Төртінші билік алдында әр саланың ахуалын баяндап, міндеттері мен мәселелерін ашық айтатын жаңа үрдіс Қарағанды аймағында да қалыптасты. Нақтырақ айтқанда, Қарағандыдағы барлық облыстық деңгейдегі басқарма, департамент басшылары БАҚ алдында баспасөз мәслихатын өткізетін болды. Әр аптаның жұмасында өңірдегі барлық БАҚ басқарма жетекшілеріне көкейдегі сауалдарын тікелей жолдап, оған тура жауап алмақ. Бұл жаңа үрдістің шымылдығын облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы түрді.
Кеншілер мекеніндегі энергетика мен тұрғын үй саласы – кез келген өңірдегі секілді өзекті тақырып. Қысы қатты Арқа жұртының қылышын сүйреткен қыстан қысылмай шығуынан бастап, тұрғын үйінің түтіні түзу ұшуы осы басқарманың беталысына тікелей байланысты.
Қыс қыр астында
Кең-байтақ еліміздің өзге өңірлері секілді емес, Қарағандыға қыс ерте түсетіні рас. Бұл аймақта қыс үш ай емес, алты ай болатыны және белгілі. Сондықтан да дәл бүгінде аймақ тұрғындарын қысқа дайындықтың жай-жапсары алаңдататыны сөзсіз. Ал ресми деректерге сүйенсек, былтырғы жылға қарағанда қысқа дайындық жұмыстарына бөлінген қаржы қомақты. Атап айтқанда, 32 млрд теңге аталған саланың жыртығын жамап, тесігін бүтіндеуге бұйырыпты. Ол болса былтырғы бөлінген қаржыдан 8,8 млрд теңгеге артық. Өткен жылы бұл салаға тигені 23,5 млрд теңге екен. Соған қарағанда, құзырлы орындардың айтуынша, қыстан қысылатын негіз жоқ. Жоғарыда аталған қаржыға жылу көздері, электр, жылу, су құбырлары, кәріз желілері жөнделді. Арнайы түзілген кестеге сәйкес, 38 қазандық агрегаты мен 27 турбинада жөндеу жұмыстары қолға алынды. Қазіргі кезде 30 қазандық пен 23 турбинадағы жұмыстар аяқталды. Қалған орталықтардағы жұмыстар жалғасуда.
Сергей КАСИМОВ, Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:
– Барлық нысандардағы әзірлік шаралары уақытында мәресіне жетті. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысаны мен көпқабатты тұрғын үй дер кезінде даяр болды. Жылу беру маусымына дайындық науқаны аясында 2801,1 шақырым жылу жүйесінің – 153,8, 7856,2 шақырым су және кәріз құбырының – 159,2, 33102,3 шақырым электр желісінің 4406,7 шақырымы алмастырылып, 3565 қосалқы стансының 810-ы жөндеуден өтті.
«Айналайын, «Ақбұлақ!»
Таза ауызсу мәселесі төңірегінде де түйткілдер аз емес. Соңы айғай-шу мен дау-дамаймен тынған «Ауыз су» бағдарламасынан соң өмірге жолдама алған – «Ақбұлақ» бағдарламасы. Ол ауызсуға жарыта ма деген күдік көпшілік көкейінде қонақтаған-ды. Алғашқы бағдарламадан алынған сабақ болар, аймақтағы «Ақбұлақ» әзірге шапқылап келе жатыр.
Әмбеге аян, «Ақбұлақ» 2011 жылы басталды. Бұйырса, 2020 жылға дейін жалғасады. Ал биылғы жылы облыста бағдарлама шеңберінде 27 жоба жүзеге асыпты. Бұл үшін 7,4 млрд теңге қаржы аударылды. 287 шақырым құбыр тартылып, 92 мың адам таза ауызсумен қамтамасыз етілген. 2011 жылы таза суды тұтынып отырған қалалықтар – 66, ауылдарда 52 пайызға жетсе, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш «Ақбұлақтың» арқасында едәуір көтеріліп, қалалық жерде 75 пайызды, ал ауылдық мекендерде 56 пайызды еңсерді. Бағдарламаға сай, 2020 жылға қарай облыс өңірлеріндегі қалаларды 100 пайыз, ал ауылдарды 80 пайыз таза ауызсумен қамту көзделіп отыр.
«Ойхой, ойхой, боз үйім...»
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта да шаруа шаш етектен. Тұрғын үйді тоздырмай ұстаудың өзі бұл күні проблема екені өтірік емес. Арасында апатты жағдайдағылары қаншама. Бұл санатта 89 үй бар. Олардың 76-сын бұзып, 13-ін қайта қалпына келтіруге болады екен. Осы жылы 58 апатты үйге демонтаж жүргізілген. Апатты үйлерді жөндеу жұмыстары 2011 жылы басталған еді. Сол уақыттан бері 121 көппәтерлі үй жөнделіп, оған 1,6 млрд теңге шығындалыпты. Бір айтары, биылғы жөндеу жұмыстары тұрғындардың қайтарымды қаржысы есебінен атқарылған. Келесі жылғы жұмыстар үшін республикалық қазынадан алдын ала 510 млн теңгеге қаржыландыру жоспарлануда. Соңғы үш жыл ішінде жөндеуді қажет ететін кондоминиум нысандары 45-тен 42 пайызға төмендепті.
Күн мен жел кеншілер мекеніне қуаттан кемдік көрсетпейді
Әлем болып балама қуат көздерін қолданып жатқан қазіргі кезеңде бұл үрдістен Қарағанды да қалыс қалмақ емес. Жалпы қуаты 134 МВт болатын жаңғыртылған энергия көздерін тұрғызу жоспарда. Бұл бағытта бүгінгі таңда тиісті меморандумдарға қол қойылды. «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен OPUS Platform Қарағанды қаласында қуаты 10 МВт-тық күн электр стансысын салуға бәтуаласып отыр. «ФОТОВОЛЬТ Кощице» АҚ Саран қаласында 30 МВт-тық күн электр стансысы бой көтеруге мұрындық болмақшы. «Samruk-Green ENERGY» ЖШС Ақтоғай ауданындағы «Гүлшат» кентінде 50 МВт-тық жел электр стансысын, «ДОТАНГ» компаниясы 15 МВт-тық жел электр стансысы құрылысын мойнына алған. Сондай-ақ облыс аумағында қуаттылығы 28 МВт-ты құрайтын 152 шағын орталық салынбақшы.
Қарағанды баламалы қуат көзіне «құда түспек»
Последние статьи автора