Қош бол, қамқор аға...
Кеше редакцияға «Алматы сауда палатасының төрағасы Ізбасар Бозаев қайтыс болыпты» деген суық хабар келіп жетті. Шыны керек, сенгіміз келмеді. Қашан қоңырау шалсаң да, ар жағынан жымиып (иә, иә, жымиғаны анық сезілуші еді) жауап беретін әзіз жанның кенеттен бұл фәниден озуы ақылға сыймайды екен. Аяқ астынан...
Таразға бір шаруалармен барған Ізбасар аға 30 наурыздың кешінде Алматыға қарай жолға шығады. Жанында жүргізушісі бар. Бірақ біраздан соң рульге өзі ауысып мінеді. Қордай ауылына таяу маңда автокөлік апатқа ұшырайды. Жанындағылар аман. Өзі кетті. Жазмыш па бұл? Әсілі – солай.
Жексенбі күні туған-туыстары, жора-жолдастары Ізбасар ағаны мәңгілік сапарға аттандырды. Қаралы жиында сөз сөйлеген Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибраимов, Халық Абдуллаев, Ибрагим Сатыбалды, «Ұлы дала» қозғалысының» өкілі Ғабиден Жәкеев сияқты ел азаматтары біреуге аға, біреуге іні болған Ізбасар ағаның аруағына тағзым етті. «Алаш айнасы» жарық көргелі өзіміз талай рет сұхбат-пікір алған Ізбасар ағаны газет бетінде еске алып, рухына тағзым етуді біз де жөн санадық.
Көпшілік Ізбасар Бозаев ағамызды Алматы сауда палатасының төрағасы ретінде біледі. Өйткені ақпарат құралдарында ол көбіне осы қырынан көрінді. Ал маңайында жүргендер оны халқына жаны ашитын, нағыз елім деп еңіреген азамат еді дейді. Былтыр күзде құрылған «Ұлы дала» республикалық қоғамдық бірлестігіне енуі де содан болар. Өйткені ол – еліміздің қазіргі жеткен жетістіктерін мойындап, Батыстың демократиялық құндылықтарын қабылдай отырып, қазақтың тілін, салт -дәстүрін, тарихын, ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, одан әрі дамытуға талпынатын қозғалыс.
Ал Ізбасар ағаның нағыз меценат болғанын, әсіресе дарынды жастарға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасағанын білетіндер бар ма? Бар шығар. Бірақ олар да некен-саяқ. Өйткені кейбіреулер сияқты ол жасаған жақсылығын жар салып айтқан емес. Мынау қиын заманда жақсылық жасау да кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс қой. Сөздің реті келгенде, Ізбасар ағаны дәл осы қырынан танытқан бір оқиғаға тоқтала кетейік.
Алғаш рет электрдомбыра жасауды қолға алған Нұржан Тойшы 2010 жылдың жазында өз жобасы жайында Ізбасар Бозаевқа айтады. Ол кісі бұл жобаның кереметтігі мен электрдомбыраның дыбысына таңғалып, тәнті болады. Алматыдағы өз мекемесінен осы жобаның дайындығын өткізетін арнайы орын тауып береді. Нұржанға моральдық көмек берумен қатар, қазақ эстрадасы музыканттарымен және сазгерлермен таныстырады. Нұржан ең әуелі Ізағадан осы жобаға кәсіби домбырашы тауып беруін өтініпті. Ізбасар ағасының шақыруымен алғашқы болып Мұрагер келді. Әйгілі домбырашы әлгі аспаптарда 20 минуттай ойнап көреді. Топтың жоспарына қызыққанымен, ол бұл кезде Астанадағы Қазақстан СІМ-ге жұмысқа кірген болатын. Сол себептен Нұржан мен оның тобына қосыла алмады. Бірақ Мұрагер Нұржанға досы Мақсат Хасановты таныстырады. Ол бұл жобаға бірден келісімін береді. Ол кездері Мақсат Қазақ ұлттық консерваториясының домбырадағы жалғыз солисі болатын. Нұржан мен Мақсат Мәскеудегі домбыралар дайын болғанша жарты жылдай өздері дайындалып, демо-нұсқаларды жазып жүрді. Кейін оларға Бақытжан Желдербаев пен Шамшаддин Омаров қосылды. «Алдаспан» тобы осылай құрылған.
Нұржан Тойшы, «Алдаспан» тобын құрушы:
– Ізбасар аға – әкеден ерте жетім қалып, 7-сыныптан бастап жұмысқа кіріскен адам. Қолтығынан демеп, көмектескен жанашыры да болған жоқ. Бүкіл жетістікке өз еңбегімен, өз күшімен қол жеткізді. Көбіне қарапайым адамдармен араласты. Кімге болса да көмегін аямай, қамқор болып жүретін. Әсіресе талантты, болашағы бар жастарға қамқор еді. Ерекше ақкөңіл болғандықтан ба, көп адамға алданып қалатын. Бірнеше тілді меңгерген, қытайша, түрікше білетін, ағылшыншадан хабары бар. Жүрген жерінде берекелі, өте жомарт жан-тұғын. Қарауындағы ғимарат кеңселерін біраз адамдарға жалға тегін беріп қоятын. Көңіл күйім түсіп, рухани күшім сарқылғанда алдымен сол кісіге баратынмын. Ол маған рух беріп, көңілімді көтеріп, жігерлендіріп жіберуші еді. Жалпы, елге керек бастамаларды қатты қолдайтын. Таяуда жаңа альбом шығарайық деп жатқан едік, сол альбомға менімен бірге продюсер болды. Бұл кісі болмаса, топтың болар-болмасына көзім жетпейді. Алла риза болсын ағамызға.
Дегенмен де Ізбасар ағаның негізгі қызметі Алматы сауда палатасында-тұғын. 2001 жылы құрылған сауда палатасы Қазақстан кәсіпкерлеріне бизнесті дамыту мен әлемдік экономикаға интеграциялануға нақты көмек көрсетуді, сондай-ақ ел экономикасына тікелей шетел инвестицияларын, жаңа технологиялар тартуға қол ұшын тигізу мақсатын көздейді. Бұл жұмысты Ізбасар аға жоғары деңгейде атқарды. «Алаш айнасына» берген бір сұхбатында ол: «Дағдарыс кезінде қамбадағы қорды шығарып, қаржы саласын аман алып қалдық. «Жол картасы» да бірталай әлеуметтік мәселені шешті. Жұмыс орындары ашылып, жұрт нәпақа тапты. Дағдарыс биыл емес, келесі жылы бітеді дейтін сәуегейлер де бар. Бірақ бұлт басқан аспанымыз ашылып, күн көзі шығу үшін қолдағы ресурстарды тиімді пайдалануға ұмтылуымыз қажет. Күні кеше «Жер қойнауын игеру туралы» Заңды қайта қарау жөнінде шешім қабылданды. Бұл – кеш болса да қолға алынып отырған батыл шешімдердің бірі. Қорқатын ештеңе жоқ. Келісімшартты қайта қарап, елімізге тиімді баптарды қосу керек. Оған көнбейміз дегендерге – «сәт сапар». Шүкір, орнына келем деушілер баршылық. Ешкім келмей қалады деген үрей жоқ бізде. Көп ел мемлекеттік меншікке қарай бағыт алды. Онда біз неге өз несібемізді біреулердің аузына тістетіп жіберуге тиіспіз? Ұлт несібесі ұлттың өз қолында болуы керек», – деген еді.
Алматы сауда палатасының сайтында Ізбасар ағаның суреті әлі күлімдеп тұр...
Жаныңыз жаннатта болсын, Ізбасар аға.