«ҚазМұнайГаздың» ел экономикасына қосатын сүбелі үлесі
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы – көмірсутегін өндіру, оны тасымалдау және өңдеуден бастап арнаулы сервистік қызмет көрсеткенге дейін тікелей интеграцияланған мұнай-газ компаниясы.
Компаниялар тобының құрамына 243 компания енген. Оның ішінде барлау және өндіруде –78, көмірсутегін тасымалдауда – 47, мұнай өңдеу және маркетингіде 66 компания бар. Бұдан басқа 52 компания қосымша сервистік қызмет көрсетеді.
Еліміздің мұнай-газ секторында «ҚазМұнайГаздың» үлесі айтарлықтай. Мұнай және газ конденсатын өндіру бойынша – 26,4 пайыз, мұнай өңдеуде – 83,2 пайыз, құбыр арқылы мұнай тасымалында – 67 пайыз, құбыр арқылы табиғи газ тасымалындағы 95,7 пайыз – ҚМГ үлесінде.
Қаржылық көрсеткіштер
Компаниялар тобының жинақталған кірісі 3,1 триллион теңге құрады және ол 3,0 триллион көлеміндегі негізгі қызметтен түскен кіріс есебінен жиналды. Шығын 3,0 триллион теңге құрады, оның ішінде негізгі үлес өндірістің өзіндік құны – 2,1 триллион теңге (70 пайыз), өткеру шығындары – 361 миллиард теңге (12 пайыз) есебінен келді. 2012 жылы жалпы 490 миллиард теңге күрделі қаржы игерілді. «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының жинақталған қорытынды кірісі 2012 жылы 369,4 миллиард теңгені құрады.
ҚМГ – еліміздегі ең ірі салық төлеушінің бірі. Өткен жылы компания республикалық және жергілікті бюджетке салық және басқа да төлемдер ретінде 599 миллиард теңге аударды. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық. 2012 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінің 26,0 пайызын мұнай-газ секторы құраса, ҚМГ компаниялар тобының жинақталған түсімі – 9,8 пайыз.
Мұнай өндіру
2012 жылы мұнай мен газ конденсатының жалпы өндірілген көлемі 21,4 миллион тоннаны құрады. Бұл жоспардағыдан 2,4 пайыз (518 мың тонна) төмен. Мұндай жағдайға «Өзенмұнайгаз» бен ТШО тарапынан жол берілді.
«Өзенмұнайгаз» 2011 жылы Өзен және Қарамандыбас кен орындарында жұмыстың уақытша тоқтауынан кейін бұрынғы қалыпты деңгейіне әлі жете алмай келеді. Төмендеуге жерасты жабдықтары жұмысының тұрақты болмауы, ұңғыларды жөндеу кезеңінің аздығы, тұрып қалған ұңғылар қорының көбеюі себеп болды.
Жағдайды түзеу үшін ҚМГ 2012 жылы жерасты жабдықтарының диагностикасы мен жөндеу цехының, оңтайландыру бағдарламасы бойынша қатпарлық қысымды қолдап, ұңғыларды толтыру үшін сұйықтық әзірлейтін желі құрылысын бастап кетті. Аталған нысандар пайдалануға берілгеннен кейін мұнай өндіру көлемі ұлғаятын болады. Үстіміздегі жылдың 22 сәуірінен тәуліктік жоспар асыра орындалуда.
2012 жылы ТШО-ның нақты өндірген мұнай көлемі жылдық жоспардағы 25,136 миллион тоннаның орнына 24,212 миллион тонна құрады немесе 96,3 пайыз. Жоспардың орындалмауына бірқатар сыртқы фактор әсер етті. Оның ішінде жабдықтардың тұрып қалуы және Ресей аумағында теміржол желісінің жөнделуін айтуға болады.
Жоғарыдағы нысандарда жоспарлы алдын алу шараларын жүргізу нәтижесінде 2012 жылдың тамыз-қыркүйек айларында пайдалануға беру сенімділігі бойынша жағдай жақсарды. Сөйтіп, 2013 жылдың 1 тоқсандағы қорытындысы бойынша ТШО-ның мұнай өндіру көлемі 107,4 пайыз құрады.
2008 жылы Теңізде Екінші кезең жобалары жүзеге асырылып, бұл ТШО-ның мұнай өндірудегі өндірістік қуатын жылына 14 миллион тоннадан 26 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Шикі газды қатпарға қайта айдау жылына 2,4 миллиард текше метрге жетті.
