Қазақстанда тірілерден өлілердің жағдайы жақсы болып тұр. Себебі пәтер жалдап жүрген талай қазақпен салыстырғанда олардың басында паналары бар. Тіпті кейбірінің кесенелері біздің байлардың коттедждерінен де асып түседі. Зираттарымыз кішігірім қалаға айналып бара жатыр. Егер осы өлілерге кеткен құрылыс материалдарынан үй салатын болсақ талай тірі жанды қуантуға болар еді? «Алаш айнасын» осы мәселе толғандырады.
Қазақ қабір салуда жарысуды шығарды. «Бәленше әкесіне биіктігі 10 метр кесене салыпты, басына тонна тартатын тас қойыпты, мен одан асып түсуім керек» дегенді құлағымыз шалып қалып жүр. Одан қалды қабірлерді әшекейлеу, әртүрлі жазулар немесе аят-хадистер жазу, мәрмәр не болмаса гранит тасқа суреттерін қашап салу сияқты істерді көрудеміз. Ал тірісінде қол бастаған көсемдер мен ел бастаған шешендерге, атақ-даңқы шыққан байларға арнап зәулім кесене тұрғызу, оларға ескерткіш-мүсін орнату үрдісі кеңінен етек алуда. Осындайда бұл марқұмдардан естелікке тасқа басылған түр-түсі емес, үлгі аларлық бір ісі қалса жөн болар еді деген ой келеді.
Бүгінде қарапайым мәрмардың сынықтары мен цементті араластырып құйылған құлпытастар 10 мың теңгеден басталады, ал түр-түсі әртүрлі болып келетін таза тастардың бағалары шарықтап кетіп жатыр. Ал мазардың ең арзаны 520 мың теңгеден басталады екен. Бұл Қызылжар қаласында. Аталмыш сомаға кірпіш, цемент, күмбездер және құрылысшылардың жұмысы кіреді. «Қымбат кірпіштен, өзіңіздің қалауыңыз бойынша салғызғыңыз келсе баға да басқа болады», дейді жарнама бойынша хабарласқан мазар салуды кәсіп еткен азамат. Биіктігі кіндіктен аспайтын мазарға шамамен 400-500 кірпіш, 2-3 қап цемент кетеді.
Құлпытасты не үшін қояды? Мазарды не үшін салады? 50 жылда ел жаңа, осыдан 50 түгіл 20 жыл бұрын гүлдеп тұрған ауылдардың бүгінде жұрты ғана қалды. Ертең ұрпағы ата-бабасының басына құран бағыштау үшін іздеп келсе, қалай таппақ. Тасқа жазылған жазу өшпейтіні белгілі, сондықтан марқұмның аты-жөнін тасқа қашап жазған орынды. Екіншіден марқұмдар жерленген жерді басуға тыйым салынған. Адам ғана емес жайылып жүрген мал таптап тастамауы үшін зираттың қоршалғаны орынды. Демек топырағы жайылмайтындай, мал кірмейтіндей етіп қоршалса жетіп жатыр. Ал хан сарайындай етіп салудың қажеті шамалы.
Қазақта «өлі разы болмай тілі байымайды» деген нақыл сөз бар. Алайда біз қабіріне қымбат-қымбат тастар қойып, зәулім сарайлар салу арқылы шынымен өліні разы қылып жүрміз бе? Жалпы дінде зират салуға рұқсат па? Имам Муслим жеткізген хадисте Пайғамбарымыз қабірді сырлауға, қабірдің үстіне отырудан және оның үстіне құрылыс салудан тыйғандығы айтылады. Дініміз мужтахид-ғалымдары қабірлер мен молалардың кірпіш және сол сияқты нәрселермен жасалуына, моланың өзінен шыққан топыраққа қосымша ретінде тағыда топырақ қосып, биіктетуге, сондай-ақ үстіне үлкен қылып күмбез жасатып қоюға, құлпытасқа мақтап-мадақтайтын тағдыр мен дінімізге сай келмейтін сөздерді жазуға да бір ауыздан тыйым салған.
Ғалымдар қабірді белгілеу үшін бас және аяқ жағына ағаш, тас, тал сияқты нәрселердің қойылуы, осылардың үстіне мәйіттің есімін жазу, қабірімен оның айналасын тазалап тұруды жақсы істер қатарына жатқызады. Дегенмен, шектен тыс кептеу, қарапайымдылықты сақтау, ысырапшылыққа салынып, сырт көзге көрсетіп, мақтану үшін жарыспау қажет. Осы аталған мәселелерді кейбір ғұламалар мәкрух деп айтса, кейбіреулері харам деп басып айтқан.
Ойланып қарайтын болсақ, зиратқа қымбат-қымбат гранит тастар қою, қабірін безендірудің не өліге, не оны жасатқан тіріге пайдасы тимейді. Керісінше, олардың екеуіне де зиян екен. Қабірдің ішіндегі де зияны – оны үстінен басып тұрады, әрі оған Аллаhтың мейірімі болып саналатын жаңбырдің өтуіне кедергі болады, оған қоса Аллаhқа тасбих айтып тұратын шөптер мен өсімдіктердің зікірінен құр қалдырады. Ал, осы құлпытас қоюдың тіріге келтірер зияны болса – ақшаны дұрыс жолға пайдаланбау, ысырапшылдық, уақытты босқа кетіру, әрі дінде айтылмаған істі орындаудың арқасында күнәға бату бар. Абай болайық, асыр сілтемейік ағайын.
ТІРІЛЕРДЕН ӨЛІЛЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСЫ
Последние статьи автора