Ресейге қолдағы барды бере береміз бе?

©Алаш айнасы иллюстрациясы

Маусым айы бұқараның есінде картоптың 250-280 теңгеге дейін қымбаттауымен, аракідік қайсыбір аймақтарда нан бағасының көтерулімен есін алғаны анық. Картоптың бағасының шамадан тыс шарықтауын мына біз геосаясат салдарынан іздедік. Бұған қатысты экс-депутат Мұрат Әбенов Украина мен Ресей шиеленісінің Кеден Одағы елдеріндегі ауылшаруашылығы өнімдерінің бағасына кері әсер етіп отырғандығынан деп әлеуметтік желі арқылы үн қатты. Әбенов мырза «Өткен жылы Ресей картоптан көп өнім ала алмаған, бірақ соған қарамастан олар бұл өнімді Украинадан тасымалдауға тыйым салды. Нарық өз дегенін істеді. Олар, яғни Ресей бізден картопты көптеп сатып ала бастады. Ал қалғаны өздеріңізге белгілі» деді.
Бұл бір ғана картоп өнімінің айналасындағы әңгіме ме? Болашақта геосаясаттың салдарынан тағы қандай өнімдердің бағасы шарықтауы мүмкін? «Алаш айнасы» бүгін осы жайтты талдап көрмек...

Өзгеден ет сұрап отырып, көршіні қамтимыз
Абзалында, біз Ресейді ет және ет өнімдерімен қамтитын бірден-бір елміз. Қазақ елі 2015 жылы бір ғана Ресейге ет экспорттау көлемін 60 мың тоннаға жеткізуі керек. Ол үшін қазірде ел ішінде 60-қа тарта мал бордақылау алаңы салынып жатыр. 2015 жыл дегеніңіз әне-міне дегенше екпіндеп келіп қалады емес пе? Ал осы арада «біз осы өзіміздің ішкі нарықты ет және ет өнімдерімен қарық қыла алмай отырып, Ресейге ет экспорттау көлемін қалай өсірмекпіз?
Жалпы, ет экспортын сөз еткенде, елге енетін ет импорты жайында таразыламауға тағы болмайды. Өткен 2013 жылдың бірінші жарты жылдығындағы мәліметтер бойынша сырттан жеткізілетін ет көлемі 3,1 пайызға яғни 71,9 мың тоннаға артқан. Ендеше бізге еттің қай жақтан жеткізілетінін таратып айтайық: АҚШ-тан – 40,7 мың тонна, Украинадан – 17,1 мың тонна, Польшадан – 3,5 тонна, Канада – 1,6 мың тонна, Бразилиядан – 1,3 мың тонна, Парагвайдан 1,3 мың тонна, Австралиядан – 1,1 мың тонна, Бельгиядан – 0,9 мың тонна ет елімізге жыл сайын енеді. Ал сонда 2015 жылға дейін ет экспортын 60 мың тоннаға арттырамыз деген жоспарымыз қайда қалады?
Жасұлан Мақсұтов, қаржыгер:
– Негізі, көзсіз науқаншылдыққа салуға келгенде бізден асқан халық жоқ. Өзіңіз ойлаңызшы, біз өзге елдерді қойып Парагвайдан, Белгиядан, Австралиядан ет сұрап отырмыз. Ал енді өзіміздегі еттің барлығын Ресейге экспорттамақпыз. Мұны «Алаш айнасы» өте орынды көтеріп отыр. Біз осы уақытқа дейін ірі көлемде ет экспорттап көрмедік. Қазақстан үшін ең басты нарықтық әлеуеті зор экспортты бағыт – Ресей болып табылады. Ресей жыл сайын 1,5 млн тонна ет импорттайды екен. Соның ішінде 800 мың тоннасы – сиыр еті. Қазір Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болды. Бұл дегеніміз – 170 млн адам құрайтын ауқымды өнім өткізу нарығы. Рас, қазақстандық өндірушілерге Ресей мен Беларусь нарықтарына өз өнімдерін молынан экспорттауға мүмкіндік туып отыр. Бірақ біз өзіміздің ішкі нарықтағы тұтынушыларды толық қамти алмай отырып, қалайша сыртқа ірі көлемде тауар шығарамыз. Атқарушы билік осы арасын сауатты ойланса жөн болар еді. Болашақта өзіміз импорттың бетіне қарап қалмас үшін қолдда бар отандық өнімді Ресейге таси берудің қажеті шамалы. Бұлай етсек келешекте елдегі еттің бағасы екі есеге шарықтайды.
Сүт өндірісін қалай қорғаймыз?
Негізінен, байыптап қарасақ, нақ қазір біз үшін сүт және сүт өнімдері өндірісінің де көлемін арттыру, сүт өнімін өндірушілерге барынша қолдау көрсету өте маңызды. Себебі, кезінде Кедендік Одақ өз жұмысын бастағалы бері Ресей жағы өз жеңiлдiктерiн ескере отырып сүт жайында техникалық регламент құжатын дайындап та үлгерді. Аталмыш құжат Ресейде жасалғандықтан олар өз сүт өндірушілерінің мүддесін қорғауда. Ал енді Еуразиялық экономикалық одаққа өткен сәттен бастап Қазақстан жағы өз мүддесін қорғамаса елдегі сүт өнімін өндірушілер де, оны тұтынушылар да зардап шегуі әбден мүмкін.
Жалпы, сүт өндірісіне қатысты біздің iшкi нарықтағы ресейлік өнiм деңгейi былтырғы жылмен салыстырғанда биыл едәуір өсім берген. Мәселен, биылғы жылы ішкі нарыққа көршіден келіп түскен сары май – 31 пайызға, сыр – 61,3 пайызға; қоюлатылған сүт пен кiлегей 85,3 пайызға өсім берген. «Нақ осы көрсеткіштерге алаңдауға тиіспіз» децді мамандардың бір парасы.
Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:
– Бүгінде Қазақстанда сүт тұтынудың орташа көрсеткіші жылына адам басына шаққанда шамамен 160 литрді құрайды. Бұл жылына есептегенде біздегі тұрғындардың күнделікті бір кесе де сүт ішпейтінін пайымдауға болады. Алайда, бұл көрсеткіштің өзі аймақтарда әр түрлі сипатқа ие. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары сүтті жылына 100 литрден аз ішеді. Салыстыратын болсақ, Франция мен Германияда сүт және сүт өнімдері бір адамға шаққанда жылына 490 литрден келеді. Скандинавия елдерінде әрбір адам жыл сайын 500 литрден жоғары сүт және сүт өнімдерін пайдаланады. Дәл осы елдер әлем бойынша ұзақ өмір сүру жағынан алда келеді. Ал біздегі сүттің басым бөлігінің сапасы төмен. Өнімнің техникалық талаптарға сай келмейтіндігінен мәселе туындап отыр. Сондықтан меніңше ең бірінші сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігін талап ету туралы техникалық тәртіпті күшейткен абзал.

Бір ескеретіні, бұл жерде маман талапты жалпыға бірдей қатайту қажеттігін алға тартып отыр. «Сүт және сүт өнімдерін өндіруде қатаң техникалық регламент енгізсек, шикізаттың сапасы артып, одан сапалы өнім алуға мүмкіндік туады. Бұл арқылы отандық нарықтағы жатжұрттық өнімді ысыра аламыз, сол арқылы Ресейге жіберілетін өнімдерге шектеу енгізіп, олардан біздің нарыққа келетін өнімге де шектеп бағаға реттеу енгізе аламыз» дейді мамандар.
Қымбатшылық қос өкпеден қысып тұр...
Жалпы, қазірде еліміздің статистика агенттігі біздегі тауар бағалары мен тарифтердің өсуі тұрғындардың көпшілігінің табысынан әлдеқайда жоғары екендігін мойындап отыр. «Ең назар аударарлығы, тұрғындар бағаның өсуіне үнемі бейімделу үстінде. Сол себепті қарапайым адамдар күнделікті күнкөрістің қамымен жүріп, өздерін дамытуға ешқандай уақыттары қалмайды» деседі мамандар.
Міне, азық-түлік нарығы мен тұтыну қызмет саласындағы қалыптасқан жағдайға отандық мамандардың біразы осылай алаңдаушылық білдіріп отыр. «Рас, азық-түлік бағасының қымбаттауы мен төлемақының үздіксіз өсуі көпшілік азаматтардың тұрмыстық мәселелерін қиындатып та жібергені жасырын емес» дейді мамандар. Мамандардың пайымдауынша, бізде өнім бағасының қымбататуы ай сайын байқалып отыр. Мысалы, өткен айда өнім түрі мен тұтыну қызметінің түрлері біршама деңгейге көтерілген. Мұны біз арнайы кестемен беруді жөн көрдік.
Мамыр айындағы қымбаттаған өнім түрлері. Статистика агентігінің есебі бойынша:

Мамандар баға өсімінің болашақта да жалғаса беретінін алға тартуда. Ал енді қайтпек керек? Мәселені мемлекеттік тұрғыда шешудің тетіктері бар ма?
Әкімдер қызықты механизмдер ұсынуы керек
Бағаның өсіміне қатысты сарапшы-мамандар халық тұтынатын тауар бағасының болашақта өсе беретінін, бұл мәселе жыл сайын емес, тіпті ай сайын байқалып отырғанын алға тартуда. «Күнделікті тұтынатын тауар бағасының жиынтығы нарықта тым шарықтап кетіп, біздің ай сайынғы тапқан табысымызбен үйлесімділік таппаса, онда бірінші кезекте жергілікті әкімдіктердің жауапкершілігін арттырған абзал» дейді сарапшылар.
Марал Төртенова, сарапшы-маман:
– Бізге өзімізде барды көршіге тасу тиімсіз екенін білдік. Ендігі кезекте болашақта халық тұтынатын тауар бағасының төмен түсетініне ешбір инстанция кепілдік бере алмайды. Керісінше, баға әлі де өсуі мүмкін. Біздің құзырлы тарап осы уақытқа дейін бағаны бұғаулау әдісін ұстанып келді. Бірақ нарық заңында бағаны күшпен тежеп ұстау қағидаға сай емес. Қазір біз әлеуметтік аз қамтылған топқа салмақ түсіріп алып отырмыз. Мәселен, жаңа 2013 жылғы есеп бойынша, елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 18 мың теңгенің айналасында деп есептелген. Ал енді мұндай күнкөріс деңгейімен қазіргі қымбатшылықтың арасы сәйкес келеді деу қиын. Қазіргі баға ай өткен сайын жылдамдығын асырып барады. Сондықтан бұл жерде арнайы шаралар қолдану керек. Болашақта тауар бағасының анағұрлым шарықтап кетпеуі үшін, біріншіден, жергілікті әкімшіліктердің белсенділігі артуы қажет. Жергілікті әкімдіктер тауар бағасын өсіруші мүдделі топтар болса, соларды қадағалауды күшейткені абзал. Екіншіден, тауар бағасы арзандатылған жәрмеңкелер жиі өткізілуі керек. Үшіншіден, жергілікті кәсіпкерлерге тауар бағаларын өсірмеуі үшін механизмдер ұсыну керек. Осы шараларды жүйлеуде жергілікті әкімдіктердің жауапкершілігі артуы керек. Сондықтан бірінші кезекте әкімдіктер бағаны ырықтау әдісіне араласуы керек. Бағаны бұғаулауға қатысты әкімдер қызықты ұсыныстар ұсынғаны жөн. Олай етпесек баға бұғауға көнбейді.

Үстемеақы емес, жалақыны өсіруге талпынған жөн
Абзалында, нарықта «тауар бағасын шектеп ұстау керек» деген қағида жоқ екені бізге белгілі. Осыны ескергендіктен біз қатарынан неше жыл сайын «халық қымбатшылықты жеңіл сезінсін» деген мақсатта мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына үстемақы қосып келдік. Бұл ретте мамандар «9-10-20 пайыздық үстемақы керек емес, жылда халыққа үстеме қосып, бағаны күшпен тежеуден елдегі жан басына шаққандағы орташа табыс табатындардың ұтқаны шамалы. Қазір қазақстандықтардың 70 пайызы айлығын шай-пұлына жеткізе алмауда. Демек, бізге нақ қазір орташа жалақы көлемін өсіру қажет» дейді.
Тоғжан Шаяхметова, сарапшы маман:
– Байыптап қарасаңыз, біз қазірде отандық тауар өндіру жағынан мүлде кенжелеп қалдық. Азық-түлік өнімдерінің 80 пайызын біз шет мемлекеттерден тасымалдаймыз. Сол шетелден келетін импорттық тауарларымыз отандық нарыққа түскенде шарықтап шыға келеді. Біздің саудагерлеріміз кедендік шығыны бар, тауар тасымалы бар – барлығының өтемін сатылымға шығарған тауарлары арқылы ақтап алғысы келеді. Содан барып базарға түскен тауар бағасы еселеніп шыға келеді. Сондықтан біз үшін нақ қазір орташа жалақы көлемін өсіруге талпынған жөн. Мысалы, зейнеткерлерге 9 пайыз үстемақы қосылды. Осыдан бір-екі жыл бұрын мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына 30 пайыз үстеме қосылды. Бұдан халық қымбатшылықты сезінбей қалған жоқ. Керісінше, қымбатшылық сол халыққа қосылған үстемақыны қақшып алды. Осы жерде бір ескеретін дүние, біз мемлекеттік қызметкерлерімізге 30 пайыз үстеме қосып жатқанда, Қытай елі мемлекеттік қызметкерлеріне бар-жоғы 4 пайыз үстеме қосты. Әрине, Қытай мен Қазақстанды салыстырғаныма біреулер күлер. Бірақ өзге елдермен салыстырсақ, біздегі орташа жалақы мөлшері төмен. Сондықтан орташа жалақы көлемін өсіруге талпынсақ жөн болар еді. Халық мемлекеттің қолдауын сезінуі керек. Халық ең көп тұтынатын өнім түрлерін сыртқа тасуға белгілі бір шектеу енгізу қажет. Олай етпесек өзгені жарылқаймыз деп, өзіміз ашқұрсақ болып қаламыз. Мұны осы бастан ойланғанымыз абзал.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста