«Ғұмыр бойы көз майын тауысқан еңбегiм арман боп кетпесе игi едi», - деген ұстазым, биология ғылымының докторы, профессор Зұлхарнай Сейiтовтiң осы бiр ауыз сөзi менi қатты толғандырды. Қазақтың бағзы заманнан келе жатқан ұлттық сусынын зерттеп, кәдеге жаратсам дегенде жар құлағы жастыққа тимеген ағамыздың жанында жүрiп, салмағы атан түйеге жүк болар iстi жұмыла көтерудi парызым деп санадым», — дейдi заң ғылымының докторы Бекет Тұрғараев. Иә, ағалардың қара терге түскендегi мақсаты — қымыз бен шұбат патентiнiң қазақта ғана екендiгiн дәлелдеп, арнайы заң жобасын әзiрлеу. Шындығында, Қамбар ата түлiгiнiң шәрбат қымызы бiзде екендiгiн әуел баста-ақ Мағжан ақын: «...Бұл-қымыз, Бұл қымыздың арғы атасын сұрасаң, Құлаша қулық бие сүтi едi, Томсарған ер қазақтың асы едi» дей келе, «Заманында кiмдер iшкен дейсiз ғой?» деген сұраққа «Бұл қымызды кiм iшсiн? Бұл қымызды айлы күнi айналған, Бұлтты күнi толғанған, Құрығын қу найзадай таянған, Томсарған ер қазақтың өзi iшсiн!», — деп термелейдi.
Күннiң сәтiн таңдап, Қазақстанның еңбек сiңiрген ғылым қайраткерi, биология ғылымдарының докторы, профессор Зұлхарнай Сейiтов, Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген заңгер, құрметтi судьясы, заң ғылымының докторы, «Қожаберген жырау» қоғамдық қорының президентi Бекет Тұрғараев бастап, жантағы мен жыңғылы араласа өскен, Ойсыл қара мекенi Отырарға бет алдық. Тоқсанның топ ортасында талғамды iске толғана кiрiскен, әрi сөзiн дәлел-дәйекпен айтатын Зұлхарнай ақсақалдың «Қазақтың әлемдегi бiрiншi патентi қазақта, нөмiрi–330» деген бiр ауыз сөз ел болып жоғалттық деп жүрген жүйрiгiмiздi, айырылдық деп жүрген меруертiмiздi қайтарып, қолға ұстатқандай болды. «Азаулыда аға болған ерлер көп едi, Әйтсе де, алмаға ат байлағаны жоқ едi» дегендей, көптiң iшiнен сурылып шығып, келелi iстi кеңеспен шешемiн деп талай есiктi қағып, талай мықтының алдынан қайтқан, атар таңды үмiтпен күтiп, батар күндi толғанумен өткiзген Зұлхарнай Сейiтов атамыз бен ұлттық мұраларға әркез заңдық негiзде қолдау көрсетiп жүретiн Бекет Тұрғараев секiлдi ағалардың еңбегiне қалай сүйсiнбеске?!
Айтахановтың айтқаны келсiн!
«Қазақстанда қымыз бен шұбат туралы арнайы заң керек» деп Сенаттың жалпы отырысында депутаттық сауал жолдаған сергек сенатор Қуаныш Айтаханов ұлттық сусынның денсаулыққа пайдалы, әсiресе туберкулез, бауыр, асқазан, жүйке және иммундық жүйелердiң, жүрек және қан тамырларының дертiне дауа екендiгiн айтқан болатын. Кеңестiк кезеңде жылқы мен түйе шаруашылығына, қымыз бен шұбат өндiру iсiне дұрыс көңiл бөлiнбегенiне тоқталған сенатор сондай-ақ, мiндеттi түрде өзiмiздiң ұлттық брендтi жасау керектiгiн де әңгiмелей келе «Бiз бабадан қалған мұраға үн қосып, өзiмiздiң ұлттық брендтi жасауымыз керек. Сондай-ақ, қымыз бен шұбат туралы заңды да қабылдау қажет. Аталған заңда бiз сусындардың дайындалу жолын көрсетiп, барлық талаптарды енгiзуiмiз тиiс. Шаруаларды ынталандыру үшiн мемлекеттен жеңiлдiктер қарастырған жөн», — деген уәж айтқан.
