Қой жүні кәдеге жарайды
Жеңіл өнеркәсіптің негізгі құнды шикізаты саналатын жүн өңдеу ісі қазақта қашаннан бар. Қырқылған жүнді аналарымыз жуып, тулаққа салып сабап тазалайтын, сосын киіз басып, сырмақ жасайтын, жіп иіріп, киім тоқитын. Енді бұл қол еңбегінің бәрі жаңа технологияға негізделетін болды.
Алматы облысындағы «Үштөбе Отау» ЖШС қой жүнін өңдей бастады. Мұндағы жүн алдымен құрамы әрқилы алты түрлі ваннада жуылып,тазартылады. Сонан соң өз зертханаларына жіберіледі. Онда майлылығы, ұзындығы мен жіңішкелігі, минералдығы, дымқылдығы арнайы тексерістен өтеді. Ерекшелігіне байланысты сұрыпталып, цехта жеке-жеке орам болып тақталанып шығады.
Облыста жүн өңдейтін жалғыз кәсіпорын саналатын бұл серіктестік қазір күніне 5 тонна жүн өңдеуде. Цехтан шыққан жүн талшықтарын Италия, Қытай, Түркия елінің кәсіпкерлері талдауға алып кеткен, десе де, өнім әзірге тек Қытайға жөнелтіліп отыр. Болашақта экспорттау географиясы кеңеюі мүмкін.
Зауыт басшылығы келер жылы екінші желінің іске қосылатынын айтып отыр. Бүгінгі күні 50 адам жұмыс істесе, кәсіпорын кеңейтілген соң жұмысшылар саны 150-ге жетіп, өнім көлемі де едәуір артады деп жоспарланған. Сонымен қатар «ҚазАгроӨнім» АҚ-мен келісімшарт жасасып, соның негізінде өңірдегі фермерлермен қоян-қолтық жұмыс істеуге мүмкіндік тумақ.