Соңғы уақытта сарапшылар қалтаңыздағы қаржыны үнемдеу үшін шығынды да жоспарлау қажеттігін жиі айтып жүр. Ал енді шығынды жоспарлау дегеніміз не? Мұны біз білеміз бе?
Негізінде, шығын жасауға да арнайы жоспар құрып, дайындалу керек екен. Ол үшін алдымен өзіңізге өзіңіз «Қайда? Қалай? Не үшін?» деген сауалдарды қоя білгеніңіз жөн. Мысалы, «қайда?» деген сұрақ сіздің қай жерден сауда жасайтыныңызды анықтайды. «Бұл кездейсоқ тап болған жолдағы дүкенге ене салудан, сапасыз зат сатып алудан, орынсыз шығындалудан сақтайды» дейді мамандар. Сөйтіп, бұл сауалды өзіңізге жиі қою арқылы сіз өз қажеттілігіңізді қанағаттандыра алады екенсіз.
Ал «қалай» деген сауал сізді сатып алу тізіміне жан-жақты дайындалуға бағыттайды. Демек, сіз дүкенге жай ғана кіре салмайсыз, бұл орайда өзіңізге не сатып алуға келгенде, сізді ешкім міндеттей алмайды. Өйткені сіз қалай сауда жасауды, қалай шығынды жоспарлауды алдын ала жоспарлағансыз. Бұл орайда да сіз саналы түрде шешім қабылдай аласыз.
Енді «не үшін?» деген сауалға келсек, мысалы, дүкеннен шығардағы кассада тұрған шоколадтар мен сағыздар немесе басқа да ләззат алатын ұсақ-түйек заттар көрсеқызарлық сатып алуға әкеп тірейді. Сіздің кезекте тұрған сәтіңізден бастап, көзіңіз алдыңызда қаланып тұрған шоколадтарға, кәмпиттерге түсті делік, осы сәтте өзіңізге «не үшін?» деген сауалды да қоя білгеніңіз жөн. Міне, бұл сауал да орынсыз шығыннан бойды алшақтауға мүмкіндік береді.
Осыдан кейін сіз шығынды жоспарлағанда, жоспар бойынша өзіңізді ұстай білдіңіз бе? Осы сауалдың астарына үңіліп көріңіз. Егер де сіз жоспардан ауытқысаңыз, оның себебін көрнекті сиямен жазып алып, үйіңіздегі өзіңіз жиі қарайтын жерге іліп қойыңыз. Бұл келесі жолы жоспарлы шығыннан ауытқымау үшін қажет нәрсе. Бір ескеретіні, бұл тәсіл өзіңізге көңіліңіз әбден толғанша жалғасуы керек.
Жалпы, қаржы кеңесшілерінің айтуынша, шығынды ұйымдастыру кезінде отбасы мүшелері өз кірістерін біріктіру арқылы ортақ мақсаттарға қол жеткізеді. «Яғни алға белгілі бір мақсаттар қойып, ол мақсаттарды тізіп, оған жетудің бағасын біліп, мерзімін анықтау қажет», – дейді бұл орайда сарапшылар.
Негізінде, шығынды жоспарлауға қатысты жоғарыда айтылған әрекеттер қалтаңыздағы қаржыны бақылаудың бір бөлігі болып табылады. Егер сізде уақыт өте келе «шығыс бойынша жоспарланғандағыдан көбірек жұмсасам» деген ниет туса, онда өзіңізге өзіңіз «мен жоспарланған мақсаттардың бірін құрбандыққа шалуға дайынмын ба?» деген сұрақ қойып көріңіз. Ал осы сауалға «дайынмын» деген жауап алсаңыз, онда шығындық жоспарды көбейтуіңізге болады. Жалпы, біле-білгенге ақша жұмсаудың бұрыс немесе дұрыс үлгісі жоқ. Әрине, әркім қалтасындағы қаржысын өз еркінше жұмсауға құқылы. Әйтсе де сіз шығынды жоспарлай отырып, қалтаңыздағы қаржыңызды үнемдеуге қол жеткізсеңіз, отбасының барлық мүшесі риза болары анық. Демек, бұл сіздің шығынды ұйымдастырудың дұрыс үлгісін таңдап алғаныңызды көрсетеді. Ендеше, біз бұған қатысты шығыныңызды жоспарлап, кірісіңізді молайта біліңіз демекпіз...