Шет елдіктер қазақ даласындағы өсімдіктерге неге құмар?

Жазда тауға демалуға барғанда шет ел азаматтарының жүргенін байқап қаламыз. «Келсін, көрсін, онда тұрған не бар?» дейсіз. Қазақтың кең байтақ даласын кім қалай аралаймын десе де өз еркі ғой. Бөтен елден келгендерді ешкім тексеріп, «Қандай мақсатпен, не іздеп жүрсің?»деп сұрамайды. Баршаға құшағын кеңінен ашқан, дарқан көңіл қазақтың жерін аралайтын қонақтарды бақылауға да қақымыз жоқ қой. Қала ішінде шет елдіктер жұмыс істейді делік, ал алыстағы тау бөктерінде не іздейді? Жай ғана демалып жүр ме?

Алматыдан 300 шақырым жердегі биік асудан асқанда шет елдік автокөлік тоқтады. Ішінен американ азаматы шығып, тастың түбіндегі шөпті жұлып, дорбасына салды. Біраз жүрген соң көлігін тағы тоқтатып, сайдағы әлдебір өсімдіктің бірнешеуін тамырымен қазып алды. Осылайша шөп терген шет елдік мырза Қытаймен шекаралас ауылдың аумағындағы өзен аңғарына да жетті. Бұл жерден де іздеген шөбін тапты. Оның қыр астындағы қытай ауылына өтпесі анық. Өйткені, шөптің қадірін білетін қытай сирек өсімдіктерін бөтенге бергізіп қоймайды. Сонда «Кең даланың шөбінде тұрған не бар дейсің, ала берсін» деп аңқиып қарап тұратын қазақ қана ма дейсің?
Кейінгі жылдары жаз айларында Алматыдан шығып, таулы өңірге барған сайын шөп терген шет елдіктерді жиі көретін болдым. «Бұл өсімдікті не істейсіз?» деп сұрай қалсаңыз, «зерттейміз» дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Бірнеше жыл бұрын Кеген мен Нарынқолда сирек кездесетін өсімдіктерді тамырымен жұлып жатқан шет елдіктер туралы жазғанбыз. Жалғыз біз емес, басқа да қалам иелері бұл тақырыпта анда-санда мәселе көтеріп жүр. Бірақ қазақ жеріндегі шөптің сұрауы да, иесі де жоқ сияқты. Біраз уақыт бұрын «Мегаполис» басылымында американ, канадалық мамандардың тағы да казақ даласынан «Қызыл кітапқа» енген көксағызды бірнеше шамаданмен тасып әкеткені туралы жазылды. Содан соң бас-аяғы 7-8 жылдың ішінде бұл мемлекеттердің ғалымдары көксағызға қатысты жаңалық ашқандығын жаһанға жария етті. Бірнеше килограм көксағызды қазақстандық бірде бір мекеме тексерместен Америкаға оңай өткізіп жіберіпті.
Бұл бір ғана журналистің көрген оқиғасы. Ал күніне қаншама тауар шығарылып жатқан Қазақстан әуежайында құнды өсімдіктердің қаншаматүрі мәңгілікке кетіп жатыр десеңші! Жергілікті тұрғындар немесе тиесілі мекемелер қадағаламаған соң бөтендер иесі жоқ жер деп біліп, қалаған шөбін тамырымен жұлып өз елдеріне әкетіп жатыр. ҰҚК шекаралық бекет маңынан бірен-саран шет елдікті ұстағаны туралы анда-санда айтылып қалады. Алайда таудағы демалысты сылтауратып өзен-көл жағасынан, шатқалдардан, тіпті кісі баласы шыға бермейтін таудың басына дейін өрмелеп жүріп, емдік шөптерді теретін жат жұрттықтардың тірлігіне біздің қазақ немқұрайлы қарайтындай.
Осындайда табиғатын қорғауға барын салып жатқан елдердің ұқыптылығына қызығасың. Кейбір мемлекеттерде келетін шет елдіктер алдын ала қатаң тексеруден өтеді. Ауыл-аймағын аралайтын болсаңыз да, не үшін, қандаймақсатпен келгеніңіз туралы мәлімет беріп, алдын ала құжат толтыруыңыз қажет. Және сол құжатқа сай әрекет етуесіз. Қоршаған ортаға немқұрайлы қарамайтын мемлекеттер таудағы гүлдерді жұлу сияқты бейберекет әрекетке шет ел азаматынжібермейді. Тіпті туристер көп баратын Таиландтың өзінде ел аумағынан сирек кездесетін заттарды, өсімдіктер мен хайуанаттарды шығаруға тиым салынған. Австралияда өсімдіктермен бірге өсімдік тұқымын, коралл, жануар қаңқаларын ел аумағынан сыртқа әкетуге болмайтын заң бар. Бұл елде сондай-ақ, Уэльс штатының жағалауындағы құмын алуға тиым салынған. Бразиялиядан көне заттармен қоса өсімдіктерді әкете алмайсыз. Вьетнамда маржандар, сирек кездесетін өсімдіктерді шет елге апаруға тиым салатын заң бар. Үндістанға барған туристер аң терісін, піл сүйегінен жасалған заттарды және өсімдіктерді алуына болмайды. Бұл ережені бұзғандар айыппұл төлейді. Италияда табиғи өңірге шет елдік демалушылар аяғы тиген сәттен бастап арнайы топ бақылай бастайды екен. Жаңа Зеландия киви жемісін және одан жасалған сусындарды сыртқа шығармайды. Біріккен Араб әмірлігінен өсімдік тұқымдарын алғандар заң жүзінде жауап береді.
Ал Қазақстанда өсімдіктерді республикатерриториясынан шығаруға тиым салатын қатаң заңнамалық құжат жоқ. Керісінше«Өсімдіктер дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен
дериваттарын, оның ішінде сирек кездесетін және құрып кету
қаупі төнгендер санатына жатқызылған өсімдіктер түрлерін
Қазақстан Республикасына әкелуге және одан тысқары жерлерге
әкетуге рұқсаттар беру
қағидасы» тәрізді құжаттар бағалы шөптерден қарап отырып айырылуға жол ашуда. Кеденде өсімдіктер мен жануарларды ел аумағынан шығаруға қатысты тарифтер де бекітілген. Қажетті сирек шөбін тиеп алған соң шет азаматытөмен деңгейдегі соманы әуежайдатөлей салары анық. Өйткені, қасиетті шөптерді тиісті мақсатта зерттеуден түсетін пайда шаш етектен екені белгілі. Мәселен, біздің елден көксағыздыстратегиялық мақсатпен тасығанамерикандық, канадалық ғалымдарартынан орасан пайда түсіретін жаңалықтар ашқаны мәлім.
Қазақстан жануарлар мен өсімдіктер дүниесі бай ел екендігін жат жұрттықтар біліп алған. Олар халқымыздың дархандығынан, шет елден келген қонақтарға барын беріп, көңілін табуға тырсатын қонақжайлығынан да хабардар. Сондықтан өзіндік пиғылы бар бөтендер дәрілік өсімдіктерді Корея, Израиль немесе Жапониядан емес, нақ қазақ жерінен еркін алуға болатындығын басынан ескеріп келеді. Бүгінде Қазақстан аумағында 11000-нан астам өсімдіктіңтүрі бар екен. Бұлардың ішінде мың неше түрлі дәрілік өсімдік сиреп барады, талайы жойылудың аз-ақ алдында. Оны бақылап, зерделеп отырған мекеме бар ма?Қазақстанда суда өсетін өсімдіктердің өзі 63 түрлі және дүниежүзі бойынша ең көнесі біздегі су бассейнінде екен. Алматының алмасы жер бетіндегі алманың алғашқысы екенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Жабайы алмалардың алғашқы түрі Жетісу өңірінде шығыпты. Алайда бұрынғы жайқалған алма бақтар қазір сиреді. Алма ағаштарын құрылыс мақсаттарында отап тастап, Қытай мен Өзбекстаның алмасын тұтынатын болдық.
