Шығыстан Кеңестің елесі кетпей жүр

Шығыстан Кеңестің елесі кетпей жүр

Бір көшеге бір кісінің есімін бірнеше мәрте берген жерді естігеніңіз бар ма? Бір көшенің екі атауы бар қаланы көргеніңіз бар ма? Бар екен. Айтпағымызды түсініп отырған боларсыздар. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» кебін киген, жаза-жаза жауыр болған тақырып» дерсіздер, бәлкім. Жоқ, ономастика мәселесі қазақ үшін қашанда мәңгілік тақырып. Қозғамаса, қаузамаса түйіні тарқамайтын өзекті тақырып. Сондықтан Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында ел көкейінде жүрген мәселелерді ел талқысына тағы бір мәрте салғанды құп көрдік.

Кеңес келбетті кенді өлке
Өскемендегі бүгінгі тілдік-ономастикалық жағдайды сипаттауға осыдан басқа теңеу таппадық. Рас, осыдан екі жыл бұрын Өскеменге Абай ескерткіші орнатылғанда қуанбаған қазақ жоқ шығар. «Ақ түйенің қарны жарылды», «Өскеменге Абаймен бірге Алаштың рухы келді, қазақтың мәртебесі асқақтады» деп бөркімізді аспанға аттық бәріміз. Расында, Өскеменге Абайдың келуі талай жүректерге үміт отын жаққаны анық. Жұрт енді Абай келген Өскеменге мұхит Мұхтар мен шалқар Шәкерім, киелі өңірдің топырағынан шыққан өзге де қайраткер тұлғалар келіп, сан жылдар бойы санасы сансырап, қазақы рухтан айырылып қала жаздаған шаһарда Алаш рухы атой салар деп сенген. Кешегі күндер келмеске кетті деп түйген. Бірақ, міне, екі жыл өтіп, үшінші жыл­ға аяқ бастық. Өзгерген ештеңе жоқ. Баяғы жар­тас – бір жартас. Сол көше, сол алаң, сол ескерткіш, сол көрсеткіш.
Көрсеткіш деп бекерге айтып отырғанымыз жоқ. Мына деректер мен жер-су атауларына бір сәт көз жү­гіртіп көріңіз.
Қалада ұзын саны 579 көше бар екен. Соның 32-сі ғана қазақ тілінде. Яғни – 5,5 пайыз. Өкініштісі сол – 579 көшенің дені мән-мағынасы жоқ атауға ие. Мәселен, шаһарда Центральный, Паровозный (1-ші Паровозныйдан 6-шы Паровозныйға дейін және жай Паровозный) деген 7 көше, Полтавский, Ком­му­нальный, Кривонос, Невский, Арычный, Б.Хмель­ницкий деген төрт көше бар. Ал осындай 12 көше үш реттен, 31 көше екі реттен қайталанған. Өскемендегі кө­шелердің атауларына көз салсаңыз, Ресейдің бір қиы­рындағы әлі күнге Кеңес өкіметі кетпеген бір қа­ласы екен деп ойлап қалуыңыз әбден мүмкін.
Бір қызығы, қала көшелеріне қа­зақ тұл­ғаларының атын тап­па­ған­дай, кешегі қы­зыл империяның көсемдері мен ше­шен­дерінің есімдерін қа­бат­тас­тырып қоя берген. Қараңыз, Карл Маркстың «құр­ме­тіне» екі көше атауы бе­рілсе, Киров, Куй­бы­шев, Кутузов, Курчатов, Суворов, Степан Разин, Ермак, Фрунзе, Ча­паев, Жуков, Свер­длов, Дзержинский, Калинин, Ми­коян, Ворошилов, Р.Люк­сем­бург, Клара Цет­кин мен Крупскаяға үш кө­ше атауын «сый­ға тартқан». Сау адамның өзі санынан шатасуы мүмкін. Шәкәрім кө­ше­сінің са­ны­нан шатасып, Абай көшесінің санынан ада­сып жүрсек арман не?
Ресейдің Волгоград, Владивосток, Но­во­сибирь, Хабаровский, Тульский, Омск, Саратов, Спасск секілді қалаларының атауын да Өскеменнен табасың.
Айтпақшы, Өскемендегі 34 шағын ау­дан­ның аттары да түгелдей орысша. Ок­тябр­ский, Красина, Ахмирова, Сам­со­нов­ка, Защита, Прохладная, Аблакетка, Ме­нев­ное деп жалғаса береді.
Ең сорақысы, қаладағы бір көшенің екі атауы бар. Мәселен, шаһардағы Тәуелсіздік даң­ғылын проспект Независимость десе, Жеңіс көшесін Победа деп атайды. Құ­жат­тар­да солай жазылып жүр. Өкініштісі сол – соны бақылап, қадағалап, тоқтау айтқан жанды көрмедік. Өскемен ғана емес, облыс орталығымен іргелес жатқан Глу­бо­кое, Шемонайха, Бородулиха, Зырян ау­дан­дары мен Риддер қаласындағы оно­мас­тикалық жағдай да мәз емес. Бұл ау­дан­дардың тарихи атауы болса да (мә­се­лен, бұрындары Глубокое – Ақтас, Зырян – Көктас, Бородулиха – Белағаш деп атал­ған екен) оның қайтарылар түрі кө­рін­бей­ді.
«Ленин атаны» қия алмай жүрміз
«Сегіз ұлым – бір бөлек, Ер Төстігім – бір бөлек» демекші, өңірдегі ескерткіштер мә­селесі де таңды-таңға ұрып жыр қылуға тұ­рарлық тақырыптың бірі.
Бәлкім, сенерсіз, бәлкім, сенбессіз, Шығыс Қазақстанның кейбір аудандары Ленин бабасын әлі күнге қимай, әлпештеп-аялап отырған жайы бар. Күн көсем сол баяғы қасқайған қалпында. Құдды заман өзгермегендей, уақыт жылжымағандай.
Ленин ескерткіші қазіргі күні Ұлан ауданының Таврия ауылындағы (бұрынғы аудан орталығы – А.Қ) Мәдениет үйінің алды мен Глубокое ауданының Уварова ауылындағы көшенің қақ ортасында қасқайып тұр. Шемонайха ауданының бір елді мекені мен Зырян ауданының орталық алаңында «ұрпағына» жол нұсқап тағы бір Ленин ескерткіші тұр деседі көргендер. Көк­пекті ауданының Самар ауылында кеу­де мүсінінің бар екенін білеміз. Тек Ленин ғана емес, кешегі Кеңес өкіметінің сойылын соқ­қан Киров, Калинин секілді қызыл кө­сем­дердің ескерткіш, мүсіндері өңірдің әр ау­ма­ғында (қаптаған көше атаулары өз алдына – А.Қ) жетіп-артылады.
Облыста қанша Ленин, қанша Киров бар екенін тап басып айта алмаймыз. Біздің білетініміз, көргеніміз осы... Білмейтініміз, әлі көрмегеніміз қаншама...
Ленин демекші, Өскемендегі ірі мәдени ошақтардың бірі, металлургтердің Мә­де­ниет сарайының ішіндегі кең залға енсеңіз, «күн көсемнің» бейнесін көресіз. Жай тұр­ған жоқ, төл өнеріне сусап жүрген қалың кө­рермендерге, сахна саңлақтарына жол нұсқап, қолын көтеріп тұр. Мұны бір деп қойыңыз. Тағы бір сорақысы, осы Мә­де­ниет сарайының екінші қабырғасында 15 одақ­тың өкілдері бейнеленген үлкен сурет бар. Сол суретке көз жүгіртсеңіз, көзге көрі­нер-көрінбес болып шетте тұрған бай­ғұс қазақты көресіз тағы.
Айтпақшы, шаһарда «Жастар саябағы» деп аталатын тамаша демалыс орны бар. Ол жерге барсаңыз, сізді қолын көкке соз­ған Киров ескерткіші қарсы алады.
Мәдениет сарайына барсаң, төбеңнен төніп Ленин тұрады, «Жастар саябағына» барсаң, қарсы алдыңда қасқайған Киров, алшаңдап басар алаңың Ушанов атында. Шаһардағы ұлттық рух туралы сөз қозғап көр енді.

