Аштық пен нәубет жылдары елдің аш өзегін талдырмай, азық болған картоп өнімін сол себепті де «екінші нан» атандырған сықылды. Бұл өнімге бүгінде сұраныс азайған дейді мамандар. Базарларда сықап тұрған картоп шіркіннің бағасы да аспандап кеткен. Ондағы өнімнің басым бөлігі бізге Қырғызстаннан әкелінеді.
Ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде бізден көш ілгері озып кеткен қырғыз ағайынның тірлігіне қызғанышпен қараудан басқа амал кем. Еліміздегі ірілі-ұсақты шаруа қаожалықтарының дені картоп өсіруге құлқы жоқ. Жоғары сортты тұқымы қымбат тұрады. Шығымдылығы, сатылымы қандай болады деп қорқақтайды. Ал, өндіріп жатқандарының өзі сұранысты толық қанағаттандыра алмайды. Бұл ретте Жамбыл облысының шаруалары картопты өкіртіп өндіріп жатырмыз деп мақтана алмайды. Биыл 6 мың гектарға картоп егіліпті. Одан 20 мың тонна өнім бола ма деген үміттері басым. Жамбыл облыстық ауылшаруашылық басқармасының өсімдік шараушылығы бөлімінің бастығы Сәкен Әпталиев: «Картоп өсірумен айналысатындардың 1 мың 800 гектары шаруа қожалықтарына тиесілі. Ал, қалғаны үйіргелік учаскелерге егілген» дейді. Базар басшылары да жергілікті өнімдердің аз болатындығын, көбіне көрші қырғыз еліне күні түсетіндерін жасырмайды. Ал, тұқым сапасы жөніне келсек, көңіл марқайтатын аз-маз көрсеткіштер баршылық. Облыстағы бірқатар шаруашылықтар картоп өсіру мен тұқым сапасын арттыруда біршама тындырымды тірліктер атқарып жүр. «Шанс» шаруа қожалығын бүгінде 530 гектар жерге картоп отырғызып, тәп-тәуір өнім алып жүр. Мәселен, өткен жылы 10 мың тоннаға жуық өнім алған. Былтыр «екінші нанның» әр гектарынан 230-240 центнерден өнім алыпты. Осыдан біршама уақыт бұрын картоп сақтайтын қойма түгелімен компьютерлендірілген. Құны 400 мың АҚШ доллары тұратын құрал-жабдықты Германиядан арнайы мамандар келіп орнатып беріпті. Қазіргі таңда әлгі компьютерлік жүйе қоймадағы температураны реттеп тұрады. Соның арқасында бір де бір картоп бұзылмайды екен. Ал, «Астра-Агро» ЖШС-і негізінен тұқымдық картоп өсірумен айналысады. Бүгінде мұнда картоптың 42 түрлі тұқымы өсіріледі, оның ішінде оншақтысы өзіміздің қазақстандық өнім екен. Шаруашылық жыл сайын 250-350 гектар алқапқа картоп отырғызады. Биыл картоп өте мол шығып, бір гектардан 360 центнерге жуық өнім алынған. Жыл сайын шаруашылық Голландиядан бес-алты вагон тұқым сатып әкеледі. Бұлар, негізінен, Қазақстанның бірқатар өңірін картоптың сұрыпты тұқымымен қамтамасыз ететіндіктен, көбіне өнімнің санына емес, сапасына көбірек көңіл бөледі. «Астра-Агро» ЖШС картоптың элиталық сұрыптарын өсіру мақсатында төрт жылдан бері Алматыдағы Қазақ ғылыми зерттеу институтының картоп және көкөніс шаруашылығымен сондай-ақ, үш жылдай – Астанадағы ҚР Ұлттық биотехнологиялық орталықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Шаруашылық картоптың элиталық сұрыптарын өсіру бойынша мемлекеттік бағдарламаға енгізілген. Басты мақсат – картоптың отандық сұрыптарын өсіріп, голланд және неміс картобын отандық рыноктан ығыстырып шығару. Қазіргі таңда шаруашылықта шетелдік тұқымдардан кем түспейтін «Тоқтар», «Бақша», «Ягодный-19» және басқа да отандық картоп түрлерін отырғызуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда еліміз элиталық шығымды картоптың 95 пайызын шет елден алатын көрінеді. Бір ғана «Астра-Агро» ЖШС-ның өзі Голландиядан тұқым сатып алуға жыл сайын 30-45 миллион теңге жұмсайды екен...
Картоптың жыры осындай. Ауызды қу шөппен сүртіп жылана беруге де болмас. Ішкі сұранысты толық қанағаттандырып, шетел нарығын жаулап алмаса да алға ілгерілеушілік басым. Сондай-ақ элиталық тұқым сорттарын өсіріп, өндіру көп уақыт пен мол қаражатты қажет ететіндіктен бұл салаға бет бұруға көп шаруашылықтардың мойны жар бермейді. Оларға одан да дайын өніммен айналысқан тиімдірек. Тұқым шаруашылығында тың серпіліс бар. Ендігісі соны құрдымға кетіріп алмай, алға ілгерілету.