Теңіз жобасын одан әрі дамыту үшін ҚМГ және ТШО-ның өзге әріптестері сағалық қысымды басқару жобасын жүзеге асыру қажеттігін және Болашақ кеңею жоспарын қолдады. Осы жобаларды жүзеге асырған соң ТШО-ның мұнай өндіру көлемі жылына 38,6 миллион тоннаға жетеді. Қатпарлар қысымын қолдау үшін шикі газды қайыра айдау жылына 12 миллиард текше метрді құрайтын болады.
Ұзақ мерзімді болашақта технологиялық схема шеңберінде ҚМГ ТШО бастамасымен Теңіз кенішін игеруде еңіс бөліктегі суды сору және екінші нысанда ұңғыларды бұрғылауға бағытталған жобаларды жоспарлауға мұрындық болды. Бұл технологиялар тиімділігін қолдау үшін 2013-2019 жылдары тәжірибелік жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Олар табысты болған жағдайда осы Теңіз мұнай кенішінде, оның ішінде келісімшарттан кейінгі кезең ішінде (2033 жылдан кейін) мұнай өндірудің жоғары деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік туатын болады.
2012 жылы маусым айында елімізге Қарашығанақ жобасының 10 пайыз үлесін беру аяқталды. Бұл үлес «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-тың 100 пайыз еншілес ұйымы болып табылатын «Өнімді бөлу бойынша соңғы келісімшартта үлесті басқару жөніндегі компания» ЖШС-ға берілді.
Былтырғы жылы Қарашығанақтағы нақты өндірілген өнім көлемі газ бойынша 17,5 миллиард текше метр құрады. Оның 8,7 миллиард текше метрі – қайта айдалатын газ. Сұйық көмірсутегі бойынша 11 миллион тонна.
Қазіргі таңда Қарашығанақ жобасын одан әрі дамыту стратегиясы жасалуда. Жобаларды дамыту аясында газ өндіру көлемі айтарлықтай ұлғаяды деп күтілуде (40-46 миллиард текше метр). Газды қайта айдау 20-25 миллиард текше метрге жетеді. Сұйық көмірсутегі өндіру деңгейі жылына 11 миллион тонна көлемінде болады.
Қарашығанақты дамытудың түрлі нұсқалары 2013 жылдың соңына қарай қорларды қайта есептеу және техникалық-экономикалық негіздемелер аясында қарастырылып, әзірленеді. Қарашығанақты дамытудың түпкілікті нұсқасы 2014 жылдың соңына қарай кен орнының технологиялық схемасын нақтылау кезінде бекіту үшін мемлекеттік органдарға беріледі.
2012 жылы мұнай өндірудің жалпы деңгейі Қашаған кен орнына сөзсіз ықпал етіп, оның 2013 жылы коммерциялық негізде мұнай өндіруге бастама жасауына негіз болды.
Көпке белгілі, 2008 жылы жобаға қатысушылардың барлығымен келіссөз жүргізіліп, соның нәтижесінде Солтүстік Каспий жобасындағы «ҚазМұнайГаз» үлесі 8,33 пайыздан 16,81 пайызға өсті.
2010-2011 жылдары ҚМГ-ның белсене қатысуымен Қашаған кен орнының жаңартылған геологиялық, геологиялық-гидродинамикалық нұсқасы әзірленді. Осы үлгінің негізінде 2012 жылы Қашаған кен орны бойынша қорларды қайта есептеу және техникалық-экономикалық негіздемелер бекітілді. Сондай-ақ 2012 жылы Қаламқас-теңіз кен орны бойынша қор есебі жүргізіліп, бекітілді. Солтүстік Каспий жобасының кен орнындағы мұнай қоры 5 миллиард тоннаны құрайды. Оның 2,2 миллиард тоннасы – алынатын қор.
Қазір Қашағанның тәжірибелік-өндірістік жобасын бастауға өту жөнінде тиісті шараларды жүзеге асыратын кез. Жедел сынақ жұмыстары кезеңінде Қашағаннан өндірілетін мұнай көлемі жылына 13 миллион тоннаға жеткізілмек. Солтүстік Каспий жобасының әріптестері мұнай өндіруді одан әрі ұлғайтуға бағытталған ЦК-01 және Миди 1 Стоп жобаларын қарастыруда. Егер мемлекеттік органдар аталған жобаны мақұлдаса, мұнай өндіру көлемі жылына 24 миллион тоннаға жетеді.