Астанадан үлгі алсақ...
Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы­мыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі авторы болып табы­латын, үнемі қадағалап, бақы­лап оты­ратын Астана қаласының 800-ден ас­там көшесі қазақыланған болатын. Қа­ла­ның тіл басқармасының бастығы Ораз­күл Асан­ғазының жер-жердегі қаламгер­лерге хабарласып, қазақ қайраткерлерінің есім­де­рімен бірге еліміздегі ең маңызды, тари­хи, әдемі атауларды жиыстырғаны да есі­мізде. Соның нәтижесінде Астанаға Алаш арыстарының аттарымен қатар, Тұран, Түркістан, Алтай, Сығанақ, Сауран, Сарай­шық, Ұлытау, Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Шар­дара, Қызылқұм секілді тарихи атау­лар да ажар кіргізді.
Осы ретте Өскемен неге Астанадан үлгі алмасқа? Тәуелсіздіктің 20 жылдығында ең болмағанда шаһардағы 20 көшеге неге қазақша атау бермеске? Шаһардағы Киров ескерткіші тұрған Жастар саябағын Ғани Мұратбаев саябағы, қаланың қақ орта­сындағы Ушанов алаңын Шәкәрім немесе Мұх­тар Әуезов алаңы деп неге атамасқа?

«Мен байғұста арман көп» депті ғой баяғыда біреу. Сол айтпақшы, өңір­дегі жұрттың сан жылдар сарғая күткен арманы да – біреу. Ол – Өскеменді қазақы­лан­дыру. Қаланы қазақыландыру ұлттық рухты бойына молынан сіңірген Бердібек Сапарбаев пен Ислам Әбішев сынды білікті басшылардың қолынан келетініне жұрттың сенімі зор.
Ұзын сөздің қысқасы, кенді өлкенің кеңестік атаулардан құтылар кезі жетті. Ендігі іс ел сенген ерлерімізде.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста