Қалы кілем тоқудан да қалыс қалғанымыз ба?
Күні кеше Батыстың интернет-аукциондарының бірінде қазақтың кілемі ең жоғары бағаға сатылғаны туралы мәлімет қолымызға түсті. Таза жүннен тоқылып, оюлармен өрнектелген кілемнің бір шаршы метрі әлемдік eBAy ғаламтор аукционында 700 долларға бағаланған. Кілемнің жалпы аумағы 2,4 мың шаршы метрді құрайды. Оның тоқу жұмысына 400 тоқымашы қатысқан. Кілемде 1 миллиардтан астам жіп түйіншектер өрілген. Әрине, бұл хабарды естіп қазақы қалы кілемнің бәсекеден озық шыққанына қуандық, бір жағы қынжылдық. Қуанғанымыз, кілемнің атағы қазақтікі екені болды. Қынжылғанымыз, сол қалы кілем өндірісінің елдегі аяқ алысы еді.
Бұл жерде басымдық беріп айта кетер тағы бір жайт, кешегі интернет аукциондағы жаңалық қазақстандық шеберлерге қатысты емес. Өйткені аукционда сұранысқа ие болған кілем біздің елде тоқылмаған. Бұл кілемді Әзірбайжан еліндегі қазақ шеберлері тоқып, саудаға салыпты. Міне, осылайша, қазақ кілеміне деген сұраныс бүгінде батыс елдерінде жоғары болып тұрған көрінеді. Ендеше осы ұрымтал сәтті пайдалана отырып, біз кілем өндіру кәсібін жетілдіру турасында отандық кәсіпкерлерге де өзіндік ой сала кетуді жөн көрдік.
Табысты еселей түсетін сала...
Жалпы, дерегіне жүгінсек, ұлттық кілемдері арқылы атағын әлемге жайып үлгерген Иран елі сегіз жылдың ішінде тек бір ғана кілем саудасынан 17 млрд АҚШ доллары көлемінде табыс табады екен. Бұл – Иранның ұлттық кілем орталығы мамандарының ресми ақпараты. Кілемдерін америкалықтар, жапондықтар, ресейліктер белсенді түрде сатып алатынын сүйіншілете сөз еткен ирандықтар «алдағы уақытта кілем саудасынан түсетін табыс еселене бермек» деседі. Ені – 2,5, ал ұзындығы 3,5 метр кілемдерді ол елдің шеберлері қолдан бір жылға жуық уақыт тоқиды екен. Бір қызығы, олардың бұл өнімдерінің әрқайсысының жеке-жеке паспорты бар. Сондай-ақ Иранның экспортында парсы кілемдері де соңғы орында қалып отырған жоқ. Жалпы, қалы кілемге деген сұранысты толықтай қамтып қана қоймай, өнімдерін экспортқа шығаруда бүгінде Иран әлем бойынша озық елдердің бірі. Осыны сезінгендіктен барып, олар «алдағы он жылдық межеде кілем саудасынан 20 млрд АҚШ долларын табамыз» деп алақандарын ысқылап отыр.
Қазақы кілем Ашхабад мұражайында сақталған
Негізінде, кілем тоқу қазаққа жат кәсіп емес. Кеңес өкіметі кезінде қазақ шеберлерінің тоқыған кілемдері Ашхабад мұражайында неше жыл сақталғаны туралы да деректер бар. Мамандар Кеңес одағы тұсында Түрікменстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанмен, Қазақстанның кілемдері өздерінің сән-салтанатымен көш ілгері тұрғандығын сөз етуде. Қазірде Өзбек елі де, іргеміздегі Қырғыз елі де, Түрікменстан да кілем тоқу өндірісіне ерекше көңіл бөліп отыр...
Абзалында, қазақтың қалы кілемдері туралы мамандар «кеңестік кезеңде түрікмен кілемдерінің 10 пайыздық үлесі болса, одан кейін 8 пайыздық межемен Қазақстан кілемдері көш басынан көрінді» дейді. Ал қазір кілем өндіруде өзіміздің отандық тұтынушыларымызды мүлде қамтамасыз ете алмай отырғанымыз айқын дәлел.
