Қолмен басқару – дағдарыс кезеңіндегі тиімді тәсіл
Қазақстан Үкіметі дағдарысқа қарсы бірнеше бағыттарда жемісті жұмыс жүргізіп келеді. Соның бірі – өндіріс көлемінің төмендеуіне және жұмысшыларды қысқартуға жол бермеу. Инвестициялар және даму министрлігі мұндай мәселені оң шешу үшін, өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолмен басқару бағытында жұмыс жүргізде. Бұл туралы 23 қарашадағы Үкіметтің селекторлық отырысында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев хабарлады. Министр Үкіметтің дағдарысқа қарсы іс-шаралар жоспарын қабылдап, соның нәтижесінде еліміздегі 200-ден астам ірі кәсіпорындар мемлекеттік қолдауға ие болғанын айтты.
Біріншіден, қара металл сынықтарының және құрамында алтыны бар шикізаттың экспортына салынған тыйым 2015 жылдың соңына дейін ұзартылды. Екіншіден, «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ-ы, «Тараз металлургия зауыты» ЖШС-і, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-ы, «Теміртау электрометаллургиялық комбинаты» АҚ-ы, «Tau-Ken Temir» ЖШС-і сияқты кәсіпорындар үшін электр қуатын және оны жеткізетін қызмет түрлеріне жеңілдетілген тарифтер ұсынылған. Үшіншіден, «Арселор Миттал Теміртау», «Қазақстан алюминийі», «Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинаты», «Теміртау электрометаллургиялық комбинаты», «Bapy Mining», «KSP Steel» сияқты ірі кәсіпорындарға 2015 жыл бойына магистральдық теміржол желісі қызметінің тарифтеріне төмендетілген коэффициенттер берілген.
«Шағын және орта кәсіпорындарға ірі кәсіпорындардың тапсырысы арқылы қолдау жасалды. Соның нәтижесінде шағын және орта кәсіпорындар отандық ірі кәсіпорындармен жалпы құны 1,3 трлн. теңгені құрайтын 23 мыңнан астам келісім-шарт жасады. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындылары бойынша, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 13 пайызға кеміді. Бұған тау-кен өнеркәсібі өндірісінің 22 пайызға төмендеуі әсер етті. Бірақ өнімдерді қайта өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 0,5 пайызды құрады» деп атап көрсетті Ә.Исекешев. Инвестициялар және даму министрінің пайымдауынша, жоғарыдағы ахуалға сыртқы факторлардың әсері зор. Мәселен, көптеген елдерде қайта өңдеу өнеркәсібі өте қиын жағдайды бастан кешуде. Министр өз баяндамасында Корея, Норвегия, Финляндия, Бразилия және Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптесіміз Беларусь Республикасын (бұл елдегі көрсеткіш 5 пайызға кеміген) мысалға келтірді.
Қазақстандағы дағдарысқа қарсы іс-шаралардың басқа елдерден артықшылығы бар. Мәселен, индустрияландырудың бірінші бесжылдығында басымдық берілген салалар қазір жағымды рөл атқаруда. Мұндай салаларға түсті металлургия, химия өнеркәсібі және құрылыс материлдары өндірісін жатқызуға болады. Инвестициялар және даму министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, шағын және орта кәсіпорындарға көрсетілген қолдау нәтижесінде 10 айда арматура өндіру 40 пайызға, цемент шығару – 14 пайызға, каустикалық сода өндіру – 34 пайызға, аммиак селитрасы – 13,4 пайызға өскен. Бұған қоса, кеуекті титан өндірісі 2,8 есеге, титан қорытпасы мен құймасы 23 пайызға, рафинирленген мыс – 20 пайызға, ферроқұймалар мен глинозем – 2 пайызға, күміс 30 пайызға ұлғайған.
Әмірлан Әлімжан