Сыр бойындағы серпінді істер
Сыр өңірі бұрын тек аграрлық тіршіліктің қазанын қайнатқан еді. Ақ күрішті аялаған аймақ күн сүйген күміс дәнді ақеділ пейілімен алыс-жақындағы ағайынға тарту етті. Қазіргі бет-бейнесі ертеректегі кейпінен мүлде бөлек. Дария бойында еселі еңбектің көрігін қыздырған өңір өндірістің де өрісін өрге сүйреп, өнеркәсіптің де түтінін түзу ұшыра бастады. Қалың көпшіліктің жүрегіне жылылық ұялатқан сан алуан істер елдің кәдесіне жарап, облыстың келбеті жасанып келеді. Бүгінде Қызылорда жұртшылығы тек ауылдағы тіршілікпен әңгімесін түйіндеп жатпайды. Қара жердің қымбат қазынасы – мұнай мен газ секілді химиялық элементтерді өндіру жайын да шемішкедей шағатын болды. Нарық атты әміршінің дегеніне бой үйреткен, экономиканың қыр-сырына қанық ағайынның қарасы көбейгені де – осы сөзіміздің айқын дәлелі.
Өңірдегі өрлеу көзге көрініп тұр. Қай саланы алып қарасаңыз да... Жыл сайынғы көрсеткіш көңілге көрікті ойды қонақ етеді. 20 жыл бұрын Сыр бойы қандай еді? Жоспарлы экономикадан енді ғана бас тартқан кезіміз. Елдің әлі еңсесін тік ұстай алмай жүрген шағы. Өзінше тон пішіп үйренген кейбір адамдар Қызылорданың келешегіне күмәнмен көз салып, «ертеңгі күні ешқандай өрлеу жолына түсе алмайды» деген сыңаржақ пікірін айтқан еді. Шын мәнінде, бұл пікірдің теріс екендігі тайға таңба басқандай айқын еді. Бетпақ дала бауырына басқан Құмкөл кенішіндегі мұнай қоры қазына қазанына қыруар қаржы құйып, талайдан бергі түйткіл атаулының түйінін тарқатуға жол ашты. Одан өзге де қазба байлық жергілікті жамағаттың жүзін жадыратып, болашаққа батыл қадамдар жасауға оң әсерін тигізді. 20 жылдың өне бойында өрлеу жолына түскен өңірдің өрелі өнегесі өзгеге үлгі боларлық. Жақында Сыр жеріне келген Елбасымыз осындай оңды істерді лайықты атап өтті. Соңғы жылдары өнеркәсібі өрге домалап, өрісі кеңейген аймақтың ажары осылайша шынайы бағасына ие болды.
Өндіріс өркен жайды
Осы күні «индустрия» деген сөз төрден орын алып тұр. Олай болуы заңды шығар. Әрі-бергі аумағы дыбыстан жүйрік ұшақтың өзіне ұзақтан-ұзақ жол болатын алып ғаламшарда әрбір мемлекет өндірісті өрісті өрлетуге жан салып жатыр. Бұл дегеніңіз біреудің қолындағы дүниеге күнің түспейтінін білдіреді. Кезінде тек шикізат өндіруден арыға аса алмаған Қазақстан үшін жұмыс ырғағы қайнап жататын алып кәсіпорындар құру негізгі міндеттердің біріне айналған. Оны күні ертең біреуге кіріптар болудың қамытын шешудің бірден-бір жолы деп айта аламыз. Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқан жарқын істер кең-байтақ даламыздың қай жерінде де көзге ұшырасады. Бүгінгі таңда Қызылорда жерінде де талай жоба тұсауын кесіп жатыр. Облыстың 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бар. Онда жобалар тізімі жасалған. Олардың саны 138 жобаны құрайды. Жалпы құны 267,5 млрд теңгеге жуық. Соның нәтижесінде 9707 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Оның бірқатары қазірдің өзінде елдің кәдесіне жарап үлгерді. Былтыр 27 жоба іске асты. Атап өтерлігі, жобаның 11-і Индустрияландыру картасы аясында қолға алынған. Оған 33 млрд теңге ақша жұмсалды. Бұл істер биыл да жалғасын таппақ. Биыл жалпы құны 56,5 млрд теңгені құрайтын 33 жоба тұсауын кеспекші. Оның тоғызы Индустрияландыру картасының жемісі саналады. Ал жыл басынан бері 11 жоба іске қосылды.