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:
– Бұл ретте бізде жекелеген шеберлерді қойып кілем өндірген фабрикаларымыз жабылып, жұмыстарын тоқыратып алғалы қашан?! Иран қазірде кілем өндіруде он жылда 20 млрд АҚШ долларын табамыз деп болжап отыр. Кезінде «Алматыкілем» фабрикасы қарқынды жұмыс істеді. Ол кездері олардың өндірген кілемдері сапалы, тіні мықты, тығыздығы жағынан Түркімен кілемдерімен бәсекелес болатын. Ал қазірде жасыратыны жоқ, бұл фабриканың аты да, заты да мүлде өзгерді. Түрікменстан, Парсы елдері, Біріккен Араб Әмірліктері де жеңіл өнеркәсіптің осы түрін дамытуға айрықша назар аударуда. Ал біз, керісінше, «Алматы кілемнің» бірқатар цехын жаптық, қазір бірді-екілі цех қана жұмыс істеп тұр. Шығаратын өнім көлемін шектедік. Қазірде «Алматыкілемнің» шығаратын өнімі экспортқа шықпақ түгіл, тұтынушыны қанағаттандыра алмай жүр. Ал батыс елдері бойынша қазір қазақы кілемге сұраныс мықты. Сондықтан бұл іспен айналысуды тереңдеткен жөн.
Жекелеген шеберлерге қолдау керек
Кілем өндірісіне қатысты тағы бір мысал етіп айта кетерлігі, Иранда кілем тоқумен айналысатын шеберлер үнемі өкімет назарынан тыс қалмайды. Оларда кілемнің авангард, классикалық, ұлттық түрлерін тоқумен айналысатын шеберлерге белгілі бір салықтық жеңілдіктер де қарастырылған. Ал балаларға арнап кілем тоқитын шеберлеріне деген ирандықтардың ықыласы тіпті ерекше. Тіпті ескерткішке кішкентай кілемше тоқитын шеберлерін де олар аса қадірлейді екен. Әрине, мұның барлығы қолөнерді бағалағаннан кейін туындайтын құрмет екені белгілі. Ендеше біз неге осындай шеберлерді назардан тыс қалдырдық? Этнографтарымыздың бағамдауынша, кезінде бір ғана Қазақстанда аты Кеңес одағына мәлім 176 шебер болыпты. Өкініштісі, олардың дені қазірде бұл өнерлерін жылы жауып қойған. Себебі, біріншіден, елде кілем тоқуға қажетті асай-мүсей техника да жоқ, қала берді, тіндерін берік етіп тоқитын сапалы жібек жіп те тапшы.
Айнара ОРДАБАЕВА, этнограф-ғалым:
– Өткенде иран шеберлері көлемі 520 шаршы метрді құрайтын, салмағы бір тоннадан асатын кілем тоқып шығарғаны жайлы ақпарат тарады. Оларға осы өнерлері үшін өкімет тарапынан арнайы сыйлық беріліп, шеберлер арнайы салықтық жеңілдіктен құтылды. Қазірде Иран, Франция, Үндістан, Қытай, Румыния, Венгрия, Польша, Ауғанстан, Түркия, Түрікменстан, Әзірбайжан елдері осы салаға айрықша ден қойып, саладағы өнім көрсеткішін өсіруге мән беруде. Ал бізде, өкінішке қарай, мұндай мән берушілік жоқтың қасы. Жекелеген шеберлердің еңбегі мүлде еленбейді. Кезінде Қазақстанның оңтүстік облыстары мен Арқада түкті, тықыр, араб кілемдерін тоқу, Семей өңірінде кілем кестелеу күшті дамыған. Түксіз кілем оюларына қошқар мүйіз, құс тұмсық, ботагөз, тұмар, тарақ тағы да басқа ою нұсқаларын салып тоқуды біздің шеберлер терең меңгерген-ді. Әттеген-айы қазірде бірді-екілісі ғана болмаса, кілем тоқуда озық шығып, белшеден табысқа батып отырғанымыз жоқ. Ал өзге елдер бұл саладан айтарлықтай табыс көріп отыр.
Кілемді қойып, киім-кешекке жіп табу қиын
Жалпы, мамандар сөз еткендей, жеңіл өнеркәсіп – бұл әлемдік экономиканың тұтас бір кешені. Ол көптеген елдердің бюджетін қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосып отыр. Осыдан тұп-тура екі жыл бұрын елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде «Пош-Тараз» фабрикасы ашылғанда «енді жүн өртемейтін болдық, ауыл-аймақтарда тау-тау болып өртеліп жатқан жүн мен тері кәдеге жарайтын болды» деп үміттенгеніміз рас. Негізінен, аталмыш фабриканың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ақпараты бойынша, фабрика цехтары өз базасында топс өндіру жобасын ұйымдастыруы тиіс. Жобаны іске асыру құны – 1,1 млрд теңге. Өндірістің қуаттылығы жылына 873,6 тонна топс өндіру болатын. Топс – бұл өндірісте таралған және жұқа иірілген шұға жіп, жартылай дайындалған жүн иіру өндірісінің өнімі. «Жаңағы кілеміңізді де, киім кешегіңізді де тоқуға арналған бұл жіп қазірде біз үшін тапшы. Ауқымды кілем түгіл, киім-кешек тоқуға топс табу қиын. Сондықтан көптеген кәсіп иелері өндіріске қажет жіпті шетелден импорттауға мәжбүр немесе сапасыз жіпті кәдеге жарата беретіндер де кездеседі. Ал сапасыз дүние өнімге деген сенімді төмендетеді. Сондықтан біздегі жеңіл өнеркәсіп түрін сөз еткенде, шикізатқа зәрулікті қозғауды да ұмытпаған жөн. Шикізатқа зәрулік, шикізатты оны дайын өнімге дейін өндіру жайы жетілмей біз кілем өндірісінде де, киім-кешек өндірісінде де өзіндік биіктікті бағындыру қиын» деседі мамандар.
