Қарағанды облысы көлемінде ресми-бейресми «шағын қалашық» мәртебесін иеленген 40-қа тарта кент бар. Тұрғындарының саны – 10-20 мыңның маңында, әкімшілік бағынысы аудандық не жеке аймаққа енетін бұл қалалардың дені өткен ғасырдың ортасында салынған. Мәселенки, Қарағандыға қанаттас Саран, Шахан, Шахтинск, Абай қалалары, Жезқазғанға серіктес Сәтбаев қаласы, заманында одақтық бюджеттен тікелей қаржыландырылған Ақшатау және Қарағайлы кенттері, жеке экономикалық аймаққа қарасты Жәйрем мен Қаражал қалалары, Балқаштың іргесіндегі Шашубай кенті, жеке жатқан Приозерск қалашығы, Ақжал кенті және басқа да көптеген қалашық қазіргі өркениет көшінің қай тұсында? Кеңестік кезеңде ашылған кәсіпорындар жабылып, тарап, оңтайландырылып кеткен соң, бүгінгі тірлігі қалай дамуда?
Облыс орталығына жақын орналасқан Саран, Шахан, Шахтинск, Абай қалалары – Қарағанды көмір бассейні игеріле бастаған жылдары жұмысшылар тұратын поселке негізінде салынған қалашықтар. Қазіргі тірлігі де негізінен кеніштердің экономикалық әлеуетіне тікелей байланысты. Тұрғындарының басым көпшілігі маңайдағы шахталарда және оларға септес кәсіпорындарда жұмыс істейді. Ал шахтада істемейтін жұртшылық Қарағандыдағы мекемелеріне қоғамдық көлік арқылы қатынап, «іссапарлатып» жүреді. Кеншілер астанасындағы автопарктердің №146, 107, 41, 122, 121 автобустары, қашан көрсеңіз де, лық толы. Қанаттас қалалар мен облыс орталығының байланысы аса тығыз болуынан қазаны қайнап, түтіні түзу шығып тұр деуге толық негіз бар тәрізді. Бірақ шынымен де солай ма? Аталмыш қалалардың қазіргі таңдағы ең басты мәселесі коммуналдық шаруашылық жүйесінің тозығы жетуі болып отыр. Бір қызығы, облыс орталығына жақын орналасқан қалашықтар әкімдерінің барлығы дерлік Қарағандыда тұрады. Қызмет орнына көлікпен қатынап отырады.
1961 жылы іргесі қаланған Шахтинск қаласында соңғы жылдары ресми мәлімет бойынша 128 көп қабатты үй босап қалған. Есік-терезесі қирап, қалқайып қабырғасы қалған үйлердің жыл аралатып бұзылып алынып жатқан жайы бар. Кейінгі он жылда Шахтинск жылу-электр орталығында бірнеше дүркін апат болып, тұрғындар жылусыз қалғаны әлі есте. Дәл осы мәселе Абай қаласына да, Шахан, Саран қалашықтарына да ортақ. Абай қаласының тұрғындары бірер жыл бұрын тәуліктің үш-төрт сағатында ғана берілетін суық судың зары өткенін әлі ұмыта қойған жоқ. 1990 жылдардан бері жеті-сегіз жыл бойы ауызсу тұрақты берілмей келе жатқан Абай қаласында 2004 жылы тамыздың соңын ала вирусты «А» гепатитінің күрт таралуы байқалып, тәулігіне 20-30 адамнан аурухана төсегіне таңыла бастаған-тұғын. 2004 жылдың тамызынан желтоқсанына дейін қала бойынша 880 адам гепатит жұқтырып, емделіп шыққан болатын.
