Қара жолдар сара жолға айналса...
«Жолдың жайын жүрген білер» десек те, бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі де осы жолға тіреліп тұрғаны – ақиқат. Келмеске кеткен кеңес заманында, яғни сонау 60-70 жылдары салынған республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың сапасы сын көтермейтіндігі, тіпті келер он жылда осындай күйін ауыстырмаса, мүлдем жүруге жарамай қалатындығы айтыла-айтыла, жауыр болғаны да рас.
Жыл сайын тұтас еліміз бойынша он мыңдаған шақырым жолдың күрделі жөндеуді қажет етіп жатқандығы бүгінгі таңда Парламенттегі халық қалаулылары мен құзырлы органдардың бас ауруына айналғалы қашан! Жыл сайын республикалық және облыстық маңызы бар жолдармен қатар, жергілікті жолдарға да көңіл бөлу тапсырмаларының орындалуы әзірше халықтың көкейінен шығар емес. Өйткені еліміздегі жолдардың 60 пайызға жуығының тозығы жеткені соншалық, 40 жыл бойы көліктің тізгінін ұстаған кәнігі жүргізушілердің өзі әупірімдеп жүрмесе, жол апатына ұшырайтыны анық болып отыр.
Жұман Алдабергенов, автобус жүргізушісі:
– 30 жыл бойы көлік жүргізушісі болып қызмет етсем де, қазіргі жолдардан қатты қиналатынымды жасыра алмаймын. Әсіресе шалғайдағы ауылдарға жүру аса қиын. Ой-шұңқыры қадам сайын алдыңнан шығатын жолда жүргенде шыбын жаныңды шүберекке түйіп отырасың. Біріншіден, көлік дөңгелегін жылына бірнеше мәрте ауыстыруға тура келеді. Екіншіден, өзіңмен қатар, жолаушылардың қауіпсіздігі үшін алаңдауға мәжбүр боласың.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, тек соңғы 20 жылда ғана еліміз бойынша жол-көлік оқиғасынан 55 мыңнан астам адам көз жұмса, 30 мыңнан астамы мүгедектікке душар болған. Бұл, әрине, ең алдымен еліміздің жолдарының сапасы сын көтермейтіндігіне ең басты да нақты дәлел бола алады. Ал тиісті органдардың бұл жауапсыздықтың салдарын көре тұра, мәселені шешуге ұмтылмауының қайғылы жағдайлардың одан сайын өрши түсуіне әкеліп отырғандығы көңілді құлазытатыны анық.
Бұл орайда астаналық облыс атанып отырған ақмолалықтар мен солтүстік қазақстандықтардың жолдың жағдайы жайлы жан айқайын естір құлақ табылар емес. Ақмола десе, алдымен ауызға алынатыны: Астана – Көкшетау күре жолы халықаралық талаптарға сай болғанымен, қалған жолдың жағдайы жаныңды түршіктіріп, жүріп өткен адамның жарапазан айтуына себепші болады. Мәселен, Ақмола облысындағы бірден-бір өндіріс орындары көп өнеркәсіпті қала саналатын Степногорск қаласына бара қалсаңыз, көлігіңіз түгіл, өзіңіз аман жетсем екен деген қауіпті ойдан арыла алмайсыз.
Ерлан Жүсіп, Ақмола облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы:
– Расында да, өңіріміздегі автокөлік жолдарының көп бөлігі қолданысқа жарамайтындай күйге жеткен. Бұларды қалпына келтіру үшін қазіргі таңда облыс емес, тұтас республикалық бюджетке жүгінуге тура келеді, яғни облысымыздың аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды күрделі жөндеу тұрмақ, ағымдағы жөндеуге де қаражат толық жетер емес. Жергілікті бюджеттің бүйірінен жолға бөлінетін қаражат көлемі өте аз. Жыл сайын ой-шұңқырды тегістеу жұмыстары жүргізілгенімен, шамалы уақыттан кейін-ақ баяғы таз қалпына қайта түседі.
Жол азабын тартқан жұрттың көкейіндегі көксеген арманы – біреу. Бірақ тақтайдай тегіс тас жолмен ызғытып өтсем деген тілек арманнан гөрі, қиялға айналып бара жатыр ма деген күмәнді ой да қылаң береді. Өйткені кез келген ел экономикасының негізгі үміт күтер өзегі осы күре жол екендігі нақты фактілермен айқын дәлелденген. Ал экономиканы қозғайтын күре жолдың бойындағы қаржы кедергісі жуық арада шешімін табар емес. Күре жол демекші, қазіргі күні тұтас Қазақ елін дүрліктіріп, болашақтан үміт күттірген «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолы ел экономикасына елеулі жақсылығын әкеледі деген үміт жоғары. Жалпы құны 825 млрд теңгеге бағаланған жобаның Қазақстандағы бөлігі 8 мың 445 шақырымды құрап, ол еліміздің бес облысының аумағынан өтпек. Аталмыш жоба елдің кірісін көбейтіп, экономикамыздың еселенуіне үлесін қосады десек те, алдымен, ауылдан басталатын күре жолдың келбетіне реңк берсек, бұқараның алғысына бөленер ме едік...
Бүгінгі таңда Қазақ елінің аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 140 мың шақырымды құраса, соның жартысына жуығының жөндеуді қажет ететіні, әсіресе шалғай ауылдардағы жағдайдың мүшкілдігі бірқатар мәселені қайта қарау қажеттігін көрсетеді. Сондықтан қара жолдың қадірін білгіміз келсе, келер күнде емес, дәл қазір құрып бара жатқан жергілікті жолдардың жайын ойлайтын уақыт жеткен сияқты.