Қазақстанның «Қызыл кітабына» 600-ге жуық гүлдер мен шөптер енгізілген. Оның 287 түрі гүлді өсімдіктер. Елімізде шөлде өсетін өсімдіктердің250-ден астам түрі бар. Бұның ішінде әсіресе сексеуілді отау әрекеттеріне де белең алуда. Оңай пайда табуды ойлағандар сексеуілді заңсыз шауып алып, жәшік-жәшігімен сауда орындарына өткізуде. Кәуапханалар көбейген соңғы жиырма жылда қанша тонна сексеуіл заңсыз оталды? Есептеп, тексерген мекеме қайсы? 2004-2014 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында сиреп кетуіне байланысты сексеуілді отауға мораторий жарияланды. Алайда, осы уақыт аралығында кәуапқа пайдалану мақсатында отау әрекеттеріазаюдың орнына жиілеп кеткен.Ал ұсталғандар шағын мөлшерде айыппұл төлеп құтылған. Қазір бұл өңірде сексеуіл егу жұмыстары жүргізілуде. Бірақ, өсуі баяу қатты ағаш тұқымдасының жуандауы үшін 20 жылдай уақыт керек.
Жуырда Қазақстанның бас прокуратурасына мия тамырын экспорттауға шектеу қою жөнінде ұсыныс жіберілді. Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, облыста мия тамырын заңсыз қазу фактілері шектен тыс көбейіп кетіпті. Мия сирек кездесетін өсімдіктер тізіміне енбегендіктен оны ұрлаушылар ешқандай құқықтық жауапкершілікке тартылмайды. Сондықтан жөні-жосықсызөсімдік тамырын қазушылар табиғатқа орасан зиян келтіруде.
Жазда тауларда туристіктоппен бара қалсаңыз, егде жастағы бөтен ұлт өкілдері «қыста дәрі жасаймын, шайға қосып қайнатып ішемін» деп, гүлді өсімдіктерді тамырымен жұлып жатқанын да көп көреміз. Бұндай демалушылар заң жүзінде тиым салу әрекеттері болмаған соң айтқаныңа құлақ аспайды. Күнделікті тіршілікпен әр қазақ қара басын күйттеп кеткен заманда даланың шөбін қорудың өзі күлкілі боп көрінер. Алайда, жер қазақтікі болған соң, оның асты ғана емес үстіндегі байлық – табиғат әлеміне де оның мекендеп отырған халық жауапты.
Әңгіменің төркіні жердің тозығы жетіп, тақырға айналмауына қатысты болып отыр. Құнды өсімдіктерді тамырымен жұлушылардың көбеюі республиканың флорасына орасан нұқсан келтіруде. Қыс аяғында Алматыда тамырымен жұлынған бәйшешектерді сатушы орыс әжейлер әр көшеден кездесіп қалады. «Туысына, досына бәйшешек сыйлау – жақсылықтың нышаны» деген сөзге сенген жастар көктемнің алғашқы гүлін сатып алып жатады. Ал бұл гүл жойылу қаупі төнген өсімдіктердің санатына енгеніне ешкім бас қатырып жатқан жоқ. 20-25 жыл бұрын мезгілі жеткенде бәйшешек Алматы маңындағы қырда қаулап өсетін. Ал қазір алыс ауылдардың өзінде сиреп кетті. Сондай-ақ көктемде «Қызыл кітапқа» ену қаупі төніп тұрған қызғалдақтарды жұлып әкеліп, қала көшелерінде сату әрекеттеріне де тосқауыл қойылмаған. Болашақта бәйшешекпен бірге қызғалдақты да «Ботаника бағынан» көрмесек болғаны.
Ресей биологтары ормандарда қаулап өскен бәйшешектің соңғы жылдары мүлдем көрінбей кетуі табиғат үшін орны толмас нұқсан екендігін айтып дабыл қағуда. Қазақстанда түп тамырымен қазылып жатқан сирек өсімдіктердің тағдырына ешкім жауапты емес секілді. Ел аумағындағы өсімдіктерді тіркеп, белгілі бір мерзім сайын бар-жоғын анықтап, зерттеу жүргізген мекеме көрінбейді. Қазақстанның «Қызыл кітабының» жаңанұсқасы шығады деп айтылғалы бірнеше жыл өтті. Қазақстан өсімдіктерінің «Қызыл кітабы»соңғы рет 1981 жылы жарық көріпті. Жуырда бар болғаны 500 данамен жарық көреді деген хабар тарады. Алайда бұл кітап шектеулі данамен шығатындықтан сатылымға түспейтін көрінеді.
2012 жылы жасалған «Өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiне» сушырмауық,шолпаншаш сүмбiл, Мыңжылқы усасыр қырыққұлағы, жаңғақты лотос, сарғылт құндызшөп,түкті жанаргүл,шыршаның екі түрі,Талас бәрпісі,шұғылық, жіңішке көкнәр,бес түрлі сылдыршөп, рауғаштың екі түрі, аюжидек – барлығы 122 өсімдікенген. Бұл тізімге кіретін шөптердің саны жыл сайын өсіп барады. Мәселен, бір ғана Баянуылдың өзінде 117 түрлі өсімдік қорғауға зәру екен. Баянауылда басқа жақта табыла бермейтін жартас қырыққұлағы сияқты өсімдіктер бар. Бұл өсімдіктердің өсетін жеріне туристер көп барады, алайда төңірегінде сирек өсімдіктерді қорғауға үндейтін тақтайша ілінбеген. Шет мемлекеттердің таулы өңіріне бара қалсаңыз, бұндағы аңдар мен құстарға, өсімдіктерге зиян жасамау жөніндегі ескертпе сөздер жазылған тақтайшаларды жиі көреміз. Ал Қазақстанда тек қорықтар мен ұлттық бақтар болмаса ондай белгілер жоқ.
Ұлттық бақтарда өсімдіктерді сақтап қалуға қатысты шаралар жеткіліксіз. Кез-келген турист ұнатқан өсімдігін жұлып алып, кете баратынын көріп жүрміз. Мәселен, былтыр жазда туристік топтармен бірге Ақсай шатқалы, Талғар тау шатқалы сияқты өңірлерді аралаған едік. Осындай табиғаты тамаша аймақтарға барған туристердің ішінен егде жастағы орыс әжейлер неше түрлі гүлдерді жинап жатқанын байқадық. Олар өте сирек кездесетін өсімдіктерді тамырымен жұлып жатса да топ жетекшісі гид ештеңе айтпады. Өйткені, елімізде демалыс орнындағы флора мен фаунаға сақтықпен қатынас жасауға үндейтін заңдар жоқ. Табиғатты қорғауға бағытталған бекем заңдар жасалса, туристік компаниялар бұны ескерер еді.
Қатаң заң болмаған соң әркім өз қажетіне қарай жасыл желекті өңірлердің өсімдіктерін фармацевтикалық, өндірістік мақсаттарда шикізат ретінде еркін пайдалануда. Мәселен, табиғаты тамаша өңірдің бірі Баянауылда туристер көп келуі себепті жыланқияқ (сарыгүл, айылқияқ), қожағай (шегіргүл), қызғалдақ, т.б. өсімдіктер жойылудың аз-ақ алдында тұр. Бұл аймақтағы жабайы құлпынай, таңқурай, қарақат, т.б. жидек түрлері де туристердің көбеюі себепті азайып кеткен. Табиғи бақ аумағында өсімдіктерді жұлуды тоқтату туралы ұсыныстар талайдан бері айтылып келеді. Құлақ асып жатқан мекеме бар ма?
Қазақстанның өсімдіктер қорына экологиялық ахуалдың нашаралуы да ықпалын тигізуде. Техниканың жетілуі топырақтың сыртқы қабатын өзгертіп, өсімдіктің нәрінен айыруына әкеліп соғуда. Дәрілік өсімдіктерді жойылуға жеткізетін 15 мың түрлі зиянды химиялық зат белгілі. Сондай-ақ мамандар автокөліктер көп жүретін жол жиегіндегі өсімдіктердің ластану салдарынанөсімдіктердің құрамы нашарлап, тіпті қайтадан өспейқалу қаупі көп екендігін айтуда. Ал бізде ұлттық бақтар мен қорықтардың түпкі қойнауына дейін көліктердің кіруіне жол берілуде. Егіннің өнімділігі үшін пайдаланылатын гербициттер мен пестициттердің сол аймақтағы өсімдіктерге ауа арқылы таралып, зияны тиетіні де ешкімді ойландырмайды. Бұл химикаттар адам ағзасына түскенде бұлшықетке жиналып, түрлі аурулардың, тіпті айықпайтын дерттердің тууына негіз болады екен.Осылайша өсімдік әлеміне немқұрайлы қарау арқылы туған жердің тозуына ғана емес ұлт денсаулығына да орасан нұқсан келетінін неге ескермейміз?

Шарафат Жылқыбаева

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста