«Осы біздің қазақ...» деп бастасаң, атқан оқтай болған сөзің өзіңе қайтып келеді. Ата-бабамыздан малмен көзін ашып, көк шалғынды өрісте бірге жусап, бірге өрген Алаш диқаншылық пен отырықшылыққа кейінірек барып едәуір көндіксе де, әлі де болса жер емген бақшашылар арасында қаракөздердің аз болуы ойлантады. Мұны күнделікті өмірдің өзі көрсетіп отыр...
Нанбасаңыз, дәл қазір қараша халық қара құртша қаптап жүрген базарға барыңызшы. Әрине, басқасына емес, көкөніс пен жеміс-жидек сататын жайма сөрелерді байқап қарасаңыз, өзіміздің қазақтардың қызанақ пен картопты, қырыққабат пен сәбізді сатып алып жатқанын көресіз. Мұндайда ағзаға пайдалы, дәрумендерге бай көкөністерді алғанда не тұр дейтін де шығарсыз?.. Гәп – осында. Қазақтың ақшасы қалтасына сыймай жатқандығынан емес, көкөністер өзінің қоймасында болмаған соң алып отырғаны көкейімізге кірер емес.
Қар көбесі сөгілген көктемнің таңы сібірлеп атар-атпастан көзін тырнап ашып оянған орыстар мен басқа да ұлт өкілдерінің автобуста немесе жаяу саяжайларына кетіп бара жатқанын көзіміз жиі шалады. Тіпті сақал-шашы қуарып, 80-нің сеңгіріне шыққан кемпір-шалдардың да таяққа сүйенген қалпы, жаз бойы тыным таппай, тырбанып еңбек етіп жатқанын көріп, қызыға да, қызғана да қарайсың...
Біздің қазақтың олардан қай жері кем деген беймаза ой да қылаң бермей қоймайды. Осы арада дана хәкім Абайдың: «Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген – осы» деп. Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ», – деген қара сөздері еріксіз ойға оралады.
Яғни Абай да қазақтың жатып ішер еріншектігіне қынжылып, алмас қылыштай асыл сөздерінің тасқа шабылғандай болғанын көреміз.
Тарихтың қатпары болып қалған ақтаңдақ беттерге назар салсақ та, қазақ баласының осы бір бойкүйез еріншектігінен талай азапқа толы қиындықты бастан кешіргені еске түседі. Мәселен, 30-жылдары қаралы нәубет болып тиген ашаршылықта мал-мүлкінен айырылған Алаштың жартысына жуығы қырылып қалғаны өшпестей болып санамызда сақталып қалғаны – ақиқат. Ал дәл сол шақта саяси салқынды қазақпен қатар көрген өзбектің аман қалуы осы бір сәтте қара жерден нәсібін таба білгендігінен болса керек. Статистиканың өзі бұл жағдайды көз алдымызға айқын көрсетіп отыр. Ашаршылыққа дейін өзбектердің саны қазақтардан жарты миллионға кем болса, қазір «өз ағамыз» 28 миллионға жетіп отыр. Бұл да көтерген көкейтесті мәселеге нақты дәлел болмақ.
Келмеске кетті деген кеңес заманының солақай саясатын солай қалдырсақ та, бүгін де өзбектің жылыжайы мен саяжайларынан шыққан көкөністері мен жеміс-жидегінің вагон-вагонымен келіп, қазақ нарығын билеп алғаны көзімізге сүйелдей болып көрініп тұрғаны жасырын емес.
Жомарт Нүркенов, Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:
Расында да, көкөніс өсіруге қаншама мол мүмкіндік болғанымен, өңіріміздегі халықтың тұтынатын көкөніс пен жеміс-жидектерінің жартысынан астамы Өзбекстан мен Қытайдан жеткізіледі. Ақмола облысы астықты аймақ саналғанымен, көкөніс өсіретін шаруашылықтар саны тым аз. Елбасының жүктеуімен астаналық облыс атанған біздің өңір азық-түлік белдеуінің басым бөлігін атқаруға тиіс болғанымен, көкөніс пен жеміс-жидек тауарларын жеткізуде әлі де болса әттеген-ай дегізетін жайттар табылып тұр.
Ол өз алдына, ішкі нарықта да, ортамызда бірге жүрген орыстың кемпір-шалы да базарды толық билемесе де, шама-шарқынша қажетімізді өтеп, қалталарына тиын-тебен басып жатыр.
Валентина Михайлова, саяжай иесі:
– Саяжайда көкөніс өсіруді осыдан он жыл бұрын қолға алдым. Әрине, алғашқы бетте жеміс-жидек пен көкөніс түрлерін күтіп-баптау қиындық тудырғанымен, кейінірек бұл істі тұтастай меңгеріп, кәсіби шеберге айналдым. Қазір азғантай ғана 10 сотық жердегі саяжайымнан өз отбасымды қамтамасыз етумен қатар, артылғанын сатып, тұрмысымды түзеуге де септігін тигізетін өнім аламын. Еңбек етсең, қара жер де барын аямайды ғой...
Иә, «ексең егін, ішерсің тегін» дегендей, қара жердің бабын тауып, пайдалана білгендер, пайдаға шаш етектен кенеліп жатыр. Ал жер үйі болса да, тіпті саяжайы тұрғанның өзінде көкөніс өсіруге мойны жар бермеген қазақтың, орта есеппен алсақ, алған жалақысының кем дегенде үштен бір бөлігі көкөніс алуға жұмсалады екен.
Бірақ әзірге саусақпен санарлық болса да, бақша өсірумен айналысатын қазақтардың шыға бастауы көңіл қуантады.
Серік Махметов, саяжай иесі:
– Ауылда өскендіктен бе, көкөніс, жеміс-жидек өсірумен бала кезімнен бері айналысып келемін. Міне, қазір қалада тұрсам да, саяжай сатып алып, бірден сол жерге үй салып алдым. Төрт жылдан бері бақша дақылдарының барлық түрін өсіріп келемін десем де болады. Өткен жылы ауа райы жайлы болды. Соның арқасында өзімнен артылып қалған тұздалған қияр мен қызанақтың 10 банкасын саттым. Әрине, ол үшін жаз бойы талмай еңбек ету қажет.
Серіктің сөзін естігенде ішіміз жылып сала берді. Осындай қазақтар көп болса ғой деп тіледік іштей. Бірақ саяжай кооперативіне кіргенде бұл ойымыз сағымдай бұлдырап кетті.
Владимир Антонов, «Ауыл шаруашылығы әкімшілігі» саяжайлар кооперативінің төрағасы:
– Біздің кооператив құрамында 420 бақшашы бар. Жыл сайын қатарымыз толығып келеді. Әркім өз қал-қадерінше өзіне қажетті жеміс-жидек пен көкөніс егіп жатыр. Дегенмен мұның ішінде қазақ бақшашыларының үлесі 10 пайызға да жетпейді.
Бұл сөз намысымызға тигенімен, құжаттағы нақты деректер дәл солай деп сөйлеп тұрған соң, үнсіз бармағымызды тістедік.
Иә, қалай дегенмен де, әттеген-ай дегізген жайтты ойсалар етсек, ойымыздағы орындала ма? Мемлекет үшін маңызды саланың әлі де болса ақсап жатқаны өз алдына, қандастарымыздың қай жағынан болса да ұтылып жатқаны алаңдатады.
Қазақ көкөніс өсіруге неге құлықсыз?
Последние статьи автора