Қазақстанда жаз мезгілінде промоутер, курьер, байланыс орталығының операторлары мамандарына сұраныс көп, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Жұмыспен қамту сайтының мәліметінше, бір айда осындай екі жүз қызметкер қажет болған. Екі қолға бір күрек іздеген жастарға арнайы орталықтар көмектеседі. Осылайша тек елорданың өзінде 40-қа жуық жасөспірім жұмысқа орналасқан.
Негізгі шарттардың бірі - ата-аналар мен оқу орны өкілдерінің жазбаша келісімі керек.
Рахима Махмудова, PR-менеджер:
- Жасөспірімге жұмыс ұсынғанымен еңбек шартын бекітпейтіндер болады. Мен мұны құптамаймын, өйткені жұмыс берушілер алдап, жалақы төлемейтін жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан барлығын заң шеңберінде жасаған дұрыс.
Заң бойынша Қазақстанда 14 жастан бастап жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Ең бастысы, бұл оқудан бос уақытта болуға тиіс және жасөспірімнің денсаулығы мен психикасына зиян тигізбеуі керек.
Кәмелетке толмағандарға түнде еңбектенуге тыйым салынады.
Бұдан да басқа шектеулер бар. 14 жасқа дейінгі балаларға аптасына 24 сағаттан, 16 жасқа дейінгі жеткіншектерге 36 сағаттан артық жұмыс істеуге болмайды.