Табиғи қорды үнемді пайдалана алып жүрміз бе?
Қазірде Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) негізді ұсынысы – әрбір адам, мемлекеттің болашақ алдындағы жауапкершілікті сезінуі, жергілікті ерекшеліктерді ескеріп, табиғи қорды, қазба байлықтарды үнемді, көп мақсатта пайдалану. Бұл ұсыныс еліміз үшін маңызды, әлемдік еңбек бөлісінде біз әзірге өңдеуші емес, өндірушіміз. Жеріміздегі орасан қазба байлықтарды табиғи ортасын ойсырата айырып алып, сыртқа арзан шикізат ретінде сатудың ұлттық рухани өсуімізді тежеп, болашақтағы экологиялық күйзелістің бастамасы болатыны анық. Көрінісі – өзен-көлдеріміз, кейбір аймақтарда жерасты сулары тұрмыс, зиянды өндіріс қалдықтарымен әбден ластанған, кен орындарындағы жер қойнауында болашақта зілзала ошақтарына айналуы мүмкін бос кеңістіктер пайда болды.
Жасанды ауа ағыстары – таза қуат көзі
Жалпы, табиғатта ауа қозғалысы (жел), көбінесе өзен аңғарларынан бастау алады. Қозғаушы күші – жағалаудағы жер қыртысымен, су беті қызуының айырмасы, өзен аңғарларына тән үрмелі ауа түтігі.
Осы бағытта кешенді ғылыми-зерттеу, тәжірибе жұмыстарын жүргізу үшін, оңтүстіктегі ең суы мол, ағынды Сырдария өзенінің Шардара, Қазалы қалаларының аралығындағы арнасын таңдауға болады. Оған тағы бір себеп, Оңтүстік Қазақстан облысының көптеген, Қызылорда облысының түгелдей дерлік елді мекендері өзен бойындағы осы аралықты жағалай орналасқан. Халқы тығыз, өсімі жоғары бұл аймақта, келешектегі қуат жетіспеушілігі айрықша сезілуі мүмкін.
Жеріміздегі Сырдария өзенінің ұзындығы 1400 шақырым, тау шыңдарындағы мәңгілік мұздан басталып, жауын-шашынмен толысады.
Егер дәлелді, тиянақты, жан-жақты, терең жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша Сырдария өзенінің арнасына Шардара-Қазалы жел құбыры жүргізілсе, одан өндірілетін қуаттың көрсеткіштерін нақты сандардан байқауға болады. Құбырдың ұзындығы шамамен 1000 шақырым, белсызығы 1,1 метр болғанда, ондағы тұрақты жел ағысының жылдамдығы 25 м/секундқа жетсе, құбырдың әрбір метрінен жоғарыда айтылған заңдылық бойынша, ең аз дегенде 2,5-3,0 кВт/сағат электр қуаты өндіріледі. Тізбектегі құбырдың қуаты – 2500 МВт болады. Салыстырмалы түрде: Қазақстандағы барлық электр стансыларының өндіретін қуаты – 19000 МВт. Алматы облысындағы Шарын өзенін бөгеп салынған, жуықта іске қосылуы мүмкін Мойнақ гидростансысының қуаты – 300 МВт. Елімізде пікірталас тудырған, келешекте Балқаш көлінің жағасынан орын тебуі мүмкін атом стансысының жобадағы қуаты – 1900 МВт.
Құбырдағы желден өндірілетін электр тогының есептеулі өзіндік құны 0,5-0,7 теңге кВт/сағат болса, бұл көрсеткіш біздегі көмір стансыларында – 5,12 теңге кВт/сағат болады. Айырма жер мен көктей.
Қуат саласы басшыларының сөзіне сенсек, еліміздегі электр тогы желілерінің басым бөлігі өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған, 75 пайызы әбден тозған, көп ұзамай істен шығады. Осының салдарынан берілген қуаттың 21,5 пайызы жол-жөнекей жоғалады, ауыларалық желіде тектен-текке жоғалатын қуат мөлшері 25-50 пайызға дейін жетеді. Өнеркәсіптің күретамыры іспеттес қуат жүйесі күйреу жағдайында тұрса, ел экономикасы дамиды деп айту қиын.
Өздеріңіз білесіздер, геотермальды энергияға байланысты қазақ даласы сегіз сушаруашылығы алабына бөлінген: Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Жайық-Каспий, Есіл, Нұра-Сарысу, Шу-Талас және Тобыл-Торғай алаптары, оларға құятын өзге өзендердің арнасымен бірге құбырдағы жел қуаты жүйесін дамытуға табиғи қолайлы орын. Әзірге игерілмей жатқан қайтарымды қуат түріне жататын еліміздегі жерасты ыстық су көздерінің 3000 метр тереңдікке дейінгі аралықтағы анықталған көлемі, шартты отын есебі ретінде, біздегі мұнай мен газ қорларын қосып есептегендегі саннан он есе көп. Егер ыстық су көздерін іздестіру аумағын кеңейтіп, барлау жұмыстарын 4000-4500 метрге дейін тереңдетсек, қордың екі-үш есе өсуі мүмкін. Мысалы, жерасты ыстық су көздерін пайдаланудың екі тәсілі бар. Біріншісі – ыстық суды ұңғылар арқылы тікелей жылу жүйесіне жіберу, екіншісі оны буға айналдырып, электр тогын өндіру. Алғашқы тәсіл әлемде кең тараған. АҚШ, Исландия, Дания, Нидерланды мемлекеттерінде қызуы 30-40ºС жететін жерасты сулары елді мекендерді жылумен қамтамасыз етуге жұмсалады.
