Ұлттық құндылықтарымызды сақтау жөнінен өзгелерге есе жіберіп алып жүргеніміз жасырын емес. Бізде мынадай бар, мынадай бар деп шетелдіктерге мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Алайда әлем мойндайтындай аса құнды жәдігерлеріміздің қадірін қашырып жүрген де өзіміз. Қолдан кеткенде ғана алтынының қадірін білетін ұлттың ұрпағы емеспіз бе? Айтпағымыз көне дәуірлерден жеткен асыл қазынамыз ұлттық нақыштағы кілемдер жайлы. Бұл турасында сөз қозғамас бұрын өзгелердің ұлттық жәдігерлерін қалай көздің қарашығындай сақтайтыны жөнінде бір екі ауыз айта кетсек артық болмас. Өзіміз қолды кезеп, тілді безеп сөгетін түркімен ағайындар ұлттық құндылықтарын сақтауға келгенде алдына қара салмайды. Мысал керек пе? Жетерлік.
Түркімен кілемінің атағы бүгінде жер жаратыны жасырын емес. Алғаш 1869 жылы түркімен шеберлерінің жәдігері Санкт-Петербургтегі көрмеге қойылып, бәйге алыпты. Содан бері Еуропа жұртшылығы түркімен кілемі десе ішкен асын жерге қояды. 1937 жылғы Париждегі үлкен көрмеде түркіменнің қалы кілемі алтын медаль алады. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы «Туркменковер» фирмасын ұлттық атаумен «Түркіменхалы» деп өзгертіп, мемлекеттік бірлестік құрылған. Қазір осы бірлестік өнімдерін шетелге экспорттайды. Олар көне жәдігерлерінің тінін бұзбай одан ары дамытып ұрпақтан ұрпаққа жетуі үшін бірнеше шара да ойластырып қойған. Соның айқын дәлелі 1993 жылы Түрікменстанда түркімен кілемінің музейі ашылды. Онда ХІІІ ғасырдан бері сақталып қалған ең көне кілем бар. Түркімен кілеміне ТДС 52-97 халықаралық стандарты берілген. Тәуелсіздік жылдарында елдегі өндіріс орындары жабылып жатқан кезеңде мемлекет тарапынан кілем ісмерлеріне керемет қолдау көрсетілді. Сөйтіп олар ұлттық құндылықтарын сақтап қалды. Қай нәрседе де ұлттық рух мәселесін алға қоятын олар 1942 жылы «Түркімен рухы» деп аталатын аумағы 193,5 шаршы метр болатын кілем тоқып шығарды. Ал, тәуелсіздіктің 10 жылдығына арнап тоқылған кілем Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. «Ұлы Түркіменбашы Сапармұрадтың алтын ғасыры» деп аталған кілемнің аумағы 301 шаршы метр, биіктігі 14 метр, салмағы 1 тонна 200 келіні тартқан. Ұлттық мақтаныштарын көкке көтеріп дәріптейтін ағайындар 1992 жылдан бастап Мақтымқұлы айының соңғы жексенбісін «Түркімен кілемінің күні» деп мерекелеп келеді. Бір қызығы, кілемдер күнін арнайы мереке ретінде атап өтетін әлемде бірде-бір ел жоқ екен...
Жайсаң төсеніш, ілсең сән болатын қазақы кілем біздің де ұлттық мақтанышымызға айналар-ақ дүние еді. Алайда самарқаулығымыз ба, әлде немқұрайдылығымыз ба кілем ұлттық қолөнер санатында аталуынан арыдан аспай келеді. Әйгілі «Қара жорға» биін қытайдағы қандастарымыз Гиннесстер рекордтар кітабына енгізіп ерледі ғой. Бірақ ол Қытай елінде жүзеге асты. Қашанғы біз өз құндылықтарымызды өзгеге өңгеріп бере береміз. Қашан оянамыз? Қашан өз қадірімізді өзіміз білетін боламыз?..
