Қалы кілем тоқуды тоқыратып алдық
Жалпы, дерегіне жүгінсек, ұлттық кілемдері арқылы атағын әлемге жайып үлгерген Иран елі сегіз жылдың ішінде тек бір ғана кілем саудасынан 17 млрд АҚШ доллары көлемінде табыс табады екен (!). Бұл – Иранның ұлттық кілем орталығының мамандарының ресми ақпараты. Кілемдерін американдықтар, жапондықтар, ресейліктер белсенді түрде сатып алатынын сүйіншілете сөз еткен ирандықтар «алдағы уақытта кілем саудасынан түсетін табыс еселене бермек» деседі. Ені – 2,5, ал ұзындығы 3,5 метр кілемдерді ол елдің шеберлері қолдан бір жылға жуық уақыт тоқиды екен. Бір қызығы, олардың бұл өнімдерінің әрқайсысының жеке-жеке паспорты бар. Сондай-ақ Иранның экспортында парсы кілемдері де соңғы орында қалып отырған жоқ.
Жалпы, қалы кілемге деген сұранысты толықтай қамтып қана қоймай, өнімдерін экспортқа шығаруда бүгінде Иран – әлем бойынша озық елдердің бірі. Осыны сезінгендіктен барып, олар «алдағы 10 жылдық межеде кілем саудасынан 20 млрд АҚШ долларын табамыз» деп алақандарын ысқылап отыр.
Негізінде, кілем тоқу – қазаққа жат үрдіс емес. Кеңес өкіметі кезінде қазақ шеберлерінің тоқыған кілемдері Ашхабад мұражайында неше жыл сақталғаны туралы да деректер бар. Мамандар Кеңес Одағы тұсында Түрікменстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Қазақстанның кілемдері өздерінің сән-салтанатымен көш ілгері тұрғандығын сөз етуде. Қазірде Өзбек елі де, іргеміздегі Қырғыз елі де, Түркіменстан да кілем тоқу өндірісіне ерекше көңіл бөліп отыр...
Абзалында қазақтың қалы кілемдері турасында мамандар «кеңестік кезеңде түрікмен кілемдерінің 10 пайыздық үлесі болса, одан кейін 8 пайыздық межемен Қазақстан кілемдері көш басынан көрінді» дейді. Ал қазір кілем өндіруде өзіміздің отандық тұтынушыларымызды мүлде қамтамасыз ете алмай отырғанымыз айқын дәлел.
Бұл ретте бізде жекелеген шеберлерді қойып кілем өндірген фабрикаларымыз жабылып, жұмыстарын тоқыратып алғалы қашан?! Иран қазірде кілем өндіруде он жылда 20 млрд АҚШ долларын табамыз деп болжап отыр. Кезінде «Алматы Кілем» фабрикасы қарқынды жұмыс істеді. Ол кездері олардың өндірген кілемдері сапалы, тіні мықты, тығыздығы жағынан Түрікмен кілемдерімен бәсекелес болатын... Ал қазірде жасыратыны жоқ, бұл фабриканың аты да, заты да мүлде өзгерді. Түрікменстан, Парсы елдері, Біріккен Араб Әмірліктері де жеңіл өнеркәсіптің осы түрін дамытуға айрықша назар аударуда. Ал біз, керісінше, «Алматы Кілемнің» бірқатар цехын жаптық, қазір бірді-екілі цех қана баршылық. Шығаратын өнім көлемін шектедік. Қазірде «Алматы Кілемнің» шығаратын өнімі экспортқа шықпақ түгіл, тұтынушыны қанағаттандыра алмай жүр. Ал Батыс елдері бойынша қазір қазақы кілемге сұраныс мықты. Сондықтан бұл іспен айналысуды тереңдеткен жөн.
Кілем өндірісіне қатысты тағы бір мысал етіп айта кетерлігі – Иранда кілем тоқумен айналысатын шеберлер үнемі өкімет назарынан тыс қалмайды. Оларда кілемнің авангард, классикалық, ұлттық түрлерін тоқумен айналысатын шеберлерге белгілі бір салықтық жеңілдіктер де қарастырылған. Ал балаларға арнап кілем тоқитын шеберлеріне деген ирандықтардың ықыласы тіпті ерекше. Тіпті ескерткішке кішкентай кілемше тоқитын шеберлерін де олар аса қадірлейді екен. Әрине, мұның барлығы қолөнерді бағалағаннан кейін туындайтын құрмет екені белгілі. Ендеше, біз неге осындай шеберлерді назардан тыс қалдырдық? Этнографтарымыздың бағамдауынша, кезінде бір ғана Қазақстанда аты Кеңес Одағына мәлім 176 шебер болыпты. Өкініштісі, олардың дені қазірде бұл өнерлерін жылы жауып қойған. Себебі, біріншіден, елде кілем тоқуға қажетті асай-мүсей техника да жоқ, қала берді, тіндерін берік етіп тоқитын сапалы жібек жіп те тапшы.
Біз осыдан тұп-тура екі жыл бұрын елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде «Пош-Тараз» фабрикасы ашылғанда «енді жүн өртемейтін болдық, ауыл-аймақтарда тау-тау болып өртеліп жатқан жүн мен тері кәдеге жарайтын болды» деп үміттенгеніміз рас. Негізінен, аталмыш фабриканың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ақпараты бойынша, фабрика цехтары өз базасында топс өндіру жобасын ұйымдастыруы тиіс. Жобаны іске асыру құны - 1,1 млрд теңге. Өндірістің қуаттылығы жылына 873,6 тонна топс өндіру болатын. Топс - бұл өндірісте таралған және жұқа иірілген шұға жіп, жартылай дайындалған жүн иіру өндірісінің өнімі. «Жаңағы кілеміңізді де, кииім кешегіңізді де тоқуға арналған бұл жіп қазірде біз үшін тапшы. Ауқымды кілем түгілі киім-кешек тоқуға топс табу қиын. Сондықтан көптеген кәсіп иелері өндіріске қажет жіпті шетелден импорттауға мәжбүр немесе сапасыз жіпті кәдеге жарата беретіндер де кездеседі. Ал сапасыз дүние өнімге деген сенімді төмендетеді. Сондықтан біздегі жеңіл өнеркәсіп түрін сөз еткенде шикізатқа зәрулікті қозғауды да ұмытпаған жөн. Шикізатқа зәрулік, шикізатты оны дайын өнімге дейін өндіру жайы жетілмей біз кілем өндірісінде де, киім кешек өнідірісінде де өзіндік биіктікті бағындыру қиын.
Жұмаділда Баяхметов,
экономист-ғалым