қамтамасыз етуге қабілетіміз жеткіліксіз. Өзіңіз білесіз, қазір бірқатар әлем елдері моторлы отындарға қатысты Еуро-5 стандартына еніп кетті. Өкінішке қарай, Қазақстан бұл межеде әлі Еуро-2 стандартына иек артып отыр. Мұның өзі біздің мұнай өңдеу саласының кенжелеп қалғандығын айғақтап тұр. Негізінен дамушы және дамыған елдерде мұнай өңдеу зауыттарының қасында міндетті түрде мұнай химия өндірісі болады. Осы өндіріс орындары арқылы олар мұнайдан қосалқы өнім алады. Ал біздегі Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттары тек қана мотор отындарын шығарып отырғанның өзінде халықты сапалы жанар-жағармаймен, дизельді отынмен қамтамасыз ете алмай отыр. Меніңше, осындай жайттардан кейін қазақ мұнай химия өнеркәсібі жайында мақтанудың еш қажеті жоқ.
- Білесіз, бүгінде елдегі мұнай өңдейтін зауыттардың дені шетелдік алпауыттардың қолында. Мүмкін, бізге сол алпауыт қожайындарды мұнай химия өндірісін өркендетуге мәжбүрлеу керек шығар?
- Егер Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 47 пайызы елде дайын өнімге дейін өндірілетін болса, мұндай жағдайда әлемдік нарықтағы мұнай бағасын аңдып отырмайтын да едік. Мұнайды тек қана шикізат ретінде алып сата берудің нәтижесін міне көріп отырмыз. Қазір әлем даурығып кетті. Биржада шикі мұнай қорының көбейіп кеткені соншалық тіпті оны сатып алатын да адам болмай тұр. Сондықтан бұл арада «болашақта мұнай химиясына мән беріле бастайды» деген пікірлер орынды. Осыған орай алдағы уақытта біз елдегі мұнай өңдейтін зауыттардың шетелдік қожайындарына «зауыттың қасынан мұнай химия өндірісін ашасың, осыған инвестиция құясың» деп табандап отыра алсақ қанекей. Мұндай табандылық танытсақ, нақ қазір сіз бен біз екеуміз «қазақтың мұнай химиясы екі инінен қиналып дем алып тұр» деп отырмас едік. Біз кезінде тәуелсіздік алған жылдары мұнай өндіру, мұнай өңдеу салаларын өзіміз игеріп кете алмадық. Бұл түсінікте де еді. Ол кездері халықты жаппай кедейшілік жабырқатты. Білікті мамандар мен технологиялық базамыз мүлде жоқ болды. Ол кезеңдердегі басты мақсат - елді жоқшылықтан белін бүгілдіртпей алып шығу еді. Осыдан барып біздің мұнай-газ саласына шетелдіктер дендеп ене бастады. Басында олар табалдырығымыздан имене аттаса, қазір тіптен билеп-төстеуге айналды. Бұған дәлел, қазірде сол шетелдік мұнай өңдеуші компаниялар еліміздің экологиялық заңнамаларын өрескел бұзып отырғаны өз алдына қазақтың құқын бұзып, қол астындағы жұмысшыларының еңбегін қанауға дейін барып жатыр. Әлбетте оларға қазақтың мұнай химиясының өркендегені қажет емес. Олар шикі мұнайды экспорттау арқылы байлыққа кенеліп жатыр. Сондықтан өз басым сіздің «алпауыттарды мұнай химия өндірісін өркендетуге мәжбүрлеу керек шығар» деген пікіріңізбен келісемін. Сөз жоқ, мұнай қазынасын армансыз ақтарып-қопарып жатқан шетелдіктер мұнай химиясына инвестиция салуы керек. Егер елде мұнай химиясы өркендейтін болса онда біздің тұрмысқа қажетті заттарымыз түгел өзімізден өндірілер еді. Бұл бағытта үш жылдық межеде нақты-нақты жобалармен жұмыс істеу бізге аса қажет болып отыр. Ендеше Үкіметтің құлағына «алтын сырға» деп қоялық.
