«Судың да сұрауы бар» деген тіркестің мәні бүгінде тереңге кеткендей. Өйткені ауызсу мәселесі бар қазақтың бас ауруына айналғалы шындық. Гидролог мамандар «Қазақстан 2050 жылы-ақ ауызсу тапшылығына тап болады» деп дабыл қағуда. Тіпті экологтер сол уақытта Қазақстан сырт елдерден 5 миллиард теңгеге ауызсу сатып алады деген қорқынышты болжамдарын айтуда.
Расында да, қара суға жарымай құбыры тесіліп, көлі тартылып жатқан халықтың қарасы қалың. Жанары жасқа толған жұрттың билік басындағыларға да өкпелері қара қазандай. Яғни құрғақ уәде де, құрғақ қасық та ауызды жыртып тұр. Ал «Ақ бұлақ» және «Таза су» бағдарламаларының шарапаты шалғай ауылдарға әлі жетер емес. Кенезесі кепкен ел санитарлық талапқа сай келмейтін суды ішуге мәжбүр. Әрине, бұл түрлі жұқпалы ауруларды асқындырып, онсыз да жағдайы жайсыз елді жүдетіп жатқаны өз алдына бір әңгіме. Тәуелсіз сарапшылар мен гидрологтер соңғы жылдары жауын-шашын көлемінің кемуі су мөлшерін де төмендеткенін айтады. Яғни 1991 жылдан 2012 жылға дейін бағдарламалар шеңберінде республикамызда бірде-бір жерасты су қоры анықталмаған. Ал бөлінген миллиардтаған теңгелерге ондаған елді мекенді ғана ауызсумен қамтып қана қойған.
Өңірлік даму министрлігінің статистикасына сенсек, 2011-2012 жылдары 164,7 млрд теңгеге 702 жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде орталықтандырылған су жүйесіне қалаларда 82-ден 84 пайызға, елді мекендерде 42,5-тен 43 пайызға артқан. Ал биылғы жылы бағдарлама бойынша 300 жобаны жүзеге асыруға 78,1 млрд теңге қаржы қарастырылыпты. Жалпы, мемлекеттік ауызсу бағдарламаларына осы күнге дейін бақандай 300 миллиард теңгеге жуық шығын жұмсалған. Бірақ нәтиже халықтың көңілін көншітпей отыр.
Бір жұтым таза суды ішуі мұң кейбір жерлестеріміздің көл мен көлшіктің суын сіміріп жүргенін көргенде ішің ашиды-ақ. Алайда тіршілік нәрінің күн санап көзі таусылып келе жатқанын статистика да растап берді. Оған қарағанда, соңғы жылдары Қазақстанда 20-дан артық көлдер мен өзендер мүлде жойылып кеткен. Ал гидро-геологиялық зерттеу арқылы табылған су қоймасы тіркелмеген де.
Аманбек ҚАЛЖАНОВ, Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
– Шынымен де, біздің өңірде де, тіпті барлық елімізде су мәселесі аса өткір тұр. Дегенмен «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы біршама қадам жасалғандай болды. Атап айтқанда, 595,7 шақырым су құбырлары жүйелері, 10 су мұнаралары, 15 насос стансысы салынып, күрделі жөндеу жүргізілді. Дегенмен су мәселесі шешілмеген ауылдардың да қатары жетерлік. Айталық, өткен жылы жобалық-сметалық құжаттама мен су қорын есептемеу салдарынан Жақсы және Зеренді аудандарында 170 миллион теңге қаржы игерілмей қалып, осының салдарынан тұрғындар зардап шегуде. Тіпті ауыл түгіл, облыс орталығындағы халықтың 80 пайызының ғана орталықтандырылған сумен қамтылуы мәселенің аса өзекті екенін көрсетеді.
