Проблемаға айналған несиелер тиімді шешімін таппай тұр
Ғаламдық қаржылық дағдарыстың толқындап соққан соққысы есеңгіреткен жүйе құраушы отандық банктерді аман сақтап қалғанымызбен, өкінішке қарай, проблемалық несиелер мәселесі шешіміне келгенде тығырыққа тіреліп тұрмыз. Бүгінгі таңда отандық екінші деңгейдегі банктердің проблемалық заемдар деңгейі 71 (!) пайызды құрайды. Оның 29 пайызы мүлде өтелмейтін үмітсіз несиелер болса, 43 пайызының жайы да күмәнді болып табылады. Бұл ретте Үкімет коммерциялық банктердің активін зиянды несиеден тазалайтын Проблемалық несиелер қорын құрған болатын. Алайда жыл басында іске қосылып, банк секторының басты бас ауруын «емдеп жазады» деген бұл қордан да түк пайда болмай тұр. Халықаралық сарапшы мамандар осылай дейді. Енді қайтпек керек?..
Банк секторындағы ең үлкен мәселе – проблемалық несиелердің әлі де болса банктің балансында қолбайлау болып тұрғаны. Өткен жылдың қорытындысындағы мәліметтерге сүйенсек, еліміздің коммерциялық банктеріндегі мұндай зиянды несиелердің сомасы 3 трлн 53 млрд теңгеге жеткен. Әрине, ол баланстан көрініс табатын болса, ондай банктің табысы да өте төмен деген сөз. Себебі зиянды несиесі бар банктер көп жағдайда өзінің тапқан табысын провизияға, несиеден келетін тәуекел зардабынан сақтануға жұмсайды. Бүгіндері коммерциялық банктерде қалыптасқан осы провизияның мөлшері 3 трлн 31 млрд теңгеге жеткен. Байқап отырғанымыздай, банк секторында қаншалықты проблемалық несие болса, соншалықты көлемге жуық провизия қалыптасқан. Қаржыгер маман Ілияс Исаевтың айтуынша, бұл, біріншіден, коммерциялық банктердің капитализация жасауына кедергі келтіреді, екіншіден, олардың рентабельділігін төмендетеді, үшіншіден, зиянды несиесі артқан сайын коммерциялық банктер де ел экономикасын несиелеуге онша құлықты болмайды. Сондықтан мемлекетіміз үшін проблемалық несиелер мәселесі жылдам шешім қабылдауды қажет етті. Осы мақсатта 2011 жылдың 28 желтоқсанында елімізде «Тәуекелдерді азайту тұрғысында банк және қаржы ұйымдарының қызметін реттеу мәселелері жөніндегі ҚР заңнамалық актілеріне түзету мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Онда, біріншіден, проблемалық несиелерді басқарудың құқықтық негізі қаланды, екіншіден, оның институционалдық іргетасы бекіді. Аталған заңға сәйкес, Ұлттық банк проблемалық несиені басқару бойынша өз жанынан компания құрып, оның акционері болады, сол секілді коммерциялық банктердің жанынан да проблемалық несиені басқаратын компания бой түзейді. Осы екі компания мен қосымша, осыған дейін болған Стресстік активтер қорының проблемалық несиені басқарудағы және проблемалық несиені азайтудағы іс-шаралары заңда толықтай сипатталған. Осылайша аталған үш институтциональдық құрылым арасында проблемалық несиелер саудасы биылғы жылдың басында басталып-ақ кеткен. Алайда Standard & Poor's агенттігінің сарапшысы Аннет Эстің айтуынша, бізде осы қаңтарда іске кіріскен Проблемалық несиелер қорының нашар заемдарды сатып алудағы талабы мен іріктеу критерийлері өте қатаң, сондықтан ол екінші деңгейдегі банктер үшін аса тиімсіз көрінеді. Осы жағынан алғанда, сарапшының пікірінше, реттеушілер ұсынған бұл тетіктің функциясы қауқарсыз