Алматы қаласы жер қойнауының 650-2600 метр тереңдігіне жайғасқан, кернеулі, жер бетіне шыққандағы суының қызуы 45-84ºС жететін, өзі аттас артезиан бассейнінің аймағында тұр. Ыстық су қоры – 106,5 млрд текше метр. Қала аумағында ыстық су шығатын сегіз ұңғы бар. Азғана шығынмен ұңғыларды тексерістен өткізіп, оларды қаланың жылу жүйесіне жалғаудың ешқандай қиындығы жоқ. Қызу алынған суды, ұңғылар арқылы қайтадан жер қойнауына қыздыруға жіберуі, сонымен үзіліссіз айналымдағы тиімді жылу жүйесін құруға болады. Нәтижесі: жылу стансыларында жағылып жатқан көмір, газдың көлемі айтарлықтай төмендейді, олардан ауаға жарайтын зиянды қалдықтардың мөлшері азаяды, өндірілетін электр қуаты, жылу және ыстық судың өзіндік құны біршама арзандайды. Ұсыныс іске асырыла қалған жағдайда, оның қала халқының электр қуатына, жылу көздеріне жұмсайтын төлемақысын төмендететіні сөзсіз.
Жылу көзі ретінде пайдалануға жер бетіндегі қызуы 50-60ºС асатын, кей жерде 90-100ºС жететін қоры аса мол Жаркент, Арыс, Келес, Қызылқұм артезиан бассейндерінің мүмкіндіктері өте жоғары. Олар іске қосылса, оңтүстіктегі көптеген елді мекенді, қалаларды арзан жылумен қамтамасыз етуге болады.
Қоғамның табиғатпен үндестігі – ауаны, қоршаған ортаны, жер бетін, қойнауын, өзен-көлдерді, жерасты су жүйелерін шын мәнінде қорғау. Ол үшін табиғи қорларды, жер қойнауын, су көздерін пайдалану саясатына түбегейлі өзгерістер енгізуіміз керек. Ертең кеш болады.
Ең тиімді шешім – қазба байлықтарды, құрылыс материалдарын жер қойнауынан шахта, ашық карьер әдістерімен алуды тоқтату. Тау-кен өндірісіндегі үйреншікті жағдай, біріншісі жерасты суларының 75 пайызын құрдымға жіберсе, екіншісі түгелдей жояды. Жер бетінде радиация ошағына айналған тау террикондар пайда болады.
Ұсыныс – ұңғылар жүйесі арқылы, экологиялық таза технологияны қолданып, жер қойнауынан тек қажетті қазба байлықтарды ғана өндірген дұрыс. Пайда болған кеңістіктерді, тереңдегі тау жыныстарымен табиғи құрамы, қасиеті сай келетін заттармен толтыру керек.
Мұнымен қоса уран кен орындарында тереңдегі су қабаттарына жіберілетін күкірт қышқылын өндірістен аластау мәселесі де ойлантарлық жайт. Егер тез арада кесімді шешім қабылданбаса, оңтүстіктегі бірнеше ірі жерасты су қорларымен, қара топырақты жерімізбен мәңгілікке қоштасамыз. Сонда аймақтағы бүгінгі халық, ертеңгі келер ұрпақ қалай өмір сүреді?
Уран қоры ең мол Австралияда кен орнында күкірт қышқылын пайдалануға ұсыныс жасап көріңізші. Дәрігерге көрінуге кеңес береді.
Жерасты суларын пайдалану – уақыт талабы
Ауыл шаруашылығында егіс алқаптарын суландыруға ұңғылар арқылы көтерілетін жерасты суларын пайдалану керек. Топырақты ылғалдандырғаннан кейін су жоғалмайды, жер қойнауына табиғи ортасына оралады. Әйтпесе, мамандардың пікірінше, қазіргі кезде ауыл шаруашылығында судың жоғалу мөлшері 75 пайызға дейін жетеді.
Келешекте еліміз аса зәру болатын су қорларын сақтау үшін өзендерді бөгеп, жасанды су тоспаларына үлкенді-кішілі электр стансыларын салудың жөні жоқ. Тоспадағы судың булану, тұздану үрдісі күрт жоғарылайды, жер бетіне жақын орналасқан лас су қабаттары көтеріледі, суды мекендейтін тіршілік иелері жойылады.
Сондықтан, өзендердің арнасын бұзбай, бағытын өзгертпей табиғи қалпында сақтау еліміз үшін оң шешім болар еді. Өзендерді тікелей емес, жанама ғылыми негізде игерудің ұсынысы жоғарыда айтылды. Мысал ретінде келтірілген Шардара-Қазалы жел құбырындағыдай, электр қуатын судан емес, оның арнасынан өндіру тиімді.
Айтылған ұсыныстар, қоғам тіршілігінің жергілікті табиғатпен үндес болуын көздейді, ұлттық мүддені қорғайды. Іске асырылса, ел ертеңіне, жеріміздің саулығына сеніммен қарауға болады.
Тоқтамыс Мендебаев,
техника ғылымының докторы, профессор