Кезiнде елiмiзде өкпе ауруларын тек қымызбен емдейтiн 15 шипажай болса, бүгiнде олардың біразының жұмысы тоқтап қалған. Ал Ресейде қымыз өндiретiн 80-нен астам агрофирма, қымызбен емдейтiн 48 шипажай жұмыс iстейдi. Сондай-ақ, ғалымдары бие сүтiндегi лактоферрин ақуызынан қатерлi iсiктi емдейтiн дәрi жасап жатыр. Жапония мен Батыс елдерi қымыз бен шұбатқа ерекше қызығушылық таныта бастаған. Ата-бабамыздың аманатына адалдық танытып, ардақтаған асын, сүйсiне iшкен сусынын ұлттық брендке айналдыруда классикалық (бабалардан қалған әдiс арқылы) дайындау үлгiлерi, сүтке қойылатын талаптар, стандарттар, физика-химиялық және иiс пен дәмдiк қасиеттерi, сақтық шаралары жазылуы тиiс. «Мiне, осыларды заң жүзiнде бекiттiрiп, ұлттық ас мәзiрiмiзге мөрлетiп алмайынша, келешек ұрпаққа аманат етер құнды мұраны сақтап қала алмауымыз да мүмкiн», — дейдi Зұлхарнай ата. Бұл мақсатта Қуаныш Айтаханов шыр-пыр болса, мұнда ұлтжанды азамат Бекет Тұрғараев жүгiрiп жүр. «Мақсат — қайткенде де мемлекеттiк заң қабылдап, қастерлi сусынды заңды түрде нарыққа шығару», — дейдi олар.
Шұбаты балдай Маяқұмның маясы-ай!
Оңтүстiкке алғаш атбасын бұрған Зұлхарнай ақсақалдың екi көзi мидай жазық Отырардың топырағында. «Байқадыңдар ма, шұбат пен қымыздың күштiлiгi қара жердiң шөбiнiң құнарында жатыр. Бетпақтың құмдауытында жайылған биенiң берген сүті шекеңнен терiңдi бұрқ еткiзгенiндей, Ойсылқара түлiгiне жайлы Отырардың жантағы мен бүргенiн жеген маяның майлы шұбат беретiнi де сондықтан», — деп әңгiменiң тиегiн ағытты. – Осыдан 11 жыл бұрын Израиль елшiлiгi Алматыда түйе шаруашылығы туралы үлкен халықаралық конференция өткiздi. Германия, Франция, Египет елдерiнiң өкiлдерi, елiмiздiң сала мамандары қатысты. Түйе шұбатын ұзақ сақтау әдiсi туралы баяндама жасадым. Сонан кейiн Атырау облысының экс әкiмi Серiкбек Дәукеев арнайы шақырып, «сiздiң еңбегiңiзге шетелдiктер ерекше мән берiп жатқанда, бiз неге мұны елеусiз қалдырамыз» деп, облыстық бюджет есебiнен өңiр мектебiнде бiлiм алып жатқан оқушыларға күнде бiр кесе шұбат берiп отыру керек деп мiндеттедi. Үш ай өтпей жатып ол басқа салаға ауысып кетiп, жақсы бастама аяқсыз қалды. Сонан берi сол «жырымды» әлi айтып келемiн, тыңдар құлақ болса... Жанайқайымның астарында не жатқанын айтар болсам, отанымыз Дүниежүзiлiк сауда ұйымына бүгiн болмаса да, ертең кiрерi анық. Сонда бiздi осы қымыз, шұбат, өзге де ұлттық тағамдар әлемге танытатынына сенiмiм зор».
