Қазақ ғалымы шығарған әлемдегі ең қиын есеп ағылшыншаға аударылып жатыр
Қазақстан ғалымы Мұхтарбай Өтелбаев ұсынған Навье-Стокс теңдеуі шешімін ағылшын тіліне аударуға әлемнің беделді жоғары оқу орындарының профессорлары ерікті түрде ниет білдіріп отыр екен. Олардың ішінде Массачусетс университеті ғалымдарынан бастап Ресейдегі әріптестері де бар көрінеді, деп хабарлдайды «Алаш айнасы».
Жалпы, қазақ ғалымы шығарған есепті ағылшыншаға аудару халықаралық математиктер қауымдастығының бағасын алу үшін керек болып отыр. Аударма ісімен Массачусетс технологиялық институтының ғалымы Миша Вулфсон (Misha Wolfson) жетекшілік ететін еріктілер тобы айналысып жатыр. Бұл туралы New Scientist басылымы жазады.
Миша Вулфсон орыс тілін білетіндігін, бірақ Өтелбаев ұсынған Навье-Стокс теңдеуі шешіміне ғылыми тұрғыда баға беруге қиналып тұрғанын айтыпты. Қазақ ғалымының жұмысымен танысуға бел шеше кіріскен Миссурий университетінің профессоры Стивен Монтгормери-Смит те бұл іс оңды болатындығына сенімді. Ол өз зерттеуіне ресейлік әріптестерін де тартқан екен. «Мен оқып үлгергендерімнің барлығы дұрыс секілді, бірақ әзірге нақты дәлелді анықтағаныма сенімді емеспін» дейді ғалым. Өз кезегінде ғалымдар үшін мәселенің ресми формуласын жазған Пристон университетіндегі Чарльз Фефферман (Charles Fefferman) теңдеу шешімінің ағылшынша нұсқасы дайын болғанша қандай да бір түсініктеме беруден бас тартатындығын мәлімдеген. «Осыған дейін Навье-Стокс теңдеуі бойынша бірнеше шешім ұсынылған, бірақ оның барлығы дұрыс болмай шыққан» дейді Фефферман.
Алдында ҚР Ғылым академиясының академигі Мұхтарбай Өтелбаев Навье-Стокс теңдеуін шешті деп хабарлаған болатынбыз. Л.Гумилеев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің профессоры өз еңбегін ресми баспасөзде жариялаған. Ғалым айналысқан зерттеу проблемасы әлемдегі ең күрделі жеті математикалық теңдеудің қатарына жатады. Оны шешкен адамға Клея институты 1 миллион доллар сыйақы тағайындаған. Бәйгені ұйымдастырушылардың өзі бұл теңдеу әлі күнге шешімін таппаған деп санайды.