- Негізінен қазірде мұнай химиясына реформа енгізу мақсатында мұнай өңдейтін зауыттарды модернизациялау қажеттігін жиі қаузайды. Жалпы, нақ қазіргі уақытта мұнай зауыттарын модернизациялаудың мәні қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
- Модернизация дегеніміз – мен жоғарыда сөз еткендей дамыған елдердегі тәрізді мұнай өңдейтін зауыттардың қасынан мұнай химия өндірісін ашу. Құзырлы органдар бүгінгі жағдайда мұнай өңдейтін зауыттарды модернизациялау саясатына енуді көздеп отырса, мұны кешіктірмегендері жөн. Мұндай реформа нақ қазір бізге керек. Талдап айтатын болсақ, жалпы мұнай өңдеудің бірнеше әдіс-тәсілдері бар: біріншілей айдау, крекинг, риформинг, гидрокрекинг, гидротазалау және басқалар. Мұнайдан бізде негізінен бензин, дизель отыны, мазут алынады. Біз осы мазутқа дейін өнім аламыз да әрі қарай қазбаламаймыз. Ең өкініштісі, бізде мұнай қоры көп бола тұра біз бензинді, дизель отынын, ұшақтарға қажетті отынды, жағар майларды көршілес Ресей елінен импорттаймыз. Қанша байлығымыз бола тұра өзгенің өніміне көз сүзіп жалтақтаймыз. Міне, осы мәселелерді шешу үшін тез арада мұнай өңдейтін зауыттарды модернизациялау үрдісін қолға алғанымыз жөн. Әрине, бұл үшін біраз уақыт кетер, десек те, мұнай химиясына бойлап ену үшін бұл үрдісті осы бастан қолға алу қажет.
- Жалпы, өзіңіз айтып отырғандай соңғы дайын өнімге дейін өңдеу үшін болашақта біз қандай жайттарға басымдық беруіміз керек? Бұған қатысты нақты қандай ұсыныстар білдірер едіңіз?
- Біздің мұнайымыздың бір ерекшелігі, мұнайымыздың құрамында күкірт қосылыстары көп. Осы жағынан алғанда мұндай мұнайды өңдеп одан өнім алу күрделілек. Бұған қоса біз табиғи газға бай елміз. Біздің газымыздың басым көпшілігі мұнайымызға ілесіп шығады. Өкініштісі, қазірде осы мұнаймен ілесіп шығатын ілеспе газды ұқсату жағы да бізде өте төмен. Себебі ол газды ұқсату үшін алдымен күкірт қосылыстарын Клаус тәсілімен арылтып элементті күкіртке айналдыру керек. Ал алынған элементті күкіртті сатылымға шығарғанмен қазір еш пайда жоқ. Әлемдік нарықта бүгінде элементті күкірттің бағасы тым төмен. Сондықтан тек қана пайда табуды көздейтін шетелдік алпауыттар бұл жерде қазақтың мұнайын ғана емес, газын да ысырап етіп отыр. Әрине, бұл мәселе қазір біртіндеп қолға алына басталды. Қазірде Құмкөл кенішінде ілеспе газды тазарту, оны өнім ретінде пайдалану жүзеге аса басталды. Бірақ көп кеніштерде ілеспе газ ашық аспанда еш пайдаланылмай жанып жатыр. Газдың бұлай ашық аспанда жануы экологиялық тұрғыда өте зиянды. Міне, тек қана ақша табуды көздейтін алпауыттар қазақтың мұнайын ғана емес, газын да осылай ысырап қылып жатыр. Бұдан шығатын қорытынды өазір қазақтың мұнайы ғана емес, газы да ысырап болып жатқанын көрсетеді. Осы ретте айтарым, осы мәселеге қатысты салмағын бойына жиған шешімдер қабылдауы керек. Осы саладағы бақылау пакетінің басым үлесі Қазақстанның еншісінде болуы қажет. Былайша айтқанда «жіліктің майлы басы біздікі» болуы керек. Жалпы, өзге елдер осы мұнай-газ саласына айрықша назар аударады. Мұнайды ақырына дейін өңдеу әдісіне бүгінде Германия, Израил тәрізді елдер қатты назар аударуда. Тіптен алысқа бармай-ақ көрші Ресейді мысалға алайық, Ресейде тек қана осы мұнай химия өнеркәсібіне қатысты мамандар дайындайтын арнайы жоғары оқу орындары бар. Біз тек осы салаға қатысты бірді-екілі факультеттер ашумен ғана шектеліп отырмыз. Ол факультеттердің өзінде мұнай химиясын тереңдеп оқытпайды. Сондықтан мәселеге ғылыми тұрғыда мән беретін болсақ, мұнай-газ саласын өркендету үшін мынадай жайттарға назар аударған жөн:
а) Маман біліктілігін арттыру керек. Ол үшін көрші елдердегі тәрізді арнайы мұнай химия өнеркәсібін тереңдетіп оқытатын оқу орындары ашылуы керек. Технологиялық базамыз қуатты болуы керек. Біліктілікпен қоса, отандық өндіріс қуаттылығы артуы қажет...