Ал былтыр мен биыл шағын қалалардың коммуналдық мәселесі төңірегінде үлкен дабыра-шу тудырған Приозерск қаласының қатып қалғанын айтсақ, жеткілікті болар. Кеңестік кезеңде Сарышаған полигонына қарасты жабық әскери нысан болған Приозерск қалашығының іргесі 1956 жылы қаланған. Су-жылу жүйесі де сол жылы тартылып, әлі күнге ауыстырылмағаны анық. Жұртшылық ресми Жаңа жылды қарсы алмақ болып отырған кезде – желтоқсанның 27-сінде орталық қазандығы істен шыққан Приозерск қаласының жылу жүйесін қалпына келтіру үшін 20 күн жұмсалды. Жаңа жылды төтенше жағдайда қарсы алған тұрғындар көп қабатты үйлерден аурухана, мектептерге қоныс аударған. Осы тұста Приозерск қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайына үкіметтік деңгейде назар аударылып, қалаға жаңа әкім тағайындалып, қарқынды даму жоспары жасалды.
Қарағанды өңірінде кеңестік кезеңде вольфрам-молибденімен даңқы асқан Ақшатау кентінің жай-күйі 90-жылдары толық құлдырап, байыту комбинаты жабылған соң, жаппай жұмыссыздық белең алған. Кенттегі көп қабатты үйлер бұзылып, үйінділері әлі күнге тазаланбай жатқан жайы бар. Ақшатаудағы басты мәселе де коммуналдық шаруашылықтың тұралауынан туындаған. Бірер жыл бойы ауызсу мәселесі де дұрыс шешілмей, соңы үлкен дау-дамайға ұласқан болатын. Қазір Ақшатау халқының басты күнкөрісі Астана-Алматы бағытындағы тас жол бойындағы дәмхана-сервистік бизнес болып отыр. Кешегі күні гүлденген кенттің тұрғынынан гөрі тас жол бойында тапал там соғып, сауда айналдырған ел көп. Ақшатауға көршілес Ақжал кентінің ауызсу мәселесі биылғы жылдың қара күзінде толық тиянақталады-мыс.
Қарағанды өңіріндегі шағын қалалар арасында кезінде барит пен темір өндірісі жақсы дамыған Қарағайлы кенті ерекше сәнге ие қалашық болатын. Одақтық бюджеттен тікелей қаржыландырылған Қарағайлы қазір осы өңірдегі үлкен экологиялық ошаққа айналып отыр. Өткен ғасыр ортасынан беріде кен-байыту фабрикасы арқылы тұрғындарының саны да артып, іргелі қалаға айналады деп күтілген кентте қазір «Қазақмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің байыту фабрикасы жұмыс істеп тұр. Қайта құру тұсында қанаты қайырылған қалашықтағы көп қабатты үйлердің барлығы дерлік қирап, қалашық іргесіндегі өндірістік қалдықтар төгілетін полигонды зарарсыздандыру мәселесі қазір басты мәселеге айналып отыр.
Қарағанды өңіріндегі өзге де шағын қалашықтардың баршасының басында осы тектес мәселелер орын алған. Кеңестік билік Қарағанды, Жезқазған, Балқаш қалаларындағы өндіріс ошақтарына көмекші ретінде салған шағын қалалардан шырай кетіңкіреп тұр. Иә, сол кеңестік кезеңде өнеркәсіп орындарын тегін жұмыс күшімен қамтамасыз ету үшін осы қалашықтардың барлығының іргесіне еңбекпен түзеу лагерьлері – зоналар орналастырылған болатын. Тың игеру жылдары ұран арқалай келген интернационал еңбеккерлермен бірге сотталғандар қауымы аралас-құралас ғұмыр кешкен қалашықтарда сол тұстағы «түрмелік» ахуал әлі байқалатын тәрізді. Карлагтың бүкілодақтық екпінді құрылысқа әсерін күшейту мақсатында іргелері қаланған қалашықтар бүгін егемен елдің мерейлі мекендері болғанымен, жақын болашақта жарқын даму бастамаларын күтетіні анық...
Дерек-дәйек
Қарағанды облысында 11 үлкен қала, 39 қала типтес кент бар. Кеңестік кезеңде «қала типтес поселке» деген шартты атау иеленген кент-қалашықтарда тұрғындар саны 3000 адамнан кем болмауы көзделген. Сол дәуірде қала типтес поселкелерді жұмысшы поселкелері деп те атау қалыптасқан.
Белоруссияда мұндай кенттер саны – 96, Ресейде 1361 қала типтес поселке бар. Ресейдің қала типтес поселкелерінің барлығы дерлік Сібір аймағында орналасқан.