Әңгiменiң әсерiмен Отырардағы түйе сүтiн өңдейтiн зауытқа де келiп жеттiк. Қожалықтың алдында Мырзахан Манапов есiмдi азамат құшақ жая қарсы алды. Өз қаражатына Көкмардан ауылынан «Үсенов Н» тауарлы-сүт фермасын және сүт өңдеу цехын ашып, тәулiгiне 5 тонна сүт өндiретiн кәсiпкер аудан халқын сапалы өнiмдерiмен қамтамасыз етiп отыр екен. Зұлхарнай ақсақал Көкмардандағы кәсiпорынның тыныс-тiршiлiгiмен танысып, зауыт iшiн аралап, iскер азаматтың шетелден алдырған сүт өңдейтiн заманауи техникаларының жұмыс барысымен бiр-бiрлеп танысып, тәптiштеп сұрап жатыр. Ашытылып, құбырлар арқылы бiр литрлiк ыдысқа құйылған қымыранның дәмiн татып, экологиялық тұрғыдан таза әрi емдiк қасиетiн жоғалтпаған сусынның сақталу мерзiмiнiң тым ұзаққа бармайтындығын айтты. Себебi, дайын өнiмге сүт қышқылы (қазақшалап айтқанда, қолдан жасалынған ашытқы) қосылуы керек. Әйтпесе, 20 күн өтпей, бұзылып кететiндiгiн айтып, өзi тапқан құпия рецептiн Мырзахан Манапов берiп, шаруашылығына сәттiлiк тiледi.
Бастапқыда оншақты iнгенiмен жұмысын бастаған шаруашылықта қазiр түйенiң шоғыры қалың. Мұнда қожалық иесiнiң отбасымен қатар ауыл жастары да жұмыс iстейдi екен. Кәсiпорын қазiр тәулiгiне 500 литр шұбат шығарып жатыр. Сұранысқа қарай тәулiгiне 2 тоннаға дейiн қымыран құюға болады дейдi мамандар. Болашақта өңiрдегi түйе шаруашылықтарының сүтiн осы кәсiпорынға өткiзу де жоспарда бар. Ауданда iрi өндiрiс орны болмағандықтан, шағын және орта бизнеске көп көңiл бөлiнедi. Қазiр өңiрде бес мыңнан астам кәсiпкер болса, соның 70 пайызы осы орта бизнес өкiлдерi. Жұмыспен қамтылғандардың саны 4000-нан асады. Аудан әкiмiнiң айтуынша, осы шағын кәсiпкерлердiң салық түсiмi нәтижесiнде аудан бюджетi 1,7 есеге артыпты. Айта кету керек, шұбат шығаратын қожалықтың басшылары несие алып, өздерi ашқан қожалықты өздерi қамтамасыз етуде. Осылайша өңiрдегi жаңа нарықты игерiп, инновациялық жоба арқылы отандық өнiм шығарып жатқан шағын кәсiпорындардың бiрi атанып отыр.
«Бизнестiң жол картасы» бағдарламасы бойынша Көкмардан ауылында ашылған түйе сүтiнен жасалған жоғары сапалы «Маяқұм шұбаты» бүгiнгi таңда елiмiздiң Қарағанды, Шымкент, Астана секiлдi iрi-iрi қалаларында үлкен сұранысқа ие болып, осы тектес өнiмдердiң бiрегейiне айналды деп айтсақ қателеспеймiз. «Үсенов Н» шаруа қожалығының төрағасы Мырзахан Манапов басқаратын осы ұжымда 25 адам жұмыс жасауда. Бұл өндiрiс орны 2011 жылы Үдемелi индустриялық-инновациялық жобаға енiп, Ресейдiң Тула қаласынан тәулiгiне 5 тоннаға дейiн өнiмдер дайындайтын жаңа заманауи үлгiдегi қондырғылар сатып алыныпты. Түркiменнiң «Драмадер» асыл тұқымды 400 бас сауын түйелерiн әкелiп, Маяқұм ауылының жайылымдарына бейiмдей бастады. Бүгiнгi таңда тәулiгiне 1 тонна 200 литр түйе сүтiн өңдеп, шығарып отырған мекеме өңiрге танымал. Бiр шөлмегiнiң құны 400 теңгенiң үстiнде.
Шұбат — сүт қышқылды және ашыту жолымен алынатын, түйе сүтiнен әзiрленетiн табиғи сусын. Сондықтан құнарлығы өте жоғары. Емдiк қасиетi бар өнiмдi Мырзахан Бексұлтанұлы ең әуелi отырарлықтарға, сонан кейiн елiмiздiң басқа аймақтарына таратуды көздеген.