Мамандардың айтуынша, 2010-2013 жылдар арасында жалпы құны 178,0 млрд теңгені құрайтын 78 жобаның жүзеге асырылуы жоспарланып отыр. Осының нәтижесінде құрылыс материалдарын шығару, машина жасау, химия және тау-кен өнеркәсібі, туризм, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, мұнай-газ өндірісі, энергетика және көлік инфрақұрылымы салаларында тіршілік қазаны қызу қайнағалы тұр.
Әлемнің әр қиырындағы мемлекеттердің тіршілік ауаны сан алуан. Кейбір елдерді қаржы дағдарысы қыспаққа алған. Олардың арасында бұрыннан экономикасы қалыпты елдердің болуы талайды түрлі ойға қалдырып жүр. Біздегі өмір басқаша қырынан өрістеп келеді. Қазақстанда дағдарыстың салқыны білінбейді. Өрлеуге өріс ашылған. Сыр өңірі де сондай оңды өзгеріске сүбелі үлес қосуға талпыныс білдіруде. Серпіліс іргелі мақсаттарға жол ашып келеді.
Он шақты жыл бұрын Қызылорданы өндірісті өңірдің қатарына қоса алмайтын едік. Расын айтқанда, 90-жылдарға дейін облыста мұржасынан қою түтіні будақтаған алып өндіріс орны болған жоқ. Бәлкім, оған шамамыз да келмеген шығар. Ал нарық бәрін үйретті. Қолыңнан келген кәсіпті ұршықша үйіре білсең, жетіп жатыр.
Бүгінгі таңда қолға алынған жобалар осындай ойға жетелейді. Агроөнеркәсіп кешеніне арқа сүйеген аймақ нарықтың заңымен өнеркәсіпті өрістетуге батыл қадам жасады. Уақыт мырзаның қас қағым сәтіндей қысқа мерзімде салмағы басым сан алуан істің берекесі кіре бастады. Қаншама қажыр мен қайраттың жемісін жеу – бәріміз үшін үлкен қуаныш.
Бұрын Сыр бойында кәсіп жасауға ешкім ықылас білдіре қоймаушы еді. Жергілікті қалталы жандар да қаржысын салуға ойланып қалатын. Қазір іргелі істерді жүзеге асыруға құлық танытқан инвесторлар қатары көбейіп келеді. Себебі облыста қандай кәсіптің де берекесін кіргізуге оңтайлы жағдай жасалып отыр. Соңғы жылдарда жүзеге асып жатқан жобалар оған нақты дәлел. Келешекте әлі де көптеген келелі істің елдің игілігіне айналарына көз жеткізуге болады. Өрлеу жолына түскен өңірдің бүгінгі бет-бейнесі сондай үкілі үмітті оятуға негіз қалап отыр. Сырт көзге бұйығы қалпында көрінетін Сыр өңірінің тіршілік ауаны осылайша өріліп тұр.
Аграрлық саланың ауқымы кеңейді
Қызылорданың күрішпен аты шыққан. Сырдағы диқандар жайқалтып егін өсірді. Елді сапалы күрішпен қамтамасыз етті. Төрт түлікті түлетті. Бүгінде тек бір кәсіппен шектелуге болмайды. Өнім өндіруге көңіл бөлуің тиіс. Шетелден шекара асып талай өнім келіп жатыр. Оған тосқауыл қоюға бізде барлық мүмкіндік бар. Ол – азық-түлік қауіпсіздігінің басты кепілі. Оны дария бойындағы жұрт та жақсы түсінеді. Бұрынғыдай емес, елдегілер де есеп-қисапқа бой үйретіп жатыр. Тек жерден алған өнімге тоқмейіл кейіп таныта алмайсың. Өнім шығару кәсібіңнің көкжиегін кеңейте түседі. Облыстағы инвестициялық жобалардың басым бөлігінің аграрлық өндіріс саласының үлесіне тиетіні соған дәлел бола алады.
