Кәсіпкерлер табыстан шығын көп дейді. Жылына 7 миллион дана жұмыртқа өндіретін шаруашылықтың жағдайы кейінгі 3 жылда нашарлаған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Басты себеп – құс жемінің қымбаттауы. Ал шағын құс фермаларына мемлекеттен ешқандай қолдау қаралмаған.
Қызылорда облысындағы жұмыртқа өндіретін жалғыз цех 2017 жылы іске қосылған. Бүгінде мұнда 20 мың құс бар. Жылына 7 миллион дана жұмыртқаны сауда сөрелеріне шығарады.
Алайда құс фермасының соңғы 3 жылда табысынан шығыны көбейіп кеткен. Өйткені қажетті жеммен дәрумендердің бағасы 4 есеге дейін қымбаттап отыр. Мемлекеттен қолдау болмаса өндірісті тоқтатуға мәжбүр боламыз дейді кәсіпкер.
Насырбек Мырзабеков, кәсіпкер:
- Бізде майда шаруашылық, 6-7 млн ғана жұмыртқа береміз. Субсидияның нормативі 20 млн данадан асыра өндіру керек жылына, сонда әр жұмыртқаға 3 теңгеден субсидия беріледі Үкімет тарапынан. Келешек білмеймін қалай болатынын, алдымыз бұлыңғыр. Жергілікті жерден немесе Үкімет тарапынан қолдау болмаса біз тоқтап қалу қаупіндеміз.
Жергілікті билік құс фермасының тұралап қалмауы үшін қолдан келген көмекті жасадық дейді. Тіпті қажетті дәнді-дақылдарды егу үшін 150 гектардай егіндік жер берген.
Ерлан Меңлібеков, Шиелі аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Бестам ауылдық округінен 64 гектар және 40 гектар егістік қолайлы жүргізетін жерлер, яғни күріш ауыспалы егістіктен табысталды 2026 жылға дейін. Жұмыртқаға қажетті дәнді дәрумендер егіп алу мақсатында. Сонымен қатар Телкөл ауылдық округінен 45 гектар суармалы егістіктен қосымша жер алды.
Бірнеше жыл бұрын Қызылорда қаласы маңында осындай шағын құс фермасы ашылып, көп ұзамай қайта жабылған болатын. Шиелідегі жұмыртқа өндірісі де соның кейпін киюі мүмкін бе? Бұл сауалды жауапты орган мамандарына қойғанбыз. Олар бұл мәселеге қатысты министрлікке жолдаған ұсыныс оң шешімін таптқанын айтты.
Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Бүгін ғана хабарын біліп отырмыз, біздің ұсынысқа сәйкес 5 млн данадан артық өндіретін шаруашылықтардың бәріне жұмыртқаға 3 теңгеден субсидия беру жөнінде шешім қабылданып, қағидаға өзгеріс енгізу жөнінде министрлік бізді қолдады.
Мамандардың сөзінше, жылына 5 млн дана жұмыртқа өндіретін шағын шаруашылықтарға да субсидия берілетін күн алыс емес. Бұл қолдау арқылы өңірде құс шаруашылығы дамиды деген болжам бар.
Айта кетейік, жыл соңына дейін Қармақшы және Жаңақорған аудандарынан жылына 1,5 және 3,5 тонна құс етін өндіретін екі фабрика іске қосылады деп жоспарланған.