Түйінді мәселелер тұтас елді де елеңдетіп отырғанын айтпасқа болмайды. Әсіресе оңтүстіктегі жағдай ойландырарлық. Саясаттың салқыны ма, әлде басқа ма, қырғыз ағайыннан келетін өзен суы дәл қажет мезгілде тартылып қалады. Ал көктемде, керісінше, тиегі ағытылып, бей-берекет су елдің берекесін алады. Біздің Үкімет қанша қам жасаса да, жылдағы жартас сол жартас күйі қалып келеді. Сырдария өзеніндегі жағдайды да өзбектер өз жағына тартудың амалын жасап қалады. Қалай дегенмен де су маңайындағы сөз майданы әлі сол күйінде... Қордаланған жайдың шиеленіскен күрмеуін тарқатып беруде мемлекеттік бағдарламалар адымын аша алар емес.
Ал дүниежүзіндегі жағдай тіпті алаңдатарлық. Қазір әлемнің 80 елінде тұратын 2 миллиардтан астам адам ауызсудан таршылық көруде. Ал соңғы 150 жылда адамзат қолданатын таза ауызсу төрт есеге кеміген. Ғалымдардың зерттеу нәтижелеріне сенсек, 2025 жылы 48 мемлекеттегі жалпы саны 3 миллиард адам судың тапшылығына тап болуы мүмкін. Тіпті дәл қазіргі күні әлемнің 3 миллиард тұрғыны сапасыз суды тұтынуға мәжбүр. Осы себептен адамзат баласының 25 пайызына жұқпалы ауру қатері төніп-ақ тұр. Жүректі шайлықтырған сандар шындыққа айналса, ауызсу үшін күрес енді басталмақ.
Сонда мәселені қайтіп шешпек керек? Ғаламды қыспаққа алған қара су қазақты да қапаландырып тұр. Тіпті бар суды үнемдеп жұмсау да билік пен бұқараның жүйкесін жұқартқан әңгіме. Шүмектеп аққан суға белгіленген тариф те енгізілді. Алайда тұтыну көлемі төмендер емес.
Нина ДЬЯЧЕК, Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы:
– Суды үнемдеу үшін орталықтандырылған су жүйесіне қосылған әр пәтерге есептегіш құралдар да қойылған. Бірақ судың бағасы арзандау болғасын ба, өлшеусіз қолданатындар саны азаяр емес. Бұл жаңалықтың мәнісін түсінбей жүрген пәтер иелері жетіп-артылады. Жаңалыққа үрке қарайды. Есептегіш құралдарды өздері келіп неге орнатып бермейді деген жаңсақ көзқарас басым.
Ауызсу қауіпсіздігінің алдын алуды Елбасы да Жолдау жолдарында қадап тапсырғаны рас. Бірақ қазынадан шыққан толайым қаржы толассыз жұмсалса да, толағай жетістікке жете алар емеспіз.
Ресми емес дерек көздері елімізде сумен қатар, суды зерттейтін геолог мамандар да тапшы дегенді айтады. Яғни бар суды барлайтын маман саусақпен санарлық. Кеңес уақытында жылына кемінде екі-үш су қорын барлап беретін бұл сала қазір кенжелеп кеткен. Мұны өңірлік гидрогеология бөлімі де растап отыр.
Михаил КУЧИН, гидрогеология ғылымының докторы, профессор:
– Шынында да, гидрогеолог мамандары қазір қасқалдақтың қанынан қат. Тіпті еліміздің бар аймағында гидрогеологиялық департаменттер мен бөлімдерде гидролог мамандардың орнына статист мамандар қызмет атқаруда. Бар мамандардың жасы зейнет жасынан асып кеткен. Бұған басты себеп – осы мамандыққа жастарды оқыту мәселесі шешілмей келеді. Жердің астынан су қорын «иіскеп табатын» мамандар қазір тапшы. Бұлай жалғаса берсе, гидролог мамандарды шетелден сұрайтын да жағдайға жетеміз.
Түйін
Расында да, дәл қазір жоғары білікті гидрогеолог мамандарының жалпы саны 15-тен аспайтын көрінеді. Бұл дегеніңіз жерасты суларын тап басып тауып бере алатын маманның шынымен жоқтығын айғақтайды. Бәлкім, гидрогеолог мамандарды даярлауға мемлекеттік көмек қажет шығар. Қалай дегенмен де бұл мәселеге мемлекеттік тұрғыдан қарайтын кез жеткен сияқты.