Ұлттық Банк банктердің кредиттеу кезінде алатын комиссиялар туралы айтып берді
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Банктер туралы заңға сәйкес банк қызметін көрсеткені үшін сыйақы мөлшерлемесі мен комиссияларды, сондай-ақ тарифтерді екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар (бұдан әрі – банктер) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып, өздігінше белгілейді.
Бұл жөнінде Қазақстан Ұлттық Банкінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Александр Терентьев БАҚ өкілдерімен және қоғамдық бірлестіктердің басшыларымен кезекті кездесу барысында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып айтып берді.
«Банктер туралы заңға 2011 жылғы ақпанда банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар банктік қарыз шарттарында қарызды берумен байланысты алуға тиісті комиссиялар мен олардың мөлшерінің толық тізбесін көрсетуі міндетті және біржақты тәртіппен жасалған шарттың шегінде комиссиялардың жаңа түрлерін енгізуге құқығы жоқ деген норманы енгізді», – деді А.Терентьев.
Осылайша 2011 жылдан бастап банктер банктік қарыз шарттарында көрсетілген комиссияны ғана алуға құқылы. Ол банктік қарыз шарттарында іс жүзінде банктер несие шотын жүргізу үшін комиссия (НШЖК) алу жағдайлары анықталғанын атап өтті.
«НШЖК банктік қызмет көрсетуге байланысты комиссия болып табылмайды. Ұлттық Банк мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып НШЖК алудың заңды екендігін бағалау бойынша жұмыс жүргізді. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша банктердің қарыз алушылардан НСЖК алу бойынша іс-қимылдары заңсыз деп бағаланды, себебі осы шот банктік болып табылмайды», – деді А.Терентьев.
Ол банктердің НШЖК алуды тоқтату бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы мақсатында Ұлттық Банктің 2014 жылы бұзушылыққа жол берген банктерге қолданыстағы банктік қарыз шарттары бойынша НСЖК алуды тоқтатуға ұйғарым ретінде шектеулі ықпал ету шараларын қолданғандығын да айтты.
Ол 2016 жылғы шілдеден бастап жеке тұлғаларға берілетін қарыздар бойынша комиссия және өзге де төлемдер жеке тұлғаға берілген банктік қарыз бен микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты, сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеген кезде ескерілетін Комиссия және өзге де төлемдер Тізбесімен (бұдан әрі – Комиссия тізбесі) шектелгенін атап өтті.
Банктер мен микроқаржы ұйымдарының кредиттеу кезінде комиссиялар мен төлемдерді белгілеуі кезіндегі бірыңғай тәсіл қарыз алушыға банктердің қарыз бойынша тек осы Комиссиялар тізбесіне енгізілген комиссиялар мен төлемдерді ғана ұстайтынына кепілдік береді.
А.Терентьев Комиссиялар тізбесінің 2016 жылғы 1 шілдеге дейін жасалған шарттарға қолданылмайтынын, осыған байланысты банктердің Тізбеде көзделмеген, бірақ 2016 жылғы 1 шілдеге дейін жасалған банктік қарыз шартында көрсетілген комиссияларды ұстап қалуы заңды болып табылатынын атап өтті.
Бұл ретте, азаматтық-құқықтық қатынастар жөніндегі кез келген даулар сот тәртібімен шешілуі мүмкін.
«Ұлттық Банк қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қарыз алу және қызмет көрсету кезінде қарыз алушылардың шығыстарын қысқарту бөлігінде күшейту бойынша жұмысты жалғастыруда. Меншік құқықтарын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңы жобасының шеңберінде Ұлттық Банк Әділет министрлігімен бірлесіп түзету әзірледі, оған сәйкес банктер жеке тұлғалармен жасасқан банктік қарыз шарттары бойынша банктік қарыз беру және қызмет көрсетумен байланысты банк шотын жүргізгені, сондай-ақ қарызды банк шотына аударғаны үшін комиссия белгілеуге және ұстап қалуға құқығы болмайды», – деді А.Терентьев.