Рубльдің құны қашып кетке бері мыңдаған қазақстандықтар шекара асып, арзан бағамен көлік сатып алып жатыр. Ал кейбір бизнесмендер ресейлік көліктердің біреуін емес, бірнешеуін сатып алып, оның барлығын үстеме ақымен Қазақстанда ұсынып, осылайша бизнесін жандандырып жүргенге ұқсайды. «Қазір Ресей нарығында жаңа автокөліктер аз. Соның басым бөлігін бай қазақтар сатып алып кеткен» дейтін әзіл-шыны аралас әңгімелерді жиі еститін болдық. Алайда мақтауға масаттанбай, экономикалық тұрғыдан алып көрейікші, бүгін әрбіреуіміз көрші мемлекеттен бір-бір машинадан сатып алсақ, ертең отандық өндірісімізді құртып алмаймыз ба?
Дәл қазір Ресейден көлік сатып алғаны тиімді екені рас. Оны танымал «Колеса» порталы да мойындап отыр. Сайттың мәліметіне сәйкес, машина қымбат болған сайын баға айырмашылығы да өсе түседі. Мәселен, Lada Priorа сияқты ортанқол автоны сатып алған қазақстандық үшін 3-4 мың долларды үнемдеп қалуға мүмкіндік бар. Бұдан класы жоғары машиналардан одан да артық үнем не болмаса пайда түседі. Hyundai Accent мен Renault Duster – 5-8 мың доллар, ал Toyota Land Cruiser Prado-дан бақандай 20-30 мың доларды үнемдеуге болады. Алайда сол ақшадан қосарланған құн салығын төлеу керек. Ресейде – 18 пайыз, Қазақстанда - 12 пайыз. Оған қоса, жолға кететін шығын бар. Соның барлығын төлегеннен кейін үнемделген қаржы азая түсетіні де сөзсіз. Дегенмен, пайда жоқ емес. Ол болмаса, Қазақстан азаматтары ресейлік көліктерді жаппай сатып алмайтын еді. Олардың біреуі бір көлікпен шектелсе, екіншісі бірнеше қымбат машина сатып алып, үстеме ақымен ұсынып жүр. Сосын біздікілер Ресейдің 18 пайыздық салығын төлемес үшін тағы бір қулықты тапқан көрінеді. Олар көрші елдегі дос-жаран мен туған-туысқандарымен келісіп, көлікті алдымен солардың атына түсіреді. Ал ол кісілер болса, оны экспортқа шығатын тауар ретінде өзімізге сатады. Ал Ресейдің заңнамасына сәйкес, экпортқа шыққан көліктердің қосарланған құн салығы сатушыға қайтарылады. Сатушы өзіміздің «досымыз әрі туысқанымыз» болғаннан кейін ол ақшаны бізге аудара салады. Сөйтіп, жаңа көліктен түскен пайда есейлене түседі.
Әрине, ондай жағдай әрбір азаматтың жеке қалтасы үшін тиімді болса да, отандық өндіріс пен саудаға кері әсерін тигізуде. Мәселен, соңғы уақытта «Колеса» интернет-порталына кіретін адамдар қатары азая бастағанға ұқсайды. Өйткені, көзі ашықтың көпшілігі Ресейдің арзан нарығын шарлап жүр. Осының салдарынан Қазақстанда тек жаңа көліктердің ғана емес, ескі машиналардың бағасы да төмендеп кетті. Қазақстандағы автосалондар да сауданың жүрмей қалғанын алға тартып отыр. «Иә, Ресейдегі жағдай жаңа мен ескі көліктердің нарығына қатты әсер етті. Бізде де сауда түсіп кетті. Қазір нақты статистика туралы айту қиын. Алайда сауданың жүрмей тұрғаны кәдімгідей сезіліп тұр», - дейді автосалон менеджерлерінің бірі.
Демек, ресейлік көліктерді жаппай сатып алудың нәтижесінде отандық өндіріс тұралап қалды. Ертең Қазақстанда құрастырылатын машиналардың саны азайып қалса, таңқалмаңыз. Ал ондай мәселе еліміздің индустриалдық-инновациялық бағдарламасына мүлдем кереғар. Сол үшін кейбір шенеуніктерге Президент алдында жауап беруге де тура келеді. Шынымен, әрбір қазақстандық шетелден бір-бір машина иеленетін болса, отандық машина жасау өндірісі тағы 5-10 жылға табандап тұрып қалады деген сөз. Өйткені ешкім машина алмайды. Ендеше қазақстандық өндіріс нарықтағы тұзаққа түспес үшін нақты тетіктер қарастырғаны ләзім.