Түркімендер қиын кезеңнің өзінде кілем шаруашылығын сақтап қалса біз беріде елдің тұрмысы түзелген шақта еліміздегі жалғыз кілем фабрикасы «Алматыкілемді» «жаназасын» шығардық. Осыдан кейін қазақ кілемі қалай өркендесін? Қазір ел арасында қолдан кілем тоқитын шеберлер саусақпен санарлықтай-ақ қалды. Енді ширек ғасырдан соң емге де таппайтын боламыз. Сонда қазақ кілемі тек мұражайлардан ғана тамашалауға болатын дүниеге айналып шыға келеді. Өрмек құрып, кілем тоқуды үйренейін деген жастар қазір мүлде жоқ деуге болады. Барының өзін бағалай алмайтындар қол кілемді «күйе түседі» деп лақтырып тастайды. Сонау 90-шы жылдары елімізге бельгиялық кілемдердің қаптап кеткені есте. Сол кезеңде ғой қазақы қол кілемнің төрден ығысып босағадан орын тепкені. Одан бері де арабтың қалы кілемдері сауданың алдын бермейтін болды.Сөйтіп қазақтың түкті және тықыр кілемдері ұмытылып, шетке ығысты. Сонау бағзы замандарда намаз кілем, жол кілем, нар кілем, қоржын кілем, мақта кілем, тықыр кілем, масаты кілем, жолақ кілем, түкті кілем, жібек кілем, алаша кілем, төр кілем, төсек кілем, тұс кілем деп сан тарауға бөлінгенін біреу білсе, біреу білмейді. Бүгінде біз түкті және тақыр кілем деп екі-ақ түрі бар деп жүрміз. Ою-өрнекті әсем кілемдеріміз бүгінде наурыз мейрамында киіз үй жабдығында ғана пайлдаланылатын экспонатқа айналып бара жатқаны өкінішті. Салыстыра қарап отырсаңыз сан алуан өрнегімен көздің жауын алатын кілемдеріміз түркімен кілемінен бірде-бір кем емес. Кемшілігіміз біз осы үлкен жетістігіміздің қадірін білмей, дәріптей алмағандығымыз болса керек. Әйтпесе бүгінде еуропалықтардың таңдайын қақтырып жүрген гобеленнің шыққан түбі қазақтың тықыр кілемінің түпнұсқасы емес пе?
Алабай итімен, Ақалтекесімен аты шыққан түркімендердің енді кілемімен де аты асқақтап тұр. Біздің де осындай ұлттық брендімізге айналатын дүниелеріміз көп еді. Амал не?
Гүлнәр ЖҰБАНИЯЗОВА, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің ғылыми қызметкері, өнертанушы:
– Осындай бағалы затымыздың қадірін білмегенімізге қарным ашады. Расында қазір ел арасында қолдан кілем тоқитін ісмерлер азайып кетті. Шетелдіктердің зауыттан шыққан дүниеден гөрі қолдан тоқылған дүниелерді жоғары бағалайтыны белгілі. Мұражайымызда ХІХ ғасырдікі саналатын кілемдеріміз антиквар ретінде сақтаулы тұр. Оны ТМД аумағында өткізілетін көрмелерге апарып тұрамыз... Кезінде мұражайды жабдықтау үшін өте көне өрнектері бар қоржын, кілемдер керек болды. Қызылқұм ауданындағы бір шеберге тоқытқан едік. Қазір ол кісі бақилық болып кетті. Әрине, осындай шебер қолды жандардың шәкірттері болмағаны өкінішті. Бүгінде қазақтың көне кілемдерін қажетсінген адам оны таба қоюы екіталай. Әлбетте оны тапсырыс арқылы тоқытуы керек. Онда да шеберді таба алса. Осындай осындай проблемалар жетерлік...
Қазақ кілемінің келмеске кеткені ме?
Последние статьи автора