Индустриялық-инновациялық даму ауыл шаруашылығының өрісін кеңейтуге жол ашты. Жерден жиған несібені өңдеу мәселесі ілгеріде түйткілді тақырып болатын. Жомарттың қолын жоқтық байлаған кезеңді де естен шығарған жоқпыз. Осы күні елдегілер де жаңа технологияның игілігін көріп жатыр. Жаңашыл істер өнімнің сапасына да оң әсер етеді. Сондай-ақ табыстан тау тұрғызуға негіз қаламақ. Облыстың Қазалы ауданында «РЗА» акционерлік қоғамы тауарлы сүт фермасының іргесін қалады. Бүгінге дейін ағарғанды өзге өңірден тасудан әріге аса алмадық. Қазір сүт өнімі Сыр өңірінің өзінде өндіріліп жатыр. Жаңақорған ауданында томат өндірісі жолға қойылды. Игілікті іс «Тату-агро» серіктестігінің үлесіне тиіп отыр. Олар қызанақтан қажетті өнімді өндіріп жатыр. Күнбағыстан өсімдік майы да облыста дайындалуда. Оған «Сабыр және К» кәсіпорны ұйытқы болды. Бұл – ауыл шаруашылығында атқарылып жатқан тірліктердің бір парасы ғана. Елдегілер кәсіпті игеріп жатыр. Нарық бұрын ауылдағы ағайынды кеудеден итерген еді. Қазір бауырына баса бастады. Ертеректе өзге елдің фермеріне қызыға қарайтын едік қой. Себебі олар егін өсіреді, өнімді өңдеп, алыс-жақынға сатады. Қалтасы қалың. Бүгін ол таңсық емес. Бізде де солай.
Сырда бақша дақылының көлемі үлкен. Қауын мен қарбызды күзге дейін жейміз. Одан кейін қазан болады. Болмаса, алқап басында қалып қояды. Әйтеуір, диқанға қыруар шығын. Енді оның да оңтайлы шешілуіне жол ашылды. Облыста бақша дақылдары өңделмек. Жоба басталды. Жұмысқа «Инновация ТВС 2020» серіктестігі білек түре кірісті. Таяуда алғашқы өнім тұтынушы қолына жол тартпақ. Өнім өткізу қиын емес. Сыртқа да шығады. Тіпті шетелдік жұрт та Қызылордадан шыққан өнімге таңдай қағатын күн алыс емес.
Аз уақыт бұрын «ауылдың келешегі жоқ» дейтін жандар бар еді. Бүгін олар бұлайша тон піше алмайды. Өйткені аграрлық өнеркәсіптегі айта жүретін істерді көзі көріп отыр. Халық та қаладан кәсіп іздеуді азайтып келеді. Қазір Сырдағы қай ауылға барсаңыз да, жаңадан бой көтерген жаңа үйлер алыстан менмұндалап тұр. Бұл елдің жағдайын айғақтайды. Қиырдағы қоныста да кәсіп табылып жатыр. Қаланы қайтсін сосын! Ауылдан алшақ кетпей-ақ, отбасын асырайды. Тоқшылыққа тоқмейіл. Жергілікті жерде де кәсіпорындар тұсауын кескені елді қуантады.
Әлеуметтік саладағы іргелі істер
Қашаннан да елді әлеуметтік жағдай толғандырады. Үйде жарық жанбаса, ол да – үлкен мәселе. Шалғайдағы қонысқа ойқы-шойқы жолмен барсаң да, әбден діңкең құриды. Ал таза ауызсу қасқалдақтың қанындай қат болса ше? Мектеп пен емхана ғимараты құлайын деп тұрғаны да жұрттың жанына батады емес пе?! Түйткілдер ұзақ жыл бойы жалғасты. Оны шешуге кеңестік жүйенің де қауқары жеткен жоқ. Әйтеуір, әлеумет жайлы жағдайды тек армандап келді. Сыр бойындағы ел қордалы мәселенің шешілуін күтті. Бұл мақсатына бүгінгі таңда қол жеткізе бастады.
Кейінгі 20 жылда аймақта 100-ден астам мектеп бой көтерген екен. Ақшаңқан алтын ұясында білім нәрімен сусындап жүрген бүлдіршіндер қуанышы айрықша. Ұстаздар қауымы да бұрынғы қиындықтан құтылды. Олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай бар. Әлемнің озық елдеріндегі технология да осы күні мектептерде қолданысқа енген. Ауыл баласы да интернет секілді дүниені шыр айналдыра алады. Денсаулық сақтау мекемесі де елге қызмет көрсетіп жатыр. Сәулетті жаңа ғимаратта ақ халатты мамандық иелері елдің алғысына бөленуде. Арыға бармай-ақ, кейінгі жылдардың өзінде талай денсаулық орнының тұсау кескені көзге көрініп тұр. Тіпті аудан орталықтарында типтік жобадағы ауруханалар бой түзеп жатыр. Оған қаншама қаржы қажет екені белгілі. Қазына қазанында осындай игіліктерге қомақты қаржы табылып жатыр. Бір жылдары мәдениет ошақтарының басына қара бұлт үйірілген еді. Қалт-құлт еткен тіршілік өнер иелерінің де еңсесін түсірген-ді. Алыстағы ауылды былай қойғанның өзінде, өркениетті өмірге жақын облыс орталығында да ондай сан алуан мәселелер алдымыздан көлденеңдеп шығатын. Бүгінгі таңда барлығы да қалпына түскен. Қызылорда қаласындағы өнер ордаларының көпшілігі заманға сай көрік қосып, халыққа сапалы қызмет жасауға мүмкіндік алды.
