Сарапшылар: Елімізде баспанаға деген сұраныс саябырси бастады
Өткен жылмен салыстырғанда, биыл Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы сату және сатып алу операцияларының саны азая түскені байқалуда.
Отандық жылжымайтын мүлік нарығындағы сарапшылардың айтуынша, елімізде баспанаға деген сұраныс біртендеп төмендей түскен түрі бар. Мұның сырын олар бұған дейін нарық ішін кеңінен қамтыған зейнетақы ақшасының сарқылуымен түсіндіреді.
Ең қымбат баспана Алматыда
«ҚР Ұлттық статистикалық бюросы келтірген мәліметтерге жүгінсек, 2022 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда, аталған нарықта биыл қаңтарда жүзеге асқан мәмілелер саны 27,2%-ға құлап түсті, - дейді Krisha.kz сарапшылары. – Мұндай теріс көрсеткіш еліміздің барлық өңірлерінде байқалды, кей облыстарда, тіпті, 50%-дан астам құлдырау бар. Ең аз төмендеу көрсеткіші Астанада тіркелді – 0,8%. Тұрғын үй нарығындағы белсенділік тек Алматы қаласында көрініс берді: +34,1%. Бірақ мұның өзіндік себебі бар – қаңтар оқиғасы аясында былтыр нарық ішінде жүзеге асқан мәміле саны өте аз болған-тын».
Өз кезегінде, нарық ішіндегі бағалар туралы пікір танытқан жылжымайтын мүлік нарығындағы тәуелсіз сарапшы Анна Шацкая, биылғы жылдың қаңтары мен ақпанында еліміздің бірқатар қалаларында «бірінші деңгейдегі баспана нарығында баға атаулы бір деңгейде болды» деп отыр.
Оның айтуынша, қаңтармен салыстырғанда биыл ақпанда бірінші нарықтағы бағаның өсуі Ресеймен шекаралас Петропавл (10,6%-ға) және Павлодар (7,8%-ға) қалаларында ғана байқалған. Ал екінші деңгейдегі нарықта бүкіл республика бойынша баспана бағасы өзгеріссіз қалған.
Анна Шацкая, жылжымайтын мүлік нарығындағы тәуелсіз сарапшы
Нарық бойынша былтырғы және биылғы бағаларды салыстырған Анна Шацкая өз сөзінде: «Өткен жылдың басындағы көрсеткіштерге шаққанда, биылғы жылдың басында бірінші деңгейдегі нарықта баспана бағасы, орташа есеппен алғанда, 14%-ға, екінші деңгейдегі нарықта – 18%-ға өсті», - дейді.
Krisha.kz сарапшылары алға тартқан 2023 жылдың 15 ақпанындағы жағдайға сай мәліметте – Алматы қаласындағы баспананың орташа бағасы «1 шаршы метрге 715 666 теңгені құрайды» деп көрсетілген. Шаршы метрдің Астанадағы бағасы – 484 633 теңге, ал Шымкентте – 432 300 теңге шамасында.
«Бір жыл ішіндегі көрсеткіштерді салыстырар болсақ (2022 жылдың ақпаны мен 2023 жылдың ақпаны аралығындағы), Алматыда баспана бағасы 15,6%-ға, Астанада – 6,2%-ға, Шымкентте – 9,8%-ға қымбаттай түскенін көре аламыз», - дейді олар.
«Жалға беру нарығы тұрақтала түседі»
Айтпақшы, 2022 жылдың қыркүйек, қазан айларында көрініс берген нарық ішіндегі баға дүрбелеңін еске салған сарапшылар, алдағы уақытта жалға берілетін баспана нарығындағы жағдай «мейлінше тұрақтала түседі» деген болжам айтады.
Krisha.kz сарапшылары алға тартқан мәліметтерге жүгінсек, өткен жылдың қыркүйегі мен қазанында шарықтап өскен баспананы жалға беру құны бүгінде, орташа есеппен алғанда, 36%-ға дейін құлдырап кеткен.
Олардың айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбеде, Қарағандыда, Көкшетуда баспананы жалға беру құны «күзгі дүрбелеңге» дейінгі деңгейге қайта оралған. Өткен жылдың қыркүйегімен салыстырғанда, бүгін бұл қалаларда жалға беру құны 9–11%-ға дейін төмендеген.
Сарапшы: Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын ешқашан ұмытпау керек
Жойқын зілзала орын алғалы екі аптадай уақыт өткенде, Түркияның оңтүстігінд... →
Ал Қостанай, Алматы, Астана, Петропавл қалаларында баспананы жалға беру құны былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда ептеп болса да жоғары деңгейде (2–10%-ға дейін), дейді олар.
