Қазақстанда кеңсе қағаздарының бағасы шарықтап кетті. Ресей мен Түркиядан елге әкелінетін қағаз бағасының қымбаттауына қатысты индустрия министрлігі түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
2021 жылы ішкі нарықта пайдалану үшін Қазақстанға А4 форматындағы кеңсе қағазының 20,4 млн қаптамасы жеткізілді. Оның ішінде, 61% – Ресей Федерациясынан, 30% – Түркиядан, 8% ҚХР-дан импортталған.
“2021 жылдың қорытындысы бойынша А4 қаптамасының орташа көтерме бағасы 1,5 мың теңгені құрады. 2022 жылғы наурызға қарай бағалар орта есеппен бір мың теңгеге немесе 67%-ға өсті. Қазір ірі жеткізушілер кеңсе қағазының 1 қаптамасын 3 мың теңге көтерме бағамен саудалайды. Бағаның өзгеруі Батыс Еуропадан қағаз шикізатын ағартуға арналған реагенттерді жеткізудегі іркілістерге байланысты және РФ-да кеңсе қағазын өндіру көлемінің қысқаруына орай орын алып отыр”, – делінген министрліктің хабарламасында.
Қазақстанда кеңсеге арналған қағазды кесу және орау бойынша екі зауыт жұмыс істейді. Өткен жылы кәсіпорындар 600 мың А4 қағаз бумасын өндірген болатын, бұл ішкі нарықтағы барлық тұтыну көлемінің 5%-ын құрайды.
"Qagaz Ordasy" ЖШС жылына 3 млн бума, ал "Goida.kz" 3,6 млн А4 кеңсе қағазын шығаратын өндірістік қуатқа ие. Кесуге және буып-түюге арналған қағаз орамдары түріндегі шикізаттың негізгі бөлігі РФ мен Финляндияда өндіріледі. Алайда, ресейлік зауыттар бұл компанияларға қағаз орамдарын тікелей сатпай, оларды Қазақстандағы өз өкілдері арқылы саудалайды. Сәйкесінше, сауда-саттықты шектеп отыр.