Теңіз, Қарашығанақ және Солтүстік Каспий жобалары қоры жағынан да, өндірістік көлемі жағынан да әлемдік деңгейдегі алпауыттар саналады. Мәселен, ТШО мұнайының геологиялық қоры 3,6 миллиард тоннадан астам деп бағаланса, Қарашығанақ кен орнында – 1,2 миллиард тонна, Солтүстік Каспий жобасында – 5 миллиард тонна. Аталған үш ірі жоба бойынша алынатын мұнай қорының жалпы көлемі – 4 миллиард тонна шамасында.
Болашақта еліміздегі мұнай өндіру көлемін арттырудың перспективалық өсуі осы үш алпауытқа байланысты болмақ. Ал ҚМГ үш жоба бойынша да серіктес болып табылады. Сол арқылы келісімшарт кезінде және келісімшарттан кейінгі кезеңде еңбек қауіпсіздігін сөзсіз сақтау және экологиялық талаптарды орындау негізінде олардың бұдан әрі тиімді дамуына ықпал ете бермек.
Көмірсутегі шикізаты қорының өсуі
Еліміздің экономикалық дамуының қазіргі кезеңі ел экономикасын пайдалы қазбалардың қуатты ресурстық базасымен, оның ішінде сутегі шикізатымен қамтамасыз ету қажеттігін көрсетеді. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және жалпы еліміздің экономикалық жағдайы көп жағдайда барлаудың тиімділігімен, пайдалы қазбалар кеніштерін игерумен, минералды шикізаттарды өндіріп, одан әрі өңдеумен айқындалады.
Қазіргі таңда мұнай мен газдың ашылған кен орындарының көпшілігі жобалаудың пісіп-жетілген кезеңінде тұр. Ал жаңадан барланған кеніштердегі қор көлемі 20-30 жыл өткен соң да өндірудің қазіргі көлемін сақтауға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты ҚМГ Тәуелсіздік алған кезден бастап бірінші рет 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы шөгінді бассейндерді кешенді зерттеу» жобасын қолға алды. Геологиялық қызмет мамандарының күшімен компания 3 жыл бойы ауқымды жұмыстар жүргізіп, жаңа нәтижелерге көз жеткізді. Қазақстандағы осындай 15 бассейннің бәрінде жаңартылған геологиялық құрылым моделі жасалды. Перспективалық жаңа мұнай-газ аймақтары анықталды. Каспий ойпатын жоғары дәлдікті аэромагниттік суретке түсіру бұрын-соңды кеңестік кезеңде болған емес. Бұл ҚМГ-ның ҚР көмірсутегі шикізаты мемлекеттік резервін жасауға қосқан алғашқы үлесі болып табылады.
Компания Каспийдің оңтүстігінде ірі кен орнының ашылуын күтуде. Ол Ақтөбе-Астрахань аймағымен (Қошалақ-Тортай, Новобогатинск, Сарайшық, Айранкөл, Темір және басқалар) кей тұста жалғасып жатыр. 2011 жылы Биікжалдың солтүстік бетінде Шығыс-Оңтүстік Тасым өрімен жалғасып, 7100-7200 метр тереңдікте жатқан көмірсутегі ағыны осы құрылымды зерттеу қажеттігін көрсетеді. Оның келешегі зор және болжанған нәтижесі өте жоғары.
Алдағы жылдан бастап ҚМГ Маңғыстау бассейні сатысындағы Өзен-Жетібай аумағында 4500-5700 метр тереңдікте жатқан кен көзі ашылады деп болжам жасап отыр.
Каспийдің Қазақстан аумағындағы бөлігінің жекелеген ірі Н блогы мен Ресей жағындағы Хвалынское, Центральное кен орындарын зерттеудің соңғы мәліметтері олардың болашағына біршама жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік беруде.
Оңтүстік Маңғыстау бассейні аумағы топырақтың жарылып кететін құрылымымен, палеозойлық қабаттың қаттылығымен ерекшеленеді. Самал- Сарыарқа триастық-палеозойлық кешен бойынша Н блогында қосымша құрылым бөлінді. Қазір осының бәрінде бұрғылау жұмыстарын жүргізуді ҚМГ қарастырып жатыр. Маңғыстаудағы және Үстірт-Бозашыдағы мұнай-газ әлеуеті әлі күнге дейін дәстүрлі зерттеулермен байланысты.