Сарапшы қауымның дерегінше, 2023 жылдың ақпанында баспананы жалға беру нарығындағы ең жоғары баға Алматыда тіркелген – 1 шаршы метр үшін 5.6 мың теңге. Сондай-ақ, биыл ақпанда жалға беру бағасы Астанада 1 шаршы метр үшін – 3.7 мың теңгені, Атырауда – 3 мың теңгені құраған.
Ең төменгі баға көрсеткіші Ақтөбе, Шымкент, Ақтау, Орал және Петропавлда қалаларында тіркелген – 1 шаршы метрге 2.4 мың теңге төңірегінде. Бір қызығы, жалдау құны күзгі дүрбелең деңгейіне орала қоймаған Петропавлда – жалға берілетін баспана бағасы еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда қазір бәрібір біршама арзан шығып отыр.
Дегенмен, тәуелсіз сарапшы Анна Шацкаяның айтуынша, баспананы жалға беру нарығындағы биылғы арзандауға қарамастан, былтыр күздегі дүрбелең барысында қалыптасқан бағалармен салыстырғанда, 2022 жылдың басындағы бағалар бәрібір төмен болатын: орташа есеппен алғанда 34%-ға дейінгі шамада.
Құрылыс секторының жүгі ауыр
Тұрғын үй нарығына қатысты түйінді мәселелерді сарапқа салған отандық сарапшылар, 2023 жылы еліміздің құрылыс секторы бірқатар қиындықтарға келіп тірелуі мүмкін деген болжам айтады.
Тәуелсіз сарапшы Анна Шацкаяның пікірінше, отандық тұрғын үй нарығындағы түйінді мәселелердің негізгісі: екінші деңгейдегі нарықтан баспана сатып алуға мүмкіндік беретін қолжетімді ипотекалық бағдарламалардың болмауы, халықтың ақшалай кірісінің төмендеуі және құрылыс компаниялары үшін кредит ресурстарының қымбаттауы.
Банкрот болу машақаты
«Банкроттық туралы заң» 7 миллиондай қазақстандықты қаржылық тығырықтан шығ... →
Ал Krisha.kz сарапшыларының айтуынша, тұрғын үй нарығын айналып өтпейтін түйінді мәселелер: 2020 жылдан бергі құрылыс материалдарының қымбаттауынан туындаған күйзеліс пен геосаяси жағдай аясындағы импорт логистикасына қатысты қиындықтар.
«Құрылыс материалдары нарығындағы қымбаттау құрылыс компанияларына да әсер етпей қоймайды. Олардың арасында тұрғын үйді болашақ пәтер иелерінің ақшасына салып жатқандар аз емес. Сұраныстың төмендеуінен (қазір нарыққа зейнетақы ақшасы түсіп жатқан жоқ) оларда қаржылай қиындықтар туындауы ықтимал. Қаражат тапшылығы, әсіресе, шағын компанияларды шарпуы мүмкін. Ал егер нарық ішінде тек ірі компаниялар қалатын болса, онда жаңадан салынған тұрғын үй бағасы қымбаттайды деген сөз. Сондықтан да бірінші нарықтағы баспананы таңдауда барынша мұқият болып, құрылыс компанияның беделін тексеруді әдет еткен жөн», - дейді платформа сарапшылары.
Айтқандай, ақпан айында Түркия мен Сирияда орын алған жойқын зілзала салдарында, бүгінде ел ішінде Алматы қаласындағы құрылыс сапасына қатысты сын айтушылар әлі де азайған жоқ.
Дегенмен, Krisha.kz сарапшылары, бұл тұрғыдағы пікірталас Алматыдағы тұрғын үй нарығына «еш жағынан әсер етіп отырған жоқ» дегенді айтады. «Дәл қазір баспанаға деген сұраныс та, нарық ішіндегі бағалар да Алматыда өзгерген жоқ», - дейді олар.
Есесіне, тәуелсіз сарапшы Анна Шацкая, Түркиядағы зілзала салдары «Алматыдағы тұтынушылық таңдау мен талғамға әсер етуі әбден мүмкін» деп отыр.
«Баспана сатып алушылар қазірдің өзінде салынған үйдің сейсмикалық тұрғыда орнықты да қауіпсіз болуына назар аударуда. Бірқатар тұрғын үй кешендерінің тұрғындары алдағы уақытта өз үйлеріне қатысты тәуелсіз сараптама жасауды қолға алуы әбден мүмкін. Біз, сондай-ақ нарық ішінде өзіндік бір ротация орын алуы ықтимал деп ойлаймыз, мысалға, баспана сапасы күмәнді аудандардың тұрғындары жеке секторға не мейлінше қауіпсіз деп танылған кешендерге қарай көше бастауы мүмкін», - дейді жылжымайтын мүлік нарығындағы тәуелсіз сарапшы.