Бұл өмірде әр адам – жолаушы. Десек те, қазіргі таңда күн өткен сайын шарықтап бара жатқан бензинмен қатар, қымбаттап жатқан қоғамдық және жекеменшік көліктегі жолақы бағасы ауыздықталатын емес. Соның бірі – такси құнының шамадан тыс болуы...
Атшаптырым жерге айғыр құнын сұрайтын таксишілер бағасының аспандап кеткені соншалық – жолаушы жинау бизнесіне ұмтылғандардың қатары тым артқан сияқты. Әсіресе түнгі уақытта. Сағат кешкі ондарға тақап, қоғамдық көліктер тоқтаған сәтте такси бағасы екі еседен астам көбейіп шыға келеді. Ал оған «Ай дейтін – әже, қой дейтін – қожа» болмай тұр.
Ең алдымен, ауылдағы ағайынға қиын тиіп тұрғаны осы жолақы мәселесі десек қателеспейміз. Ондаған жылдар бойы шұрық тесік болып, жыртығына жамау жасалмай тозығы жеткен жолдарда қоғамдық көліктер мүлде жүрмейді. Есесіне, көлік мінген таксишілердің айы оңынан туған сыңайлы. Такси болып заңды тіркелмегендіктен, ешқандай да салық төлемейтін мұндай таксилер жайшылықтағы бағадан үш-төрт есеге дейін қымбат алып, онсыз да қалтасы жұқа жандардың жүйкесін де жұқартқан сияқты.
Алтын ЖОЛДЫБАЕВА, студент:
– Көкшетауға алпыс шақырымдай ғана орналасқан Баратай ауылына таксишілер 700-800 теңге алады. Демалысты пайдаланып ауылға барып, таңертең автобус мүлде жүрмейтіндіктен, таксимен шыққан едім. Ақшаны молынан алуды ойласа керек, төрт адам отыратын орынға жеті адамды бірдей отырғызып алды. Оның өзінде баратын жеріңе жеткізбей, орталықтағы аялдамаға жеткенде түсіріп кетеді. Ал бұл мәселеге жоғарыдағы ағаларымыздың ешбірі назар аударар емес.
Такси бағасы тұрақтамай, мәселе шешімін таппайды. Жергілікті билік таксишілердің бағаны төмендетуге ұсыныс жасауға тырысып баққанымен, жекеменшік таксилер айылын да жияр емес.
Алпамыс АЙТҚОЖИН, ауыл әкімі:
– Ауыл адамдары «қалаға қатынауымыз қиын әрі жол ақысы қымбат» деп жыл сайынғы есеп беруде шағымдарын айтып жатады. Сондықтан былтыр автобусы бар бір жігітпен келісіп, тұрақты бағамен қалаға қатынайтын кесте жасаған едік. Алайда бағасы арзан болса да, жүретін адамдар аз болып, көлікті тоқтатуға тура келді. Сонымен қатар қалаға қатынауға жол нашар болғандықтан, автобус табудың өзі қиынға соғады.
Расында да, ауылдарға қатынайтын халық жолдың жөнделмей, көлік дөңгелегін жылға жетпей бірнеше рет ауыстыратынын айтып зар илейді.
Аманбай ЕРЕЖЕПОВ, ауыл тұрғыны:
– 40 жыл шопыр болған мен жолдың қыр-сырын түгел меңгерген адаммын. Сондықтан жекеменшігімдегі көлікті күтіп мінуге тырысамын. Алайда соның өзінде жолда жүру өте ыңғайсыз болғандықтан, көлігімді бірнеше рет жөндеуге мәжбүр болдым. Соңғы рет күре жолдың қашан күрделі жөндеуден өткені есімде де қалмапты. Жергілікті билік шұрық тесікке айналған жолды жыл сайын жамап-жасқап жөндегенімен, онысы жылға жетпей орнына келіп, қайтадан таз қалпына түседі. Бензин бағасы – өз алдына, мініс көлігіңді қиратып алмайын деп қатты қиналасың.
«Жолға кететін шығынмен өзімізді ақтай алмаймыз, сондықтан бағаны өсіруге мәжбүрміз» дейді бірқатар таксишілер. Яғни, олардың айтуынша, жолдың жетімсіздігі мен жанармай бағасының шектен тыс қымбаттығы жолақы бағасын да өсіруге мәжбүр етеді.
Саян ЕСМҰРАТОВ, такси жүргізушісі:
– Бала-шағаның несібесі үшін үйдегі бар жұмысымызды тастап, күн-түн демей, күс басқан қолың рульге қарысқан күйі жолдан көз алмаймыз. Олай етпеске шара жоқ. Сәл ойланып кетсең, не дөңгелегіңді, не көлігіңнің астыңғы жағын сындырып алуың ғажап емес. Әрі бензин бағасы да күйіп тұр. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен жанармай стансыларында АИ-93 маркалы бензин 117-119 теңгеге дейін өсіп кетеді. Сондықтан бағаны да өсіруге мәжбүрміз.
Бұл – ауылға қатынайтын такси жүргізушілерінің пікірі. Ал қалаішілік және ірі қалаларға қатынайтын такси құны жөнінде әңгіме тіптен басқа.
Айгүл ОМАРОВА, Көкшетау қалалық салық басқармасының бас маманы:
– Қала ішінде «Визит», «Ваше такси», «Форсаж» тағы да басқа жалпы тіркелген жеті такси агенттігі бар. Әділет органдарында тіркеуге алынғандықтан, олар тұрақты түрде салық төлеп тұрады. Бірақ олар жекеменшік болуы себепті, бағаны өз еркімен өсіріп, төмендетуіне біз ешқандай кедергі жасай алмаймыз.
Бұл таксилер заңды тіркеуге алынып, мемлекетке аз да болса салық төлеп жатыр. Ал тіркелмеген таксишілердің қанша екенін бір құдай біледі. Өйткені түнгі уақытта қала ішінде жүрген көліктің 90 пайызы «такси» белгісін тағып алады. Жалақысына қосымша қаражат табуды ойлаған жандар осылайша түнгі уақытта бірден такси бола салады.
Жалпы, орташа есеппен қала ішінде жолдың ұзақтығына байланысты бағаны такси жүргізушілерінің өздері белгілейді. Кез келген жерге кемінде 500 теңге ақшаңыз болмаса, таксиге отыра да алмайсыз. Ал алыстау жерге барсаңыз, 1000-1500 теңге ұсынуыңызға тура келеді.
Қалай десек те, бағаның сан құбылуы нарықтың бұлжымас қағидасына айналып, халықтың шымбайына, шынымен-ақ, батып отыр. Сонда өгіз де өлмей, арба да сынбас үшін қайтпек керек?
Такси көлігі неге қымбаттап барады?
Последние статьи автора