ә)Мұнай өндіруші, мұнай өңдеуші компанияларды мемлекет қарамағына алғаны жөн. Өйткені біз барлық тізгінді шетелдік алпауыттарға беріп қойдық. Мұның ақыры «жаман үйдің қонағы билейді» дегенге әкеліп отыр.
б) Бұдан соң қандай шешім қабылданса да халықтың мүддесі ескерілуі керек. Егер әркімге бір жалтақтап, өзге жұрттың бабын таба берсек, онда күні ертең келер ұрпақтың алдында дидарымыздың төменшіктеп қалатыны һақ.
в) Бұдан соң мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялауды бастау керек. Бұл мұнай химия өнеркәсібіне жан бітіретін үрдіс.
- Жалпы, осы айтылған ұсыныстарыңыз ескеріліп «міне, қаржы, міне, қолдау әрекет ет» десе біздің ғалымдарымыздың яғни сіздердің осы салаға байланысты селт еткізер жаңалықтарыңыз бар ма осы?
- Неге болмасын, бар әрине. Қазақстан ғалымдары қазірдің өзінде селт еткізер жаңалықтардан кенде емес. Бірақ қазақ ғалымдарын капитализмнің қанын бойларына сіңірген шетелдік алпауыттар маңына да жуытпайды. Бізді қынжылтатыны осы. Осыдан барып, қазақ өзінің мұнайына иелік еткенде ғана қазақ ғалымдары мұнай химиясына араласа алатынын түсінесің. Қазір шетелдік алпауыттарға ең тиімдісі - мұнайды шикі күйінше сыртқа экспорттау болып отырғанын мен жоғарыда айтып өттім. Өзіңіз ойлаңызшы, шикізат күйінде сатып пайдаға белшеден батуға болатын болса, оны химиялық тәсілмен өңдеп жын ұрып па?
- Бұл жерде мүмкін, жаңалық ашып бәйгеге түсу жағынан өнертапқыштарымыз селқос шығар...
- ... Бұл пікіріңізбен мен келіспеймін. Бізде өндіріске енсе жанып кетер жаңалықтар баршылық. Бір ғана біздің «Мұнайхимиялық синтез» зертханасы турасында сөз етер болсақ, біз осыдан біраз уақыт бұрын жүрек дертін емдейтін валидол, корвалол, құрт ауруына қарсы ПАСК дәрісі, солицель қышқылы және аспирин тәрізді дәрілерді өзіміз жасаған жаңа, экологиялық тұрғыдан таза, ұтымды тәсілдермен өндіруге болатынын дәлелдедік. Білетін шығарсыз, қазірде біз бұл дәрілерді Украина, Ресейден импорттаймыз. Осы дәрі-дәрмектерді Қазақстанға шығара алатынымызды дәлелдеп, оған тиісті орындар тарапынан берілген арнайы лицензиясын, патентін бәрін алдық. Бұл дәрілерді осы жасалған жаңа тәсілдермен өнеркәсіптік түрде өндіру Елбасының өзі қол қойған «Қазақстан Республикасының фармацевтикалық және медициналық өнеркәсібін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына» (1997 жыл) кірілген еді. Бірақ ол сол күйінше өндіріске де енгізілмеді, жарқ етіп жарыққа да шықпады. Себебі елдегі кәсіпорындар «отандық өнімді өндіріске енгізгеннен гөрі шетелден импорттаған тиімді» деп шешті. Біз әлі күнге дейін осы аталған дәрілерді шет елдерден тасымалдаймыз. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Отандық нарықта қазір Үндістаннан, Германиядан, Түркиядан, Қытайдан келген дәрілер қаптап кетті. Тиісті орындар мұның соңы ұлт денсаулығына, айналып келгенде өзінің ұрпағының денсаулығына қауіп төндіретінін сезбей ме, әлде сезінгісі келмей ме, түсініксіз. Біз даму үстіндегі елміз. Үнемі ізденісте жүрген елміз. Алдыңғы саптан көрінуді мақсат тұтсақ біздің құзырлы орында отырған азаматтар сала мамандарының тарапынан айтылған ұсыныстарға мән беруі керек. Сонда ғана бізге бәсекеге бәс тіге алатын елге айналу жеңіл әрі тиімді болады. Міне, атқамінерлер осыны түсінуі тиіс. Ал мұны қолында билігі бар азаматтар түсінбесе, біздің қолымыздан ештеңе келмейді. Сондықтан біздің атқарушы билік басында отырған азаматтар уақыт өте келе шикі мұнайдан түсетін табыстың азая беретінін, шикі мұнайға экономиканы байлаудың мәңгі пайда әкелмейтінін осы бастан біліп, сезініп, бұған жанама қосымша әрекеттерді тәжірибе жүзіне енгізу керек.