Деннің саулығына судың да әсері мол. Сапалы ауызсу бұрын тек арман еді. Жеті қат жердің астында жатқан мол су қорын халықтың игілігіне айналдыруға қол қысқалық етті. Осы күні облыстың қай бөлігінде де оны жеткізуге ерекше мән беріліп отыр. Мына дерекке көз салып көріңіз. Соңғы он жылда облыста «Ауызсу» бағдарламасын жүзеге асыруға 20 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Соның нәтижесінде жалпы ұзындығы 1363 шақырымды құрайтын ауызсу құбырлары жаңартылды. Осы уақыт аралығында жергілікті бюджеттің есебінен 158 елді мекендегі ауызсу жүйелері күрделі жөндеуден өткізілді. Республикалық көрсеткіш бойынша Сыр өңірі бұл жөнінен алдыңғы қатарға шықты. Еліміздің Су ресурстары комитетінің мәліметіне сүйенсек, халықты ауызсумен қамтамасыз ету бойынша Қызылорда облысы алдыңғы орындардың бірін иеленіп отыр. Облыс басшысының қолдауымен әрбір ауданда жөндеу-пайдалану мекемелері тұсауын кесті. Олар жаңадан салынған ауызсу жүйелерін өз дәрежесінде ұстап тұруға және олардың толыққанды жұмыс істеуіне жол ашады. Бұл шара еліміз бойынша тұңғыш рет Сыр өңірінде қолданысқа енгізілген.
Осыдан төрт-бес жыл бұрын облыста жарықпен қамту түйткілді тақырыптардың бірі болды. Оған мынадай жағдайлар себепші болды. Аймақты электр қуатымен жабдықтайтын компания жекенің қолына өтіп кеткен еді. Осының салдарынан электр жүйелері әбден көнеріп, жарамсыз күйге түскен. Оны жаңғыртуға компанияның шамасы келген жоқ. Сол кезеңде жергілікті қазына қазанында да оны жаңартуға ақша жетіспеді. Соңғы үш жылдан бері аталмыш мекеме мемлекет қарауына өтті. Содан бері халықтың да жарыққа деген сұранысы толық өтеле бастады. 90-жылдардың ортасында электр қуатынан ажырап қалған кейбір шалғай елді мекендер де бүгінде оның игілігін көріп отыр. Қазіргі таңда аймақ жарықпен толықтай қамтылып отыр деуге негіз бар. Облыста электр жабдықтарын жаңғырту жұмыстары басталды. Қуаныштысы, бұл бастаманы елімізде алғаш болып Сыр өңірі қолға алып отыр. Бұл мақсатта арнайы жоба жасалған. «Қызылорда облысының аудандарын электрлік жабдықтау жүйесін дамыту» жобасы алдағы уақытта талай істің жүзеге асуына ұйытқы болмақ. Жұмыстар биылдан бастап қолға алынды. Енді ескірген жабдықтар мен тозған желілер жаңғырмақ. Облыс басшысының бастамасы елдің көп жылғы арманына қол жеткізуге жол ашты. Ендігі кезекте 2011-2013 жылдар аралығында облыс аудандарындағы электр желілері осылайша жаңартылмақ. Бұрынғы жылдары білте шамға күні қарап қалған ағайынға енді қазіргі заманға сай жарықпен жабдықтаудың игілігін көретін күн алыс емес.
Талантты жастарға қамқорлық
«Сыр елі – жыр елі» деген бекерден-бекер айтылмаса керек-ті. Дарияның бойында дүйім елге ән мен жыр тарту еткен талай дүлдүл өткен. Сол өрісті өнердің әлі де шырағы маздап жанып тұр. Аталар аманатының қашаннан да тұғыры биік. Бүгінгі ұрпақ сол өнердің өрісін аша түскен. Жергілікті басшылық мәдениет саласына қамқорлығын көрсетіп келеді. Облыста мәдениет ошақтарының қатары артып жатқандығы соның айқын дәлелі болады.
