Шамның жарығы жақсы, қалдығын қайтеміз?
Жердің асты мен үстінде таусылмайтын қазба жоқ. Энерготапшылықтың ащы дәмін өзге елдер әлдеқашан сезінді. Қазба байлықтың түгесілуін күтпеген Еуропа балама қуат көздерін пайдаланып отыр. Өнегесі озық мемлекеттерден жақсыны үйренуге талпыныс бізде де бар.
Өткен жылы «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заңды қабылдап қойдық. Онда балама қуат көздерін табу мәселесімен қатар, «қуатқа қомағай» Ильичтің шамдарынан біртіндеп «құтылудың» жайы да қарастырылған. Былтырғы шілдеден бастап 100 ваттық шамдарды пайдалануға тыйым салынды. Биылғы қаңтардан бері 75 ваттық шамдарды қолданбайтын болсақ, алдағы жылы 25 ваттық шамдарды өндіру, саудалау заңға қайшы болмақ. Оларды қуат үнемдегіш шамдар алмастыруда. Бастама жақсы. Дегенмен құрамында адам ағзасына аса қауіпті элемент-сынабы бар шамды залалсыздандыру мәселесі Қазақстанда шешімін таппай тұр. Істен шыққан мұндай шамдарды бізде ашық қоқыс жәшіктеріне лақтыра салады. Ол қоқыс жәшігінде тез сынады. Сөйтіп, сынған шамнан аққан сынап ауаға тарайды. Шетелдерде люминесцентті шамдарды тастауға арналған арнайы жәшіктерді кез келген жерден табуға болады екен. Қолданыстан шыққан шамдарды тұрғындар мен мекемелер арнайы кәсіпорындарға тапсырады да, орнына өз бағасынан әлдеқайда арзан осындай шам сатып ала алады. Мәселен, Польшада қажетсіз электр шамдарын, соның ішінде сынабы бар шамдарды жинап әкететін арнайы көліктер ай сайын көшелерді аралап жүреді. Германияда жылына 90 млн дана сынапты шам қайта өңделеді. Қажетсіз шамды өткізгеніңіз үшін аз да болса тиын-тебен аласыз. Ал Тәжікстанда сатылатын қуат үнемдегіш шамдардың қорабында «Қоқысқа тастамаңыз, арнайы қосынға өткізіңіз!» деген ескерту жазылады екен. Бізде мұның бірі де жоқ.
Жансұлу ҚАДАРОВА, №4 Орал қалалық емханасының терапевт дәрігері:
– Қуат үнемдеуші шамды пайдалану экономикалық жағынан тиімді болғанымен, ұқыпсыздық салдарынан қоршаған ортаға, адам денсаулығына тигізетін айтарлықтай зияны бар. Сынап қауіптілігі жөнінен І санатқа жатады. Сондай-ақ сыртқы ортада табиғи ылғалмен (жаңбыр, қар) қосылуы нәтижесінде пайда болатын сынап буының зияны да шаш-етектен. Бұл бумен тыныс алған адамның бауыры, бүйрегі, жүйке жүйесі, ас қорыту, көру жүйесі зақымданады. Буын ауруына шалдығады.
Заң қабылданғанымен Жайық өңірінде құрамында сынап бар энергия үнемдеуші шамдарды салатын арнайы контейнерлер атымен жоқ. Бірақ облыстық табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының айтуынша, мұндай шамдарды қабылдайтын жергілікті кәсіпорындар анықталған.
Фариза СҰЛТАШЕВА, БҚО табиғат пайдалануды реттеу басқармасының маманы:
– Облыс көлемінде шамдарды жинаумен шұғылданатын арнайы кәсіпорындар бар. Олар: Орал қаласы бойынша «Мұстафин» ЖК, «Уралвторма» ЖШС, «Жол пайдалану кәсіпорны» мекемесі, Ақсай қаласы бойынша «РегионГазПроект» ЖШС, «ГринАксай» ЖШС. Жыл сайын бюджеттен құрамында сынап бар шамдар мен құрылғыларды залалсыздандыруға 4 миллион теңге қаржы бөлінеді. Бұл қаржыға 30-35 мың дана пайдаланылған сынапты шам мен құрылғы жиналып, залалсыздандырылады. 2012 жылы «Талап» АҚ, 2013 жылы «MolBol» ЖШС мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша бұл жұмысты жүргізуді мойындарына алды. Жұмыс барысында бюджеттік мекемелерден пайдаланылған құрамында сынап бар шамдар мен құрылғылар жиналып, залалсыздандырылады. Биыл осы жұмыс шеңберінде тұрғындардан 1000 дана сынапты шамды жинап, залалсыздандыру жоспарлануда.
Осы жерде егер арнайы контейнерлер болмаса, сынапты шамды тұрғындар қайда тапсырады деген сауал туындайды. Бір-екі шам үшін ешкім арнайы мекемені іздемесі тағы анық. Оралдағы сынапты шамдарды қабылдаумен айналысатын «Мұстафин» ЖК басшысы Абай Мұстафин: «Бізге 100-ден аса шам жиналды деп хабарласса, өзіміз көлікпен барып, қабылдап аламыз», – дейді. «Алайда істен шыққан қауіпті шамдарды тек заңды тұлғалар ғана тапсырады. Ал жеке тұрғындар арасында ондай жоқ», – дейді ол. Кәсіпкер тұрғындарды ынталандыру үшін олардан қабылданатын шамдарға белгілі көлемде өтемақы төлеу мәселесі шешілгенін жөн санайды. Қазір кәсіпкерлік залалсыздандырылатын шамдарды қабылдағаны үшін тұрғындардан әр шам үшін 150 теңге шамасында ақы алады және шамдарды теміржолмен Астана қаласына апарып, залалсыздандыруға тапсырады. Сол себепті тұрғындарға қолданыстан шыққан шамды тапсырғаннан гөрі, қоқыс жәшігіне тастай салған тиімді көрінетіні жасырын емес.
Бұл тұрғыда Қазақстанның барлық облыстары Астанадан үлгі алса, қане. Елордада биылғы жылдың 1 тамызынан бастап сынапты жарық шамдарын жинайтын арнайы контейнерлер орнатылды. Пилоттық жоба аясында қала аумағында 100 контейнер, атап айтқанда, Есіл ауданында – 50, Алматы мен Сарыарқа аудандарында 25 контейнерден қойылған. Аталмыш құрылғылар сызықтық, шағын, шиыршықты шамдардың барлық түрлерін, сондай-ақ батареялар мен термометрлерді жинауға арналған. Бір контейнердің сыйымдылығы 70 шамды құрайды. Ол толғаннан кейін заттар типіне қарай бөлінеді және арнайы қондырғыда қайта өңделеді. Жұмыс циклы барысында шамдар үгітіліп, ауа сынап буларынан тазартылады.