Тауық етін сырттан тасуды қашан қоямыз?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Қазақстан халқы тұтынатын құс етінің жартысы ғана өзіміздің өнім болса, ал қалған бөлігі шетелдерден тасылады. Әлемде құс тұмауы және тағы да басқа бұрын атауы белгісіз болған талай аурулар шығып жатқанда сапасы күмәнді өзгенің өнімін тұтыну күндердің күнінде опық жегізіп жүрмесе болғаны. Бұған дейін де мұхит асып келген тауық сандарына байланысты сан рет шу да шыққан-ды. Бірақ тоқырау жылдары толықтай тығырыққа тірелген құс фабрикалары орнынан нық тұрып, нарықты толық қамти алар емес. Кеңес өкіметі тұсында ең ірі құс шаруашылықтарының бірі Қызылжарда болатын. Осыдан үш жыл бұрын қалпына келтіріле бастаған сол фабрика бүгінде жұмыртқа қабыршағын енді жарып шыққан сарыуыз балапанды елестетеді.
Статистикаға көз жүгіртсек, еліміздің тұрғындары жылына шамамен 200 мың тоннадан астам құс етін тұтынады екен. Отандық құс фабрикалары осы сұраныстың тек жартысын ғана жауып отыр. Шаруа­шылық­тардың барлығы мемлекеттің мен­шігінде болған 90-жылдардың басын­да ел нарығын түгелдей дерлік өзіміздің өнім жабатын. Сол күндер арманға айнал­ғандай, қазір дүкен сөрелеріндегінің жар­тысы өзгенікі, ал сол импорт өнімнің басым бөлігі Бразилия, АҚШ, Ресей елдеріне тиесілі. Әрине, сырттан келіп жатқан өнім­нің сапасын арнайы мекемелер тексеруден өткізетін де шығар, бірақ мұхиттың ар жағынан апталап, айлап жететін тауық еті бүгін сойылып, ертеңінде дүкенде тұратын жергілікті өніммен салыстыруға келмейтіні бесенеден белгілі.
Халқымыз етті көп тұтынатын елдер санатына жатқызылады. Сол себепті қазақ дастарқанының сәні етсіз кіре қоймас, сірә. Бірақ Солтүстік Қазақстан облыстық ста­тис­тика департаменті бұл уәжімізге кері мысал келтіреді, соңғы деректер бойынша жыл­қының жал-жаясы мен қойдың майлы жамбасының орнын тауықтың сирақтары басқан көрінеді. Орташа есеппен бір жылда бір адам 8,2 келі сиыр, 5,9 келі қой және 4,1 келі жылқы етін тұтынады. Ал тауық етіне құмарлар бұдан әлдеқайда жоғары. Жан басына шаққанда 14,6 келіден келеді. Мұны бірінші кезекте құс еті бағасының арзан болуымен түсіндіруге болатындай. Қызылжар базарларында сиыр мен қой еті 1300-1500, ал жылқы еті 1600 теңгенің шамасында саудаланса, жергілікті тауықтың бір келісі 500 теңге ғана. Демек, күн өткен сайын тауық етіне деген сұраныс артпаса, азая қоятын түрі байқалмайды.
Жаппай жекешелендіру кезінде өзге шаруашылықтармен бірге құс фабрикалары да талан-таражға түсіп, ақырында көбі жабылып тынғанын көз көрді. Кезінде Қызылжарда шамамен жылына 20-30 мың тонна тауық етін шығаратын фабрика болған-ды. Содан да айырылып қалдық. Тіпті темір-терсегіне дейін тасып әкеткен, тек тауық қораларының бетон қабырғалары ғана қалған. Елде тауық етіне деген сұраныс артқан соң жеке кәсіпкер 2008 жылы фабриканы қайта қалпына келтірген-ді. Содан бері жылына 1,5 мың тонна өнім шығарып келеді. «Петропавл бройлер фаб­рикасы» ЖШС директоры Рамазан Малғаж­даровтың айтуынша, қазіргі құс фабрикасы бұрынғы алып шаруашылық аумағының тек төрттен бір бөлігін ғана алып жатыр. Бола­шақта бұрынғы межеге жетуді серіктестік алдына мақсат етіп қойып отыр.
