Қазақстан дамушы мемлекет болып, дамыған мемлекеттерді асырай бермек пе?

Қазақстан дамушы мемлекет болып, дамыған мемлекеттерді асырай бермек пе?

Мектеп қабырғасынан санаға сіңіріп: «Қазақстан – дамушы мемлекеттердің бірі», – деп қайта-қайта оқытқаннан кейін іштей өзімізді екінші сұрыптағы елдерге жатқызып, қит етсе, Еуропаны олай да, бұлай да мақтауға, мысалға алуға жақын тұратынымыз шындық. Сөз арасында «Еуропадағылар қайда-а-а, дамыған мемлекеттер ғой!» – деп саусақты шошайтып қоятынымыз тағы бар. Сонда дамушы және дамыған мемлекеттердің айырмашылығы неде? Шынымен де, Қазақстан әлі де дамушы мемлекеттердің қатарында ма? Жақында ҚР Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың Ресейдің РБК телеарнасына берген сұхбаты біздің осы тұрғыдағы көзқарасымызды біршама өзгертіп тастады.
Шыны керек, қазақ­стан­­дықтар қаржы­лық сауаты бәлендей басым жұрт емес­піз. Қарапайым халық теле­дидар ал­дында оты­рып экономист я бол­маса, қар­жы­гер маманның айтқан уәжіне ден қоймайды, арна­ны бірден ауыстырып жа­тады. Неге? Өйткені сенбейді. Жоқ. Сенбейді емес-ау, сол маман­дар­дың сөзін көп жағ­дайда түсінбейді. Бы­лайғы жұрт­­ты қойыңыз, тіпті тіс­қаққан банкир Мар­ченко мыр­за секілді қаржы­герлер көсілсе, әшейінде безбен қағатын бұқ­аралық ақпарат құралдарының өзі мә­селенің мәнісіне жете алмай, «пәледен аулаққа» салып, эфирге құр статистиканы беріп «құтыла» салуға әуес. Оны мойын­дайтындар да баршылық. Алайда ТМД-да теңдессіз саналатын бас банкирді ресейлік арналар жиі жағалайды, оның сөз саптасына шетелдік сарапшылар да бас шұлғиды. Жақында дәл сондай сұхбатты ресейлік РБК телеарна­сынан естідік. Орыс теле­арнасына берген бас бан­кир сұхбаты тек біз үшін ғана емес, халық үшін де толы­ғымен түсінікті болды деп айтуға келеді. Сөз барысында Мар­ченко мырза Қазақстан эконо­мика­сының табысты тұстары, ал, ең бастысы, қазіргі дамыған мемле­кеттердің қаржы сала­сындағы саясаты туралы қарапайым тілде айтып, біраз көзімізді ашып таста­ғандай болды. Сөйтсек, РБК журналистері Қазақстанның ұлттық банкі төрағасы Григорий Марченконың кәсіби кеңестеріне жиі жүгінеді екен.
Сұхбат барысында орыс тележүргізушісі «Қазақстанның экономикалық өсімі Ресей­ге қарағанда, 1,5 есеге артық» деген пікір­дің қаншалықты негізді екендігін сұрады. «Дәл солай», – дейді Григорий Марченко: «Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бізде тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі әлдеқайда басым болып тұр. Егер жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) шағатын болсақ, онда ол Ресей көрсеткішінен екі есеге асып кетеді. Екіншіден, біздің ұзақ жылдар бойы айтып, істеп келе жатқан зейнетақы реформамыз бар. Бізде халықтың 10 пайызы – зейнетақы алатын азаматтар, ал Ресейде 30 пайыз болған-ау деймін. Сондықтан Ресей жерінде әлеуметтік қам­сыз­дандыруға кететін шығынның көлемі жалпы ішкі өнімнің 20 пайызын құраса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 10 пайызды құрайды. Демек, ресейлік бюджеттің біраз бөлігі инвестицияға емес, әлеуметтік төлемақы жүйесіне бағытталды. Үшінші­ден, Қазақстанның зейнетақы қорларында 23 млрд доллардан астам қаражат жинақ­талды. Бүгінде олар ірі инвес­торларға айналып, өз қаржысын экономикаға салып жатыр. Осының барлығы – Қазақстан эко­номикасының табысты дамуының негізі», – дейді ол. Сөз арасында «Қазақ­станға шетелдік инвестициялар қайдан келеді?» деген төте сұрақ та қойылды. Міне, осы жерде еліміздің бас банкирі көзімізді  бір ашқандай болды. Оның хабарлауынша, бүгінде Қазақстанның экономикасына тікелей инвестиция салу жағынан бірінші орында АҚШ болса, екінші орында – Ұлыбритания, үшінші орында – Нидер­ланды, ал төртінші орынға қазірше Қытай Халық Республикасы шығып отыр. «Алайда АҚШ бірінші орында тұр деп отырмыз ғой. Олардың бізге салған тікелей инвестициясы 40 млрд долларға жетпейді. Есесіне, Қазақстанның Амери­каның құнды қағаз­дарына құйған қаржысы 43,5 млрд доллардан асып жығылады. Демек, олар біздің емес, керісінше, біз олардың эконо­микасына өздерінен артық ақшаны салып отырмыз. Германиямен өткен жылғы жағ­дай былай болды: біздің сол елге салған инвестициямыз 6 млрд долларды құраса, немістердің Қазақстанға құйған қаржысы тек 1,5 млрд доллар болды. Біздің Прези­дентіміз осыны Меркель ханымға (Гер­манияның канцлері. – Авт.) төтелеп айтқан кезде, канцлер кәдімгідей ұнатпаған, «бұ қалай?» деген сыңай танытты», – дейді Мар­ченко мырза. Сон­дай сындарлы сұх­бат­тан байқа­ғанымыз, дамушы мемлекет дамыған елге оның өзінен де артық ақша салып отыр. Шығар қорытынды, дамы­ғандар болса, мұны мойындағысы кел­мейді не болмаса олардың басым бөлігінде «дамушы мемлекеттердің санасы «оянып» кетеді» деген үрей бар секілді.
Құп делік. «Дамыған мемлекеттер – индустриялық және ғылыми-техникалық төңкеріс кезеңін басынан өткерген, эко­номикада, мәдениетте және саяси-әлеу­меттік құрылымда едәуір жоғары деңгейге көтерілген елдер», – дейді Уикипедия. Алайда ғылыми-техникалық төңкеріске қатысты біздің тағы бір уәжіміз бар. Жақында оны Астанада өткен жиындардың бірінде білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов Қазақстанды ғылымның даму көрсеткіші ретінде көрсетем деп, шымбайға батса да, шындықты айтып қалды. Оның айтуынша, өткен жылдың өзінде қазақстандық ғалымдардың 1405 мақаласы Томсон, Скопус және Сайнс сияқты әлемге әйгілі ғылыми базаларға енді. Оған барлық ғылыми басылымдар сілтеме жасайды. «Бұл көрсеткіш 2010 жылмен салыстырғанда, екі есе артық. Ол кезде 795 мақала енген. Ал ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша қазақстандық ғалымдардың 968 мақаласы жарияланды. Осы орайда ерекше атап өтер жайт, ол мақалалардың 45 пайызына шетелдік ғалымдар сілтеме жасап отырады. Бұл дегеніміз – халықаралық ғылыми журналдарға шыққан әрбір екінші мақала шетелде көзге түскен. Ондағы идея баға­ланды, қолға алынды, пайдаға жаратылды деуге болады», – деді Мұрат Орынханов. Осы айтылған екі мысалдың өзі көзі қарақты жанды біршама ойға жетелер деп ойлаймыз. Өйткені, біріншіден, біз дамы­ған елдерге қыруар қаражатты құнды қағаздарға қарай салып жатырмыз. Екін­шіден, қазақстандықтардың ішінен туған ғылыми жаңалықтар да жайдан-жай сол дамыған мемлекеттерге ағылып, сол тұстан идея ретінде бізге қайтып жатыр. Былайша айтқанда, дамыған мемлекеттер дамушы елдердің ақшасына олардың өздері берген ғылыми жаңалықтарын іске жаратып жатыр деген сөз. Бұдан кейін олар дамыған мемлекет болып өспей көрсін.
Айтпағымыз – біз неге сол шетелге салы­натын инвестицияны тура сол шетелге ағылып жатқан идеяларға жұмсай алмай отырмыз? Осы екі істің басын қиыс­тырғандар секіріс жасаған мемлекет болып жатыр емес пе?!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста