Ресей мен Қазақстан ортақ валюта жүйесіне енуі мүмкін бе?
Ресей телеарналарына сұхбат берген еліміздің бас банкирі Қайрат Келімбетов көрші елге тұс-тұстан салынып жатқан санкциялар Қазақстан үшін аса қорқыныш тудырмайтынын алға тартты.
«Бұл ретте Қазақстанның өзіндік қорғаныстары бар. Рубль құнының түсуі, Ресейге салынып жатқан санкциялардың салқыны Қазақстанға анағұрлым әсер ете қоймайды. Еліміздің алтын валюта қоры (100 млрд. доллар) қомақты. Бұл біздің басты қорғанышымыз. Бұған қоса егер әлемдік нарықта мұнай бағамы 80 доллар болса, онда Ресей рублі 43 теңгені құрайды. Міне, сонда мазасыздануға болады. Ал әзірге қауіптенетіндей еш негіз жоқ» деді Келімбетов.
Жалпы, Ресейге салынып жатқан санкцияларға қатысты бұған дейін де бірқатар мамандар Қазақстанның осы сәтті ұтымды пайдалануы керектігін айтқан болатын. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары Лейла Мұзапарова да бұл санкциялардың Қазақстанға кері әсері болмайтынын нықтаған еді. Оның айтуынша, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Украина дағдарысы шеңберіндегі Ресейге жасалып жатқан санкциялардың салдарын, оның ішінде Қазақстан экономикасына ықтимал әсерін зерттеп, бірқатар қорытындыларға келген.
«Ресей мен Батыстың өзара экономикалық қақтығысынан Қазақстан экономикасына айтарлықтай қауіп күтілмейді. Рас, қазіргідей санкциялар алмасу бүкіл әлемдік экономиканың тежелуіне әсер етпей қоймайды. Соның ішінде санкциялар нәтижесінде ағымдағы жылы Ресей экономикасында стагнация (тұралау) жалғасатыны, ал еуропалық экономиканың шығыны 2 жылда 100 млрд доллар шамасында немесе Еуропа экономикасының ІЖӨ-дегі 0,3 пайызына тең болатыны болжанып жүр. Бұл аз көрсеткіш емес. Мұндай бағалауға сүйенсек, екі тараптың қарама қайшы санкциялары салдарынан әлемдік экономика шамамен 0,1 пайызға жуық шығынға ұшырайтыны болжанады. Ал әлем экономикасында Қазақстанның үлесі аз екенін ғана ескерсек, ( біз әлем елдеріне экспортқа шикізат қана шығарамыз) бұл жерде Қазақстан санкциялар легін дер кезінде пайдаланса ұтып шығады» дейді ол.
Ал енді Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері аясында ортақ валюта жүйесінің пайда болу мүмкіндігіне қатысты Ресей телеарналары тілшілерінің сауалдарына жауап берген Қайрат Келімбетов:
- Бұл мәселенің Еуразиялық экономикалық Одақ аясында көтерілгеніне біраз болды. Тіпті Ресейдің экономикалық даму министрлігінің және ресейлік сарапшылардың жобалауынша, ортақ валюталық жүйе 2025 жылдары қолданысқа енуі мүмкін. Бірақ Еуропаның өзінде мұндай жүйеге ену 50 жыл бойы жүрді. Сондықтан бұл әзірге әбден сараланып сүзгіден өтуі тиіс, болашақтың еншісіндегі жүйе,-деді.