Рамазан МАЛҒАЖДАРОВ, «Петропавл бройлер фабрикасы» ЖШС директоры:
Тауық еті – тез бұзылатын өнім. Оны қанша жерден мұздатып әкелгеннің өзінде алыстан тасымалдағанда кінәр­атсыз жетпейді. Және әр елде тауықты әртүрлі өсіреді. Еттің сапасы бірінші кезекте жейтін жеміне байланысты. Біз үшінші сұрыпты өзімізде өскен бидаймен жемдейміз. Біздің бидайдың ақуызы көп, демек, еттің де сапасы жоғары. Ал шетелдіктер тауыққа не беріп жатқа­нынан хабарсызбыз. Салыстырып кө­ріңізші, шеттен әкелінген тауықты еріткен кезде суы ағып кетеді де, шөкімдей ғана ет қалады. Жалпы, етті қатырып тастау – халықты алдау, оның арасында су да болады, ескіріп кеткен ет те болады. Біз алдағы уақытта тауық етін қатырмай, тоңазытып қана сатуды қолға алмақ­шымыз. Яғни таңертең сойылған тауық еті сол күйінде сәл салқындап дүкен сөрелерінде тұруы керек. Жалпы, жер-жерде өз құс фабрикаларында шыға­рылған етке сұраныс көп. Біз сол сұра­нысты жаба алмай отырмыз.

Қызылжар бройлер фабрикасы өндіретін 1,5 мың тонна еттің 80 пайызын Қызыл­жар қаласының тұрғындары алады, қалған 20 пайызы Көкшетау мен Астанаға жіберіледі екен. Серіктестік директорының айтуынша, Қазақстан Кеден одағына кіргелі Қызылжар дүкендерінде Ресейдің тауықта­ры көбейіп кеткен. Бірақ жергілікті өнім өзінің сапасы және бірінші кезекте бағасы­мен бәсекеге төтеп бере алып отыр.
Жалпы, Қазақстан бойынша бүгінде 40 шақты құс фабрикасы ғана қалған екен. Оның үштен бірі ет, қалғаны жұмыртқа өндіреді. Жеке кәсіпкерлердің қолына өту­дің кесірінен елімізде 2000 жылдары құс етін өндіру жылына 66 мың тоннаға дейін төмендеп кеткен. Соңғы жылдары мемле­кет­тің қолдауының нәтижесінде бұл салада оң өзгеріс байқалып келеді. Тек Қызылжар өңірінде бес ірі құс фермасы бар. Индус­трияландыру картасына енген жобалардың ішінде бройлерлік бағыттағы тауықтарға арналған репродуктор ферма салу жос­парланған. Ол 2013 жылдың аяғында пайдалануға берілуі тиіс.
Құс етіне қарағанда бізде жұмыртқа өндіру бойынша көрсеткіштер жаман емес. Еліміз жұмыртқамен өзін толық 100 пайызға қамтамасыз етіп отыр. Соған да шүкір дейік. Ал Қызылжар жан басына шаққанда жұ­мыртқа шығарудан елімізде бірінші орынға ие. Мамандардың сөзінше, тауық өсіру – сиыр немесе жылқы баққанға қарағанда көп шығынды қажет етпейтін шаруашылық түрі. Дегенмен бұл саланың да машақаты жетерлік, бастысы – жем-азық. Егер жемдеуі дұрыс болса, жұмыртқадан жаңа шыққан салмағы 40 грамм бройлер балапан 40 күнде екі келі салмақ жинап, союға жарап қалады екен.

Керек дерек
Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 2012 жылғы 1 маусымдағы мәліметінше, облыста 4 268,2 мың құс бар. Оның 144,5 мыңы агроқұрылымдарда, ал қалғаны ауыл тұрғындарының қорасында.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста