Сыр өңірінде қызанақтан томат пастасын өндіретін кәсіпорын тұсауын кесті. Бұл аймақтың аграрлық саласындағы іргелі жобаның бірі болып отыр. Өйткені бұрын-соңды Қызылорда облысында мұндай тың бастама қолға алына қойған жоқ еді. Жергілікті диқандар қызанақ өсіргеннен әріге бара қоймайтын. Бұл проблема еліміздің басқа аймақтарында әлі де кездеседі.
Миллиард теңгелік зауыт
Аталмыш жобаны жүзеге асыруға Жаңақорған ауданы Талап елді мекеніндегі «Тату-агро» шаруа қожалығы ұйтқы болды. Былтыр қожалық Қаратаудың етегіндегі алқапқа 240 гектар қызанақ еккен еді. Өнім жаман болған жоқ. Қамбаға 11,8 мың тонна өнім құйылды. Бұл табыс қожалық мүшелеріне жұмыс ауқымын ұлғайта түсуге жол ашты. Биыл қызанақ көлемі 600 гектарға жетті. Оны өңдейтін зауыт та іске қосылды. Жобаны жүзеге асыру 1 млрд 300 млн теңгеге түсті.
Сырдағы жұрт томат пастасын сырттан алып келеді. Себебі оны өндіретін кәсіпорын болған жоқ. Астың дәмін келтіретін дәмдеуіш тұтынушы арасында үлкен сұранысқа ие. Оған қажетті шикізат облыста өндіріледі. Алайда томат пастасын сырттан тасымалдау аймақ үшін тиімсіз екені анық. Амал қанша, бұл мақсат күні бүгінге дейін өз шешімін таба қойған жоқ. Жаңа кәсіпорын сол олқылықтың орнын толтырды деуге болады.
Қаншалықты қамтамасыз ете аламыз?
Қазақстанда томат пастасын өндіретін кәсіпорындар баршылық. Солай дегенмен, олар еліміздің тұтынушылар сұранысын толық қамти алмайды. Анығын айтқанда, қалған бөлігі өзге елден жеткізіледі. Яғни сыртқа алақан жаюға мәжбүрміз. Қазақстандық кәсіпорындар сұраныстың 71,6 пайызын өндіріп отыр. Қолдағы дерек солай дейді. Сауал туады. Өзімізде барлық мүмкіндік бар. Алайда неге өзімізді өзіміз қамтамасыз ете алмай отырмыз?
Аталмыш кәсіпорындар еліміздің оңтүстік облыстарында қоныс тепкен. Оның ішінде Цин-Каз ЖШС-нің үлесі қомақты. Серіктестік өнімнің 32 пайызын шығарады. Ал «Главпродукт» мен «Томатный рай» кәсіпорындары 14-16 пайызды иеленеді. Сондай-ақ өзге де кәсіпорындар халықтың сұранысын қанағаттандыруға күш салады.
Томат өндіретін кәсіпорындар негізінен Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс істейді. Әрине, бұл аймақтар кез келген дақылды өсіруге қолайлы болып табылады. Алматы қаласы оған қажетті шикізаттың 80 пайызға жуығын өздерінде ексе, Оңтүстік Қазақстан облысының үлесі 16 пайызды құрайды.
Қандай өнім өтімді?
Тұтынушылар арасында қандай ыдысқа салынған өнімдер өтімді болып тұр? Темір банкіге салынған томат пастасы көптің сұранысына ерекше ие болып отыр. Жалпы шығарылған өнімнің 60 пайызға жуығын осындай ыдыстағы тауарлар құрайды. Одан кейінгі орында тұрғаны шыны ыдысқа салынғаны екен.
Тұтынушы талғамына сай өнім шығару әрбір кәсіпорынның басты міндетінің бірі. Бүгінгідей алыс-беріс кеңінен құлашын жайған уақытта қазақстандық кәсіпорындар оған қаншалықты төтеп бере алады? Бұл қазіргі уақыттағы басты сауалдың біріне айналып отыр.
Біздің елімізге келетін томат пастасын өндіретін елдер қатарында Ресей, Қытай секілді мемлекеттер бар. Аз мөлшерде болса да, қырғыз жерінен аталған өнім жеткізіледі. Алақандай жерден мол өнім жинап, оны өңдеуге көңіл бөліп отырған айыр қалпақты ағайындардан үйренеріміз көп секілді. Қазақстан кез келген дақылды өз жерінде өсіріп, оны өңдеу арқылы алыс-жақын шетелдерге сапалы өнім шығара алады. Десек те, бұл әзірге мүмкін болмай тұрған жайы бар.
Ораз Әлиев, «Тату-Агро» шаруа қожалығының төрағасы:
– Соңғы уақытта елімізде өнім өндіруге ерекше мән беріліп отыр. Біз де осы бағытта жұмыс жүргізуге көңіл бөліп отырмыз. Шаруашылықта қызанақтан басқа да 1000 гектарға түрлі дақылдарды ектік.
P.S.
Сыр жерінде тұсауын кескен кәсіпорын аяғынан тік тұрып кетеді деген сенім бар. Өйткені оған қажетті шикізат сол аймақта жетерлік. Жергілікті диқандар оны жинап алуға күш салғанымен, оны сақтауға келгенде бас шайқап жүрген еді. Ендігі кезекте ауылдағы ағайын да өнім өңдеудің өрісін кеңейтуге күш салғалы отыр.