Шамамен осыдан жеті-сегіз жылдай бұрын Қызылордаға кәріқұрлықтың ортасында орын тепкен Венгриядан кәсіпкерлер келді. Тіршілігі – қаз шаруашылығы. Қате түсінген жоқсыз, кәдімгі қаз құсын өсірумен айналысады. Жағдайы жаман емес секілді. Қызылордадан әріптестер іздеп келіпті. Егер осы тіршілікпен айналысамын деген адам болса, оған бар білгенін үйреткісі келеді. Біз секілді емес, венгриялық кәсіпкерлер өз кәсіптері туралы ештеңені жасырып қалған жоқ. Қанша табыс табатынына дейін бүкпесіз айтып берді. Мұндайға етіміз үйренбегендіктен бе, шын мәнінде, олардың мұндай ашықтығына аздап таңғалғанымыз рас. Түсінгеніміз, шетелдік кәсіпкерлер өз кәсібінен молынан кіріс кіргізіп отыр екен. Одан қаншама өнімдер шығарып, төккен терінің өтеуін қайтарып жатқан жайы бар. Мәселен, қаз етін Германияға экспортқа шығарса, бауырын Францияға жібереді. Тіпті, қауырсындары да қоқысқа тасталмайды. Оған да тапсырыс беріп қойғандар да бар. Құс шаруашылығын құнттай алмай жүрген біз үшін осындай тіршіліктің көзі аса таңсық болғаны тағы да рас.
Сонымен не керек, сол тіршілікті қолға аламыз ба деген ойда болған азамттар аз емес. Өкінішке орай, барлығы сөз жүзінде қалып, содан кейін ешқандай қозғалыс бола қойған жоқ. Сол жеңсік асты тапқан адам қымбат бағасына сатып алатыны жасырын емес. Тағы бір әңгімені айта кетелік. Бір танысымыз той жасайтын болды. Қолында барын дастарханға қоятын қазақ емеспіз бе? Танысымыз тойда ешкімнен кем етпей өткіземін деп барын салды. Осылайша қызды-қыздымен құстың сүтінен басқасының барлығын тауып қоюға тырысты. Үйрек етінен бұқтырылған ет те келді. Артынан сұрап көрсек, әлгі үйректі басқа жақтан арнайы алдырған екен. Бағасы да удай. Оған 40-50 мың теңгедей қалтасынан шығаруға тура келген екен. Оны бағатын да өзге ұлттың өкілдері екен. Қазекем оған әзірге қам жасай қоймаған көрінеді.
Осы сәтте ой туған еді. Біз қашан осындай тіршілікке көңіл бөлеміз деген. Шынында, оған қашан көңіл бөлеміз? Қашанға дейін қолымызды жайып отыра бермекпіз? Бұл тіршілік көзін үй жағдайында да қолға алуға болады емес пе? Әрине, мал шаруашылығымен айналысамын деген адамға біраз қор жинау керек шығар. Ал үй құстарын өсіруге қаншалықты ақша керек? Осы жағын ойланып жүрген кім бар? Қажет кезінде оған қыруар қаржы жұмсағанға мәз боламыз. Қалғанына немқұрайлы көзқарас танытамыз. Венгрия кәсіпкерлерінің еш нәрсені ауадан ойлап таппағаны белгілі. Қолдағы барды кәдеге жаратты. Соның жемісін көріп отыр енді.
Үй құстарына негізінен тауық, күркетауық, үйрек пен қаз секілді құстардың төрт түрі жатады. Бұл құстар тез өсіп-жетіледі, өнімділігі жоғары, өсімтал болып келеді. Мысалы, жұмыртқалағыш күйтті тауықтар 4-5 айлығында, ал етті тұқымдас тауықтар 5,5-6 айлығында жұмыртқалайды. Сондай-ақ, күркетауықтар мен үйректер және қаздар ұрығы 8-10 айлығында жетіледі. Бірақ үй жағдайында ұстап өсіргенде, яғни күннің табиғи ұзақтығы 12-14 сағатқа жеткенде тек ерте көктемде жұмыртқалайды.