Бұған қоса мамандар шикізат зәрулігін жою үшін ауыл-аудан көлемінде шағын кластерлер жасақтау қажеттігін; сол шағын кластерлер арқылы жеңіл өнеркәсіптің ауыр жүгін жеңілдетуге болатынын құлаққағыс етуде.
Текемет алғаш ақша-тауар қатынасын дамытқан
Жалпы, ежелгі саудаға үңілсек, жеңіл өнеркәсіп өнімінің түрі сауданың айырбас түріне ыңғайлы болған. Жеңіл өнеркәсіп саудасында Қазақ-Ресей саудасы үнемі табысты болыпты. Ол кездегі қазақтардың Ресеймен сауда жасайтын негізгі орындары шекара шебіндегі Орынбор, Троицк, Петропавл, Омбы, Семей және Өскемен бекіністері болды. Қазақтар базарға мал басымен қоса астық, жарма, кездеме маталар, шұға-мәуіті, иленген тері және металл бұйымдарын шығарып отырған. Айналымдағы ақша қазақтарда аз болғандықтан сауда айырбасы осы заттарды қойға айырбастаумен орын алған.
Сауданың эквиваленттік тепе-тең балама бағалары болмаған. Мысалы, бағасы 75 тиын тұратын 18 метр кенепті бір жылқы мен өгізге айырбас жасаған жайттар да кездескен. Сондай-ақ Ресей базарына Орта Азиядан жібек, мақта-мата және шапан, кілем, төсеніш, көрпе басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар әкелінген. Десек те, сол кездің өзінде қазақ шеберлерінің тоқыған кілемдері өтімді болған деседі. Әсіресе қазақтың кілемі мен текеметі қозғалмалы айырбас саудасының көрігін қыздырып, алғаш рет тауар-ақша қатынастарын дамытқан. Қазақ текеметіне көзі түскен Орта Азия елдерінің шеберлері Ресей базарында ең алғаш текеметті 1875 жылы қолма-қол ақшаға сатып алыпты. Ондағы текеметтің бағасы 820 сом болған екен.
Бұйымды сақтаудың да сырлары бар
Жалпы, жеңіл өнеркәсіп бұйымдары күнделікті тұрмысқа қажетті болғандықтан, тұтынушылардың дені олардың тез тозып қалатынын сөз етеді. Дегенмен бұйымды сақтаудың да өзіндік сырлары бар. Мысалы, кілемді ұзақ сақтау үшін тазаланып, кептірілген кілемге нафталин себу керек немесе бүктеген кезде арасына қашықтығын бірдей етіп нафталин салынған дорбашалар (нафталин таблеткалары), «молебой» таблеткаларын салған дұрыс. Кілемді сақтау үшін оны мүмкіндігінше тығыздап бүктеп, сыртынан газет қағазымен орап полиэтилен қапшыққа салып қояды. Жалпы, химиялық бояулары бар жіптермен тоқылатындықтан, кілемдерді ыстық сумен жууға болмайды. Кілемді кемінде жылына бір рет «Супромит» сұйықтықтарымен немесе «супрозоль» аэрозольды препаратымен профилактикалық өңдеуден өткізіп отыру керек. Бұл заттар қара күйені және кілем қоңызының личинкаларын өлтіреді.
Шикізатқа шикі көзқарасты өзгерту керек
Елімізде 20 мың тонна жүн, 7 миллион данадай тері шикізаттары жиналады екен. Сонда осыншама шикізат шіріп жатыр ма? Бұған жауап жоқ және жауапкер болатын басшы да жоқ.
Елімізде саудаланатын киім-кешектің 85 пайызы Түркия, Қытай, Ресей және Қырғызстаннан әкелінеді. 2007 жылдан бері жалпы жергілікті өндіріс өнімдерінің ішінде жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының үлестік салмағы екі есе кеміп, жарты пайызға дейін азайып кеткен.
Мамандардың байыптауынша, жеңіл өнеркәсіпке қажетті жіп өнімдері Өзбекстан, ал оның бояулары Түркиядан тасымалданады екен. Ал өзімізде шығарылатын жіптердің бағасы қымбат.
