Үстемесіз несие түсімізге кіріп жүр
Әлемді шарпыған қандай қаржы дағдарысының тұсы болмасын Ислам банктері тек қана пайдаға жұмыс істеген. Халықаралық сарапшылардың дені қазірде осылай деп отыр. Бұл ретте кеше ғана ресейлік экономист-сарапшы Михайл Хазин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «қазірде 13 мың жылдық өтілнамасы бар Ислам банктеріне әлем елдері айрықша назар аударып отыр. Ислам қағидаларына, ислами шариғаттарға сүйене отырып халықты барынша тығырыққа тірейтін «рибаға» яғни, шектен тыс өсімалушылыққа жол бермейтін мұндай банктердің қызметі бүгінде халықаралық қаржы саласында өте жоғары бағалануда» деп жазды.
Ислам қаржыландыру жүйесінің маңыздылығы сол - мұнда ақшаны несиеге беріп, одан үстемақы алу харам саналады. Бүгінде әлем елдері бойынша 50-ден астам елде 300-ге тарта Ислам банктері жұмыс істейді. Олардың активтері шамамен 700 млрд 1 млн АҚШ долларына тең. Ислам банктерінің қызмет ету аумағы тек араб елдерінде ғана емес, АҚШ, Канада, Ұлыбритания елдерінде де қанат жайған.
Ал біздің елімізде қазірде мұндай банктер қызметін тек «Әл-Халал» банкі атқарып отыр. Тиісті орындар биылғы жылдың соңына дейін «Заман-банк» деп аталатын тағы бір халал банк ашылатынын құлаққағыс жасаған-ды. Расын айтуымыз керек, әзірге ислам банк жүйесі қазаққа таңсық? Алаш айнасы осыны ескергендіктен бұл жайтты да тақырыпқа арқау етуді жөн көрді.
Сөйтіп, ислам банкіне, оның қаржылық өнімдеріне, ислами құнды қағаздар нарығына деген сұраныс қазірде әлем бойынша артып отыр. Ал біздегі 50 мыңға жуық қауымның халал банктерге қатысты сауалнама қортындысы көңіл көншітпейді. Қорытындығы қарап мамандар «елде әлі де болса Ислам банктеріне қатысты насихатты күшейту қажет деседі.
Біле білсек, бізде республика аумағына исламдық қаржылық өнiмдерін енгiзу туралы бастама көтерiлгелi бiраз уақыттың жүзi болды. Осы орайда заңға өзгерiстер енгiзу туралы мәселенi 2007 жылы Алматы қаласының аймақтық қаржылық орталығының қызметiн реттеу жөнiндегi агенттiгi де қозғаған болатын.
Жалпы, исламдық қаржыландыру жүйесi жайында сарапшылардың пікірі оң. Олардың ойынша, біз ислами құнды қағаздар нарығына кеңінен араласуға қол жеткізуге тиіспіз. Бұл ретте қажет болса ұлттық әл-ауқат қорлары да іске белсене кіріскені жөн.
Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:
- Исламдық қаржыландыру жүйесінде инвесторларға шариғат заңдарына сәйкес келмейтiн жобаларды қаржыландыруға рұқсат жоқ. Исламдық инвесторларға арақ-шарап, темекi, шошқа өнiмдерi, көңiл көтеретiн орындарға қаржы салуға, олардың акцияларын сатып алуға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ исламдық банк жүйесінде исламдық құнды қағаздар деген болады. Ислами құнды қағаздарды «сукук» деп атайды. «Сукук» сөзі араб тілінде «заңды құжат», «акт», «түбіртек» деген мағыналарды білдіреді. Сукук – шариғат заңдылықтарын сақтай отырып әрекет ететін құнды қағаз. Сукук бойынша берілген қарыз ақша үшін ешқандай үстеме ақы қосып толеу міндеті жүктелмейді. Жобадан түскен пайдадан ғана серіктестер өзара тиісті олжаларын бөліп алады. Өз басым, мұндай тәсіл біз үшін тиімді деп ойлаймын. Сондықтан біз жұртшылыққа ислами құнды қағаздармен кеңінен жұмыс істеуге мүмкіншіліктер жасауымыз керек.
Нақ осы сукук облигацияларына қатысты мамандардың пайымдауынша, бұл құнды қағаздарға қазірде тек мұсылман елдері ғана емес Батыс елдері де асқан қызығушылық танытуда. Мысалы, таяуда ғана Ұлыбритания елі сукук құнды қағаздарын қолданысқа енгізгілері келетінін мәлімдеді. Бұған қоса көршілес Ресей елінде де биылғы жылдың аяқ шенінен бастап үш бірдей компанияның исламдық лизинг жүйесіне көшетіні белгілі болды. Ал ТМД елдері бойынша ислами құнды қағаздар шығаруға Әжірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері өзіндік бағыттарды ұстанып отыр.
Сондай-ақ дерек көздері ислам банктерінің қызметіне жүгіну, осы банктердің сенімді тұтынушысы болу үрдісінің де көрсеткіші әлемдік тұрғыда өсім беріп отырғанын көрсетеді. Мәселен, әлемдегі алдыңғы қа-тарлы банктер – JP Morgan, Deutsche Bank, ABN Amro, IAG, Citibank Chase Manhattan және Hong Kong & Shanghai Banking Corporation өздерінің құрылымында ислами банкке арналған арнайы бөлімдерін аш-қан. Қаржы дағдарысына дейінгі исламдық банктердің жылдық даму динамикасы қарқынды түрде артып, 10-15 пайызды құраған. 2013 жылы ислами банктерге тиесілі активтердің құны 1,6 трлн АҚШ долларына жетеді деп күтілуде. Ислам банктерінің ең үлкен орталықтары Иранда, Сауд Арабиясында және Малайзияда орналасқан. Ислам негізіндегі қаржыландырудың 56 пайызы Таяу Шығыста шоғырланған. 2010 жылы Германияда ислам банктері жүйесі құрылды.
«Мұдараба» депозитінен хабарымыз бар ма?
Мұдараба депозиті капиталы бар мен тәжірибесі бардың бірлігіне негізделеді: олардың бірініші тарабы яғни біз банкке капиталды ұсынсақ, банк оны басқаруды ұсынады. Бұның себебі «халал» (заңды) пайда табуда; Аталған пайда олардың арасында алдын ала жасалған келісім бойынша үлестіріледі, сонымен бірге шығындарды капиталдың басқарушы иегері яғни банк тартады. Ал капитал салушы жылма-жыл шығынсыз сыйақыға ие болып отырады. Ең тиімдісі, мұдараба арқылы депозит ашқан адамның депозиті инвестициялық жобаларға салынып отырады. Ал ол жобадан түскен пайда сыйақы ретінде салымшыға беріліп отырады.