Ресейлік абыройы келіскен қаржыгерлердің мәлімдеуінше, болашақта сауда секторындағы табысты еселеп көбейту үшін әрбір сауда саласына арнайы құпия агенттер енгізу қажет. Егер мұндай құпия агенттер аталмыш салаға бойлай енетін болса, өнім өтімділігі артады, бастысы – сол өнімді саудаға шығарушылардың арасында бәсекелестіктің көрігі қыза түспек.
Басқалардан бұрын бұл бастаманы ресейлік қаржыгер Герман Герф қолдап-қолпаштап отыр. Герман мырзаның пайымдауынша, Ресейдегі атақ дәрежесі келіскен алып сауда үйлерінде құпия агенттердің болуы екі алақанды ысқылап тұрып табыс табуға итермелейді.
Жалпы, тарихына үңілсек, сауда агенттері сонау ХVІІІ ғасырда-ақ жұмыстарын белсенді атқарған деседі. Мәселен, сол кезеңдердің өзінде-ақ испанның атақты суретшісі Франсуа Аруэ өз өнімдерін өзгелердің шыққан туындысымен алдын ала салыстыру мақсатында арнайы құпия агенттер ұстапты. Бұдан соң бұл үрдісті испан сауда үйлері өз әдістеріне салып қолдана бастаған. Испандықтар оларды «құпия сатып алушылар» деп те атапты.
Ал енді құпия агенттердің табиғатына үңілсек... Негізінен, Испанияда сауда агенттерінің құпия сатып алушылар деп аталуында үлкен астар бар. Бұл ретте сауда агенттері дүкендерді ақшасыз аралай жүріп, тек киім-кешектерді қарап, өлшеу үшін киіп көріп, матасының сапасын сұрастырып, «мынау тауар секілді, бірақ басқа түсті матамен болмаса түймесі басқасы бар ма?» деген тәрізді сұраулар салып, сатылымдағы өнімнің сапасын біледі. Әрине, олар осы ақпараттарды жинағаны үшін қомақты жалақы да алады. Құпия агенттерге қойылатын басты талаптардың бірі – агенттердің есте сақтау және көру қабілеті жоғары болуы керек. Бұдан кейін ол өзін тым қарапайым ұстауы қажет. Сондай-ақ мұндай агенттер көпшілікпен тез тіл табыса алуы тиіс. Былай қарағанда агенттерге қойылатын талап анағұрлым жоғары болып көрінбеуі де мүмкін. Бірақ сарапшылардың айтуынша, олардың сауда саласындағы ықпалы зор. Бұл ретте экономист-сарапшы Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ былай дейді:
– Сауда саласында құпия агенттер ұстау Қытайда 90-жылдардың басында-ақ белсенді түрде белең алды. Қазір Қытайдың белді-белді мемлекеттік компанияларында мұндай жасырын агенттер бар. Бұдан соң осындай агенттер Украинада да баршылық. Ендігі кезекте Ресей құпиялы сатып алушылардың қызметін жетілдіре түспек. Жалпы, саудасынан табыс тауып, шаруасын дөңгелетемін деген кәсіп иесі өз бәсекелестерінің ортасында «тыңшылық» үрдісін ұстауы – бұрыннан келе жатқан үрдіс. Мүмкін, мұндай агенттер қазақ саудасына араласа алмай жатқан шығар. Бірақ қазірде осы әдіс-тәсілді ұстанатын дамушы елдер жетерлік. Әрине, әр кәсіпкер өзінің құпиясын екінің біріне аша бермейді. Негізінен, бизнес әлемінде өзара ашық пікір алмасу, бизнестік құпиясын тәжірибелік ортаға салу деген – жабық тақырып. Сондықтан болар, мұндай агенттерге қазір кәсіпкерлер зәру. Оларды дүкендерге болмаса өнім шығарушы зауыт-фабрикаларға жіберу арқылы кәсіпкерлер бәсекелестерінің құпиясын біле алады. Ал құпиясын біліп алған соң бәсекелесінің жұмыс жоспарына қарсы қимылдау оған қиынға соқпайды. Бұл кәсіпкердің капиталын қомақты ететіні рас.
Ал бұған қатысты отандық кәсіпкер Байбек ШЫМЫРБЕКОВ былай дейді:
– Кейбір адамдарға дүкендерді аралау бейнет боп көрінсе, басқаларға бұл ештеңемен салыстыруға келмейтін ләззат болып табылады. Кейбір әйелдер ештеңе сатып алмаса да дүкен аралауды ұнатады, қайсыбіреулер әдейілеп «стратегиялық нүктелер бойынша» ақшасыз, тек киім-кешектерді қарап өтуді қатты ұнатады. Олардың айтуынша, бұл өмірдің тонусын көтереді. Ал енді, расымен де, мұндай адамдар үшін ақша табудың жолы бар. Оның аты – «құпиялы сатып алушы». Сол құпиялы адам дүкендерге, бутиктерге, мейрамханаларға барып, бақылау сұрақтарын қою арқылы сатылымдағы өнім туралы ақпарат жинайды. Әрине, ол үшін оған ақша төленеді. Мұндай агенттерге қазіргі заманда қойылатын бірден-бір талап – сатушымен сөйлескен әңгімені таспаға жазып алу. «Құпиялы сатып алушының» ең басты дәлелі ретінде аудиотаспа болып саналады. «Құпиялы агенттердің көбісі ресейлік компанияларда баршылық және олардың кейбіреулері украиналық кәсіпорындармен де жұмыс істеуде.
Десек те, қайсыбір сарапшыларымыз «құпия агент» терминіне біздің сауда саласы әлі де жатырқай қарайтынын, қазақ кәсіпкерлеріне «агентің бар ма?» деп сауал тастасаң, олар үшін бұл бір «сатқындық нышаны» тәрізді көрінетінін де алға тартты. Ал айналып келгенде базбір кәсіп иелері агенттерді араластыру арқылы қалтасын қалыңдатып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Олар мұны бизнестің жазылмаған заңдылығы деп біледі.
Құпия агентіңіз бар ма?
Последние статьи автора