Айналасын ат қораға айналдыратындай саябақ сенің меншігіңдегі дүние емес. Өзіңдей жүздеген адам серуен құратын демалыс орны. Сол сияқты, бала ойнайтын алаңқайда шырт түкіріп, шемішке шағуға қақың да құқың да жоқ. Біреу аяқкиімін шешпей, босағаңнан төрге озса шыр-пыр боласың, ал түннен қалған қоқысты қол созым жердегі жәшікке апарып төгуге ерінесің. Болмаса елдің бәрі жаппай ұйқыға кеткен түннің бір уағында бақыртып-шақыртып музыка қойып, көршілеріңнің тынышын алғаның қай сасқаның.
Қоғамдағы жеңіл-желпі заң бұзушылықтарға көз жұма қарамай, бел шеше күресуге шақырған Елбасы бей-берекеттің басы немкеттіліктен басталатынын айтудайын айтып келеді. Иә, тазалықты сақтап, тәртіпке жүгінген, әмсе қоғамдық орындардағы жүріс-тұрысы белгілі бір заңға бағынған ортада мұндай жөнсіздіктерге жол берілмейтіні дау туғызбайтын шығар. Десе де, тұрған жеріне түкіре салып, әлгінде ғана отырған сәкіге сағыз жапсырып кету, одан қалды, арықтардың арасына, тұрғын үйлердің қуыс-қуыстарында қашаннан жатқаны белгісіз – босаған сусындар мен сынған шөлмектер, темекі тұқылдары мен тіпті айтуға ауыз бармайтын өзге күл-қоқыс қазіргі қазақ қоғамының тазалық пен тәртіпке деген көзқарасын көрсеткендей.
Былтырғы жылғы қыркүйек айының басында Парламенттің үшінші сессиясының ашылуына арнайы қатысқан Мемлекет Басшысы осы мәселеге қайта оралып, көше мәдениетін көзге ілмейтін есерсоқтар мен жанай кетсең жұдырығын ала жүгіретін басбұзарлардың тәртібін тезге салуды, осы мақсатта Мәжіліс депутаттарына ұсақ қылмыс пен ірі қылмыстардың ара салмағын ажырататын заңның қажеттігін тілге тиек етті. «Азаматтарымыз заңға құрметпен қарауы керек. Жаза басқандардың барлығына кешірім ете берсек, ертеңгі күні ұтарымыздан ұтыларымыз көп болады. Кез келген құқық бұзушылыққа қоғамда «нөлдік төзімділікті» қалыптастырған жөн. Бұл үшін Парламенттің алдына жаңа қылмыстық-процесуалды, қылмыстық-атқару кодекстерінің, сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жобасын мұқият қарауды қадап тапсырамын. Кез келген қылмыс және ел заңдарының бұзылғандығы үшін жазаның әділ болатындығына ешқандай күмән болмауы қажет», – деді Президент.
Жаза – жүгенсіз кеткендерге, біріншіден, бұрынғы істеген қылығы үшін ұялатындай, екінші – енді қайтып қателігін қайталамайтындай сабақ болуы тиіс. Жалпы ұсақ қылмыстар үшін жауапқа тартуды көздейтін заң елімізде бар. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын «Қылмыстарды тіркеу» туралы заңға күрделі өзгеріс те енгізілген болатын. Жаңа заңның талабы бойынша, ендігі жерде кез келген уақтүйек қылмыстың түрі тіркеледі. Қазіргі күні қылмыс санының артуының негізгі себебі осы. Есепке алғанның арқасында құқық қорғаушылардың мойнына жүктелетін міндет көбейіп, бұдан бұрын қоғам назарынан тыс қалып жүрген басқа да жайттардың беті ашылып жатыр. Атап айтар болсақ, бұған дейін деңгейі төмен деп көрсетіліп келе жатқан ұрлық-қарлық, бұзақылық, алаяқтық, тонаушылық ұсақ қылмыстардың пайызы ондаған есеге өршіп шыға келді. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрайымы Сәуле Айтбаеваның айтуына қарағанда, елімізде осы қылмыс түрлерінің үлес салмағы басым. Иә, өзгерген заң көп нәрсеге көзімізді ашып бергендей болды. Алдағы уақытта Ішкі істер министрлігі «қылмыстардың көбеюі тіркеудің есебінен болып отыр» десе де, қылмыстың аты – қылмыс. Жеңіл-желпі көрінгенмен оның артында адам тағдыры тұрғаны белгілі жайт. Ендеше, Елбасы ұсынысы да орынды. 2015 жылы күшіне енетін жаңа Қылмыстық-процесуалдық кодекс қабылданар болса, енді тым еркінсіп кеткен алаяқтар мен қаптесерлердің аяғына тұсау салынары, әртүрлі деңгейдегі қылмыстарды жасыруға жаппай жол берілмейтіндігі анық. Ал бұған бұқара жұрт қаншалықты үн қосар екен? Көпшілік тәртіп сақшыларымен тізе қосып, қоғамдық тәртіпті құлағына ілмейтіндерге қарсы күресуге құлықты ма? Қалай болғанда да, мұның аққарасына уақыттың өзі төрелігін береді деп ойлаймыз.
Түйіншек
Рамазан Сәрпеков, ҚР Мәжіліс депутаты:
– Былтырғы жылғы Парламенттің бесінші шақырылымының үшінші сессиясын ашу барысында Елбасы біздің депутаттардың алдына 5 бағыттағы үлкен міндет қойды. Солардың бірі жеңіл сипаттағы қылмыстық құқық бұзушылықтар болатын болса, оларды түрмеге тоғыту ғана емес, бас бостандығына жатпайтын жазалармен ауыстыру мәселесін, қоғамға қауіпті қылмыстар болатын болса, қасақана, түзелу жолына түспей, ауыр қылмыс жасағандардың міндетті түрде жауапқа тартылуын қамтамасыз ету керек екендігін қадап айтты. Иә, қандай да болмасын қылмыстық әрекетті, жеңіл-ауыр деп бөлмей, мұндай заңсыздықтарға жол берудің жолдарын қарастырған жөн. Елімізде бес құқық қорғау органы бар екені белгілі. Олар өз алдарына қойылған жалпы міндеттерді ойдағыдай орындап отыр. Мұның ішінде кейбір уақыттарда «әттегенай» деп айтатын сәттер болады. Жұрттың назарына іліккен кейбір істерге бола жалпы жүйенің ішінде істелініп жатқан жұмыстың өзін жоққа шығаратын кездердің кездесіп жататыны жасырын емес. Мұндайға жол бермеу үшін әділетті сот төрелігін қамтамасыз етіп, тергеу жұмыстарын жүргізген уақытта тергеушілерге, анық
тамашыларға қойылатын талаптарды, осыдан екі жыл бұрын өткізген реформа кезіндегі міндеттерді жүйелеу керек. Бастысы, қоғамдағы кемшіліктер мен ұсақ қылмыстарға азаматтарымыздың өзі бейжай қарамағаны жөн. Ал бізде қалай? Кейбір уақыттарда азаматтардың өздерінің заңға немқұрайлы қарайтынын, басына іс түскен уақытта заңның көмегіне жүгінетінін көріп жүрміз. Болмаса, баяғы ескі әдетімізге басып, біреуді ортаға салып, «бармақ басты, көз қыстымен» бірдеме істейміз деген психология бар. Осы арада біз өзіміздің құқықтық мәдениетіміздің төмендігін байқатып қаламыз. Демек, бұл арада тек қана заң кінәлі емес.
erkindik.kz сайтынан алынған
Қоқыс тастауды қылмыс деп қарастыру қажет пе?
Последние статьи автора