Ата арманы заңға айналса...
— Ұзақ жылдар заң саласында республиканың әр өңiрiнде еңбек еттiм. Азды-көптi, ел мүддесi үшiн әдiлдiк сүрлеуiнде болдық. Бүгiнде сол теккен төрдiң зейнетiндемiн. Ендiгi аңсар—сахараның қайығы саналған Ойсылқара шұбаты мен жалына жармассаң желпiнiп шыға келетiн Қамбар ата қымызының мемлекеттiк деңгейде қамқорлыққа, қорғауға алынуына аз да болса септiгiмдi тигiзу. Қазiргi таңда «елге болсын» деп жүрген сенатор, ғалым азаматтармен бiрлесiп, республиканың түкпiр-түкпiрiндегi осындай өндiрiс орындарын аралап, ата сусынды сақтау мен баптау жайынан да аз-кем хабардар етiп жүрмiз, — дейдi Бекет аға.
Зұлхарнай ата ұлттық сусын яғни қымыз шыны ыдысты бiр жылға дейiн сақталса, полиэтиленде бес ай ғана бұзылмай тұратындығын дәлелдептi. Органикалық зат болғандықтан қымыз құрамындағы қышқылдар ыдысты ерiтiп, реакцияға түсетiндiгiн тiлге тиек еттi.
— Осыдан бiрнеше жыл бұрын «Қымыздың патентi Германия азаматтарында екен» деген әңгiменi естiп, ел болып бiр елең еткен жайымыз бар. Тiптi, өткен жылы орыс тiлдi бiр басылымда Еуропаны қымызға қарық қыламыз деген сыңайда мақала басылыпты. Мұның барлығы — ұлттық тағамдарымызға деген өзгелердiң қызығушылығы. Бiр нәрсенi түсiнген абзал. Қымыз бен шұбат өзен болып арқырап ақса да, бәрiбiр қазақтың даласынан шыққаны, қорының қазақтың қара сабасында сақталғанын естен шығармаған жөн. Өйткенi, қымыз бен шұбат туралы менде том-том мағлұматтар, өмiрлiк тәжiрибе бар. Оның үстiне судың тұнығын, шөптiң шүйгiнiн жейтiн жылқы киелi жануар. Не болса соны талғамай жұтып, ағыл-тегiл сүт бере бермейдi. Ол бапты қалайды, бабын келтiрсең ғана бал сүтiн бередi. Алайда, қымыз сапасына көңiлiм алаң. Себебi, ақша үшiн жанталасқандар су да, сары су да, күрiш суын да, сиыр сүтiн де қосады. Бие сүтiнiң сапасын тексеретiн арнайы құрал болмаса, дәмiн сезбестей етiп мәнерлеп жiбередi. Нағыз саба толған сары қымызды ашыту процесi ол таңды таңға ұратын таусылмас әңгiме.
Елдiгiмiзге салмақ салар iстi ел-жұрт болып қолға алсақ, жанашыр азаматтар көбейсе, ұлттық брендтерiмiз тiстегеннiң аузында, ұстағанның қолында кетпес едi. Осыған орай, жуырда Мәжiлiс төрағасының орынбасары
Дариға Назарбаеваға ұлттық сусын дайындау туралы ойларды тiзбелеп, оған қазақтың ғаламат ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қымыз» деген керемет жырын қосып сәлем хат жолдадық. Мақсат — жоғарыдағы басшылардың назарына осы жағдайды жеткiзу. Қымыз бен шұбаттың денсаулыққа пайдалы жағы жазылып, айтылды. Ендi жаңғыртып, нақты жобалар арқылы ұлттық медицинаның көкжегiн кеңейту ғана қалды, — дедi ақсақал.
Иә, Зұлхарнай атаның ендiгi бағыты — Қазақ елiнiң солтүстiгi. Мақсаты — төрт түлiктiң ағарғанымен кәсiбiн нәсiпке айналдырып отырған жұртшылықпен тiлдесу. Ендеше, қазақтың бағзыдан келе жатқан ас сусынының көсегесiн көгертемiн деп жүрген ұлтжанды абзал азаматтардың қадамына ақжолтай тiлейiк, ағайын!