Тауықтар бірінші жылы 220-300 жұмыртқа, ал олардың кейбіреулері жылына 300-ден астам, кейбір күркетауықтар 21-25 апта ішінде 60-100 жұмыртқа салады. Сондай-ақ, пекиндік деп аталатын үйрек түрі 9 айлық бірінші жұмыртқалау циклында 160-190 жұмыртқа береді. Ал, қаздар үштен бес айға дейін созылатын жұмыртқалау маусымында 15-18 жұмыртқадан 78-80-ге жеткізеді. Күркетауықтар мен тауықтардың және үйректердің бір ерекшеліктері – олардың өнімділіктері бірінші жылғымен салыстырғанда екінші жылы шамамен 15 пайызға төмендейді. Ал одан кейінгі жылдары бұл көрсеткіш одан да көп төмендейтін болады. Сонымен бірге қаздар екінші және үшінші жылдығында көп жұмыртқа береді. Сондықтан да оларды негізінен бес жылға дейін ұстайды. Үй құстарының еті жұғымды, диеталық қасиеті жоғары және дәмді болады. Тауық етінің құрамында 12,8 пайыз белок, 11,8 пайыз май, 1,0 пайыз углевод, 0,8 пайыз күлді заттар, 73,6 пайыз су, 12-ден астам витамин мен 20 минералдық зат бар. Сонымен бірге құс етінде олардың жасы мен қоңдылығына қарай 16-20 пайыз белок, ал семіздігі орташа тауықтар мен күркетауықтардың етінде 9 пайыздан 10 пайызға дейін, ал жақсы жемделген үйректер мен қаздардың етінде 30-35 пайызға дейін май болады.
Өнімділіктеріне және сонымен байланысты кейбір ерекшеліктеріне қарай тауық тұқымдары жұмыртқалағыш, етті әрі жұмыртқалағыш және етті тауықтар болып бөлінеді. Ал күркетауықтар мен үйректер және қаздар етті тұқымғам жатады, бірақ олар салмағына және бітіміне қарай әрі етті әрі жұмыртқалағыш тұқымға жатуы мүмкін. Жұмыртқалағыш тауықтарға ақ леггорн (бұныңгибридті тұқымдары 300-ден астам жұмыртқа салады), орыстың ақ тауығы, тауық леггорны, минорлар т.б. түрлері жатады. Ал, тауықтың етті тұқымдарына ақ плимутр, ақ корниш, сондай-ақ қазіргі кезде аз тараған – лангшан, фовероль, доркинг, кохинхиналар, брама жатады. Үй құстары тұқымдарының көпшілігі етті – жұмыртқалы тұқымға жатады (олардың ішінде тегіннен келе жатқан шетелдік, бірақ көп тараған тұқымдар род-айланд, ньюгемпшир, жағал т.б. плимутрлар, суссексалар, виандоталар, орпингтоналар, сондай-ақ отандық және тұқымдас топтар – первомайск, загорск, кучинск, панциревск, полтавск, ливенск, юрловск т.б.
Үйректердің ішінде көбінесе өсімтал әрі төзімді – пекин тұқымы өсіріледі. Ішінара жергілікті ақ сұр, ақ төсті қара украин үйректері кездеседі. Мускус үйректері пекин үйрегімен жақсы будандастырылады. Ал, қаздың ауыр салмақ тұқымына тулуза қазы жатады. Осы тұқым негізінде ірі ақ сұр, эмденск, холмогор (ежелгі отандық тұқым) қаздары шығарылады. Орташа тұқымға жататындары – арзамас, ромен, тула, шадрин, итальян қаздары. Әсіресе, қаздардың ішінде қытай қазы жұмыртқалағыштығымен бағаланады. Сонымен бірге осы қаздарға қытай қазының негізінде шығарылған кубан және горький қаздары да кіреді.
Қысқасы, құс шаруашылығын құнттай алатын кез келген секілді. Бұл қыруар табыс көзі екенін жадымызға түйіп қойғанымыз артық емес.
Үй құстарын өсіруге неге көңіл бөлмейміз?
Последние статьи автора