Облыс орталығынан жаңа кітапхана тұсауын кесті. Аталмыш ғимарат алыстан менмұндалап тұр. Келбеті де көз тартады. Оқырман қауымға онда барлық жағдай бар. Қаншама қазына сонда жатыр. Бұрын кітапхана әр жерді сағалады. Қаншама мұра болғандықтан, оған ерекше күтім қажет етіледі емес пе?! Кітапханашы қауым қолдан келгенше байлықты сақтауға тырысты. Ғимарат азабын тартты. Сәулеті ерекше ғимарат сол қиындықтың барлығын артқа тастады. Қазір кітапханада барлық жағдай бар. Бұл – Сыр өңірінің өнері мен мәдениетіндегі бір ғана көрініс. Осы көрікті істі аймақтың кез келген жерінде кездестіруге болады. Көптеген ауылда мәдениет ошақтарының түтіні түзу ұшуда. Баз бір жылдардағы жайлар ойға оралады осындайда. Елді мекендерде көп мәдениет ошағының жағдайы қиын еді. Есігіне қара құлып ілінді. Бүгінгі таңда бәрі өзгерді. Зәулім ғимараттар салынып жатыр. Ауылдан талай талант түлеп ұшады әлі...
Талантты жастар спортта да бар. Әрине, оларға қамқорлық қажет. Ілгеріде оларға көңіл бөлген ешкім болған жоқ. Талайы тасада қалып қойды. Қаржыдан қағажу көрді. Жарысқа бара алмады. Жаттығу залы да сүреңсіз еді. Ескі-құсқы дүние еңсені езетін. Білікті мамандар басқа салаға кетті. Жаңа ғимараттар салу арман болатын...
Бұл – өткен шақтың көрінісі. Қазіргіні айтайық енді. Аймақта талай спорт ғимараты іргесін көтерді. Ол аудандарда да жасалуда. Аралда спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Онда жастар спорттың бірнеше түрімен айналыса алады. Бассейн де бар. Бұрын ауданда ондай болған жоқ. Аймақтың қалған аудандарында стадиондар ашылды. Бәрі де соңғы үлгімен салынған. Жасанды төсеніш төселген. Мұндай орындар ауылдарда да елдің игілігіне айналуда. Облыс басшылығының қолдауымен елді мекендерде шағын футбол алаңдары салынып жатыр. Оны спортқа қолдау демей көріңіз енді!
Сыр өңірі көптеген спорт түрін дамытуға назар аударып отыр. Солардың бірі – теннис. Теннис әлемде жоғары бағаланады. Талай дүлдүл есімін елге танытып жатыр. Келешекте олардың қатарын Сырда туған өрендер де толықтыруы әбден мүмкін. Қызылорданың төрінен теннис алаңы салынды. Онда үлкенді-кішілі турнир өткізуге болады. Қазірдің өзінде алаңнан қолына теннис қалақшасын ұстаған ұландарды көруге болады. Жарты миллиардқа жуық қаржы жұмсалған спорт ордасы осылай көптің кәдесіне жарап отыр.
Қуанышты тағы бір жағдай, Қызылорда қаласынан жабық мұзайдын салынып жатыр. Оңтүстікте қоныс тепкен өңір үшін қысқы спортты дамыту –қиынның қиыны. Десе де, жергілікті басшылық жастарды салауаттылыққа баулуға ерекше мән беріп отыр. Болашақта Сыр бойынан шайбалы хоккейді шыр көбелек айналдырған жастарды көрсеңіз, таңғала қоймассыз. Одан өзге де қысқы спорт түрлерінің өрісі кеңеймек.
Қазақ елі үлкен белеске беттеп келеді. 20 жыл біздің мемлекеттің Жер шарында өз орнын еншілеуіне барометр секілді. Қазақстанның дамуында әрбір өңірдің де сүбелі үлесі бар. Бұрынғы жылдарда Сыр бойы тек аграрлық жүйеге көңіл бөлсе, қазіргі заманда өндірісті де өрге домалатып отыр. Серпіліс үлкен істерге негіз қалады. Алдағы уақытта да сол жарасымды дәстүрдің өз жалғасын табатыны анық.