Көптеген дамыған елдерде жеңіл өнеркәсіптен түсетін пайда 8-12 пайызды құрап отыр. Кейбір елдерде 20 пайызға дейін жетеді. Ал елімізде бұл көрсеткіш бұдан 8 пайыздан төмен, оның ішінде аяқкиім өндірісінің көрсеткіші мардымсыз деуге болады.
Жеңіл өнеркәсіп саласындағы үстемдік құрып тұрған елдерді айтатын болсақ, олардың қатарына Қытай, Үндістан, АҚШ, Италия, Түркия, Тайвань, Жапония, Индонезияны жатқызуға болады. Бұл елдердің жеңіл өнеркәсіп саласы соңғы жылдары айтарлықтай өзгеріске түсті.
Жалпы, байыбына үңілсек, соңғы 10 жылда елімізде қой жүнінің өндірісі үш есеге төмендеген. Әсіресе биязы жүн өндірісі тоқырап қалды. Оның өндірісі үш жылда сегіз есеге кеміген. Елімізде бар биязы жүн тек экспортқа ғана кетіп жатыр. Мұның басты себебі – бір кезде жұмыс істеп тұрған көптеген жүнді алғашқы өңдеу фабрикаларының (ПОШ) жабылуы.
Тақырыпқа тұздық:
Аман ШОТАЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:
– Негізінде, елде жеңіл өнеркәсіп саласы дамуы үшін алдымен, оның шикі өнімі молаюы керек. Мысалы, жеңіл өнеркәсіпке бірден-бір қажетті сала – қой шаруашылығы жоғары деңгейде өркендеуі үшін кез келген елдің қойды ұрықтандыру, азықтандыру және технологиялық қабілеті мығым болуы қажет. Осы үш түйін бір-бірімен біте қайнасып жатқан кезде ғана бұл сала үнемі өз биігінде тұрады. Өкінішке қарай, біздің елімізде аталмыш шаруашылықты дамытатын жаңағы үш түйін мүлде сын көтермейді. Бізде малды ұрықтандыру, азықтандыру ісінде қуаттылығымыз аса мәз емес. Қазірде дүниежүзінің дамушы және дамыған елдері бұл салада небір қуатты технологиялардың көмегімен мал тұқымын асылдандыруда әр қилы жаңашылдықтарға қол жеткізуде. Ал біз керісінше, әлі де сол бейқам, марғау қалыптан арыла алмай отырғандаймыз. Ең қызығы, бізде жаңашылдыққа ұмтылу бар. Десек те, оны әрі қарай жетілдіруге келгенде самарқаумыз.
Ауыл-аудан көлемінде шағын кластер жасақтау жеңіл өнеркәсіптің жүгін жеңілдете ме?
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:
Дұрыс...
– Меніңше, ауыл-аудан көлемінде шағын кластер жасақтау жеңіл өнеркәсіптің жүгін жеңілдетуі тиіс. Өндірістік формула – «шикізат-тауар». Ол үшін ауыл және аудан көлемінде шағын кластерлер жасақталады. Олар жергілікті жерлерде өндіруге тиімді ауыл шаруашылығы шикізатынан, өнім өндіру технологиясынан, сервистік қызметтерден және тұтынушыларға тиімді бағамен жеткізу саясатынан тұрады. Заңдық ұйымдастыру түрлері Азаматтық кодекске сәйкес, ассоциация, өндірістік кооператив, ЖШС т.б. болуы мүмкін. Көрсеткіш егілген егіс пен мал саны емес, өндірілген өнім көлемі мен сапасы болып табылады, яғни шығарылған тауармен бағаланады. Келешекте өндірістік-экономикалық қатынастардың дамуы негізінде агросиндикаттар, агрокартельдер құрылуы мүмкін. Мұны қолдау керек.
Қайыр ЖҰБАНОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
Бұрыс...
– Шағын кластерлер жасақтау ісі нақ қазіргі уақытта шешімін таба қояды дегенге сену қиын. Өйткені әбден демігіп қалған жеңіл өнеркәсіп саласына дем беру үшін бұл – жеткіліксіз дүние. Бұл – мәселені шешудің біржақты көзқарасы. Негізінде, елдегі жеңіл өнеркәсіп саласының аяқ алысын мықтау үшін жекелеген кәсіп иелерінің идеясы бұл салаға керек. Қазірде кілемге сұраныс Парсы шығанағындағы шейхтер мен батыс елдеріндегі ақсүйектердің назарын аударып, бұл салаға осы ақсүйектер қаржысын сала бастады. Міне, бізге де Үкімет қамқорлығынан бөлек, осындай ауқымды инвестиция көлемі керек. Ал шағын кластерлер жасақтау жағдайды орынды шеше алады дегенмен келісу қиын.
Бетті дайындаған Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ, жеке пошта kokshe.79@mail.ru