Сараптау және мәліметтерді қайта қорыту барысында тектоника, құрылымдық ерекшелік және мұнай-газдың болуы туралы ұғым айтарлықтай жаңарды. Мұндай талдау жұмыстары Арал, Сырдария, Шу бассейндерінде де жүргізілді. Жалпы мұнай-газдың болуы туралы болжамды бағалауда қолайлы жағдайды негіздеу және перспективалық нысандарды болжау нәтижесі бойынша талдау кеңейе түсті. Зерттеудің тереңдігіне маңыз берілді. Соған сәйкес болашақта неғұрлым ауқымды кен орындарының ашылу мүмкіндігі күтілуде.
Кешенді мәліметтер нәтижесі бойынша бассейндердің таралу контуры жаңарды. Бұл олардың шекарасын айқын белгілеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Үстірт-Бозашы бассейнінде оған Арал бассейнінің батыс тұсын қосу нәтижесінде ауқымының кеңдігі көрініс берді. Оңтүстік Торғай басейнінің де аумағы кеңейді. Осы қорытындылардың бәрі ұсынылған жаңа мәліметтермен келістіріледі.
Аумақты аймақтық аудандарға бөлуге сәйкес геологиялық барлау жұмыстарын жолға қою үшін неғұрлым перспективалы жаңа сапалы болашақ активтер айқындалады.
2012 жылы ҚР Мұнай және газ министрлігіне Қансу, Жазғұрлы, Өріктау, Үстірт, Исатай және Абай жобалары бойынша тікелей келіссөздер жүргізу үшін алты өтініш берілді. ҚМГ өзінің жеке күшімен іздестіру жұмыстарының жобаларын дайындап, оны Пайдалы қазбаларды барлау және өндіру жөніндегі орталық комиссияда қорғап шықты. Мұндай ғылыми-тәжірибелік әдісті іздестіру-барлау зерттеулерін жандандыру үшін және сәйкес аумақтарды зерттеудің деңгейін арттыруда жергілікті нысандар мен С3 санатындағы ресурстарын кезекті сапаға сай дайындаудағы күшті ынталандыру ретінде толығымен қарастыруға болады. Сонымен бір мезгілде, бұл, сөз жоқ, бұдан бұрын түрлі себептермен келешегі аз аудандарға жатқызылып келген үлкен аумақтардың олардың зерттелу деңгейінің артуына орай және жаңа көкжиектер есебінен инвестициялық тартымды болуына жағымды әсер етуі тиіс.
Биылғы жылдың өзінде Қансу кен орнындағы бұрын бұрғыланған ұңғыманы қайта іске қосу бойынша геологиялық барлау жұмыстарын тың күшпен бастау және Оңтүстік–Маңғыстау–Үстірт иіні жүйесі шегінде орналасқан Қансу учаскесіндегі бұрғылау үшін жаңа құрылымдарды дайындау, ҚазГӨЗ газ жүктемесін азайту және Маңғыстау облысын газбен қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ, алдын ала мәліметтер бойынша Қызылсай құрылымында 4800 метр тереңдіктегі іздестіру ұңғымасында озық бұрғылау жүргізуді триас жобалық шегінде жоспарлап отыр.
Кешенді, кең көлемді зерттеулер жүргізу, дау жоқ, бассейндердің зерделенуін бейнелейтін «базалық индикаторларды» жақсартуға, тұтастай алғанда, мұнай-газ келешегіне және саланың хал-ахуалына әсер етті және жағымды нәтиже берді. Мәселен, соңғы үш жылда геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру нәтижесінде жағымды жаңалықтар болып, Рожковская, Өріктау, Оңтүстік-Шығыс Тасым және Оңтүстік-шығыс Новобогатинск (тұзды кешен) Каспий алабы алаңында жаңа кен орындарының ашылуына алып келді. Жұмыстарды әрмен қарай өрістету үшін кесімді оптимизм Каспий айдынындағы Н блогы аумағында Ракушечное теңізі мен Нұрсұлтан құрылымдарындағы бұрғылау нәтижелері бойынша алынды. Оңтүстік-Торғай алабында өнеркәсіптік айтарлықтай «керемет» сападағы карбонаттық құрамдағы (Қызылқия, Дощан, Кеңлік және басқалары) юр кезеңіне дейінгі шөгінділерде (жоғарғы палеозой) кен бары анықталды.
