Бизнесті қолдауға бағытталған «Заң және кәсіпкер» акциясы Шығыс Қазақстан облысында жалғасып жатыр. Заң керуені аясында облыстық прокуратура мен кірістер департаменті және кәсіпкерлер палатасының өкілдері такси жүргізушілерге кәсіптері жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Таксистер де жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, үкіметке салық төлеп, жұмысын заңды түрде жүргізуі керек. Егер олай болмаған жағдайда 15 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу жүргізушілер үшін өте тиімді. Бас-аяғы бір айдың ішінде арнайы патент алады. Бүгінге дейін облыс орталығында 1000-ға жуық жүргізушіге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Таксистердің жартысы тапқан нәпақасының күнделікті шығыннан аспайтынын айтса, енді бірі жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенін жеткізді. Виталий Шабер, ШҚО прокурорының орынбасары: - Біз өткен аптада 30-ға жуық сауда үйі мен базарларды араладық. Кәсіпкерлердің 80%-ы 2017 жылдан бастап, жеңілдетілген жүйеден кассалық аппаратқа көшу қиындығын айтты. Облыс прокурорының шешімімен жаңа жүйе 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін шегерілді.