Кеңес АУХАДИЕВ, қоғам қайраткері:
– Мен өткен жылы 1 Мамыр мерекесінде Қызылордаға сапарлап бардым. Сол кезде таңғалғаным, ол елде қарапайым еңбек адамдарының еңбегін бағалау үрдісі әлі де жалғасып келеді. Қызылордалықтар мамыр мерекесін желеу етіп жыл сайын өндірістегі, егін шаруашылығындағы, шаруа қожалықтарындағы қарапайым еңбеккерлерді арнайы төс белгілермен марапаттап, өзіндік сый-сияпат көрсетеді екен. Бұл – басқа аймақтарға үлгі болатын үрдіс. Өйткені қазірде еңбек адамдары марапаттан тыс қалып, елеусіз-ескерусіз қалтарыста қалып жатады. Сондықтан бізге көп кешіктірмей, еңбекшілерді марапаттайтын мемлекеттік наградалар белгісін ойластырған абзал. Себебі біздегі ауыр жүкті көтеріп, үнемі қайнаған еңбектің ортасында жүретін сол қарапайым еңбеккерлер. Ал олардың маңдай тері мемлекеттік тұрғыда еленіп жататын болса, бұл – қолдайтын дүние...
Тұрсынбек КӘКІШОВ, жазушы-ғалым:
– Кезінде кеңестік кезеңде қарапайым еңбек адамдарын ынталандыру мақсатында «Еңбек Қызыл ту» ордені берілетін. Ал қазір Тәуелсіздік алғалы бері «Еңбек Ері» деген атақ-дәреже пайда болды. Бір қынжыларлығы, осы «Еңбек Ері», «Құрмет белгісі» тәрізді мемлекеттік наградаларды төсіне қадап жатқан қарапайым еңбекшілер жоқ. Байыбына үңілсек, еліміздің экономикасын көтеруге айтарлықтай үлес қосып жатқан сол еңбекшілер... Осыны ескерсек, бізге қарапайым еңбекқорлардың еңбегін ынталандырып, оларды әрі қарай талаптандырып отыратын мемлекеттік наградалар қажет. Мұны өз басым өте жақсы көтерілген бастама деп бағалаймын. Мәселен, Кеңес өкіметі бір ғана Кәмшат Дөнентаеваның еңбегін қалай бағалады?! Сол кездері марапат алған Кәмшаттың атағы күні бүгінге дейін жер жарып тұр. Міне, осыған байланыстыра айтарым, бізге қарапайым еңбек адамдарын лайықты марапаттау рәсімдері керек. Тиісті орындардың бұған қатты назар аударғаны абзал...
Серікболсын ӘБДІЛДИН, саясаткер:
– Жасыратыны жоқ, қазір біз тек бизнесте жүрген кәсіпкерлердің еңбегін елеп-ескереміз немесе өзін жақсы жарнамалай білетін қызметкерлердің еңбектері назардан тыс қалмай өзіндік марапат, награда, ордендер алып жатады. Ал керісінше, барлық ауыртпалықты көтеріп, қыз-қыз қайнаған еңбектің бел ортасында жүретін қарапайым жұмысшының табанақы маңдай тері еленбейді. Бұл – көрер көзге қиянат. Сондықтан бар қиындықты мойнымен көтеріп жүрген, иығына батпандай жауапкершілік артып, үнемі ауыр жұмысқа жегіліп жүретін қарапайым жұмысшы табының еңбегі ескерілгені абзал. Біле білсек, бізді ас-ауқатпен, тұрмысқа қажетті дүниелердің барлығымен қамтып отырған сол еңбекшілердің еңбегі. Осыған орай айтарым, қарапайым жұмысшыларды марапаттайтын мемлекеттік наградалар керек. Мұны қолданысқа енгізген жөн...