Екіншіден, жаңа учаскелерді геологиялық барлау және өңделген кен орындарын аяғына дейін барлау нәтижесінде жаңа қорлардың көлемі ұлғайды. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ нысандары бойынша геологиялық барлау жұмыстарының аясында Қайран, Қаламқас-Теңіз, Жемчужина, Лиман, IV Келісім блогы учаске/алаңдарында және Құмкөл, Ақшабұлақ, Теңіз, Қамысты ЮЗ, Жаңаталап, С.Нұржанов, Мақат кен орындарын барлауда 2008 жыл мен 2013 жыл аралығында алынатын мұнай қоры 77 млн тоннаға ҚМГ үлесіне тиді.
Жақын кезеңнің өзінде ғана Сәтбаев (1 ұңғыма), Жамбыл (1 ұңғыма), Жемчужина (2 ұңғыма) және Н (1 ұңғыма) блоктарындағы 5 іздестіру және бағалау ұңғымаларын бұрғылау жоспарлануда. Ракушечный теңізіндегі ашық құрылымда Н блогы бойынша бағалау жұмыстарының одан арғы стратегиясы анықталу үстінде.
Құрғақта жобалық девон қабатындағы Өріктау алаңындағы терең ұңғымаларды бұрғылау жоспары бойынша және бұдан бұрын айтылғандай, жобалық палеозой қабатындағы Өзен алаңында және триас жобалық қабатындағы Қансуда бұрғылау көзделуде.
Геологиялық барлау мен серіктестік
«ҚазМұнайГаз» стратегиялық серіктестерімен бірге белсенді жұмыстар жүргізуде. Қазіргі кезеңде СNPC компаниясымен Өріктау кен орнын бірлесіп игеру бойынша және ЭНИ компаниясымен Исатай блогын бірлесіп жүзеге асыру бойынша келіссөздер жалғасуда. 2012 жылы ҚР теңіздері мен құрлықта барлау мен өндіру саласында ықтимал ынтымақтастық мақсатында OMV, ЛУКОЙЛ, Пертамина, Петровьетнам, UnionField Group, Маерск компанияларымен өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Сөз жоқ, Қазақстандағы жобалар халықаралық экспансиялар үшін негіз болып табылатын болады. Әрі бүгінгі күні ҚМГ Румыния аумағында геологиялық барлау жүргізуде. Өткен жылдардағы геологиялық барлау мәліметтері және жүргізілген сейсмикалық және гравиметрлік жұмыстардың негізінде компания Румыниядағы барлау блоктарының бірінде 5000 метр тереңдікке дейінгі барлау ұңғымасын бұрғылады.
Бұрғылау қорытындысы бойынша қуаттылығы 90 м дейінгі келешегі зор 3 қабат және қуаттылығы 100 м 1 қабат табылды. Қазіргі кезде каротаж жүргізу және ұңғымаларды сынау бойынша жұмыстар жүргізілуде және таяу арада ҚМГ сынақтың қорытындысы туралы ақпарат жариялайды.
Сондай-ақ ағымдағы жылдың наурызында қолда бар бүкіл геологиялық барлау ақпараттарына талдау жасау негізінде Румыниядағы екінші барлау блогында барлау ұңғымасын бұрғылау басталды.
Орталық жобасы бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «ОрталықКаспиймұнайгаз» ЖШҚ арасында «Орталық Мұнайгаз Компаниясы» ЖШҚ БК құрылды.
Хвалынск, Центральное және Имашевск трансшекаралық кен орындарында кен қойнауын пайдалануға құқық алу бойынша ресейлік тараппен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ «Қазмұнайгаз» БӨ АҚ ЛУКОЙЛ-мен бірлесіп КСКМ–Оқжетпес, I-P-2 және Жеңіс учаскесі аумағында теңіз блоктарының қуаттылығын зерделей бастады.
Ең бір қарапайым есеп пен болжам бойынша жақын жылдарда ұсынылған нысандарды іске қосу және егжей-тегжейлі зерделеу, іздестіру-барлау бұрғылауларын түрлі көлемдегі кен орындарын табуда жалпы қолда бар статистика есебінен енгізу 2022 жылға қарай компанияға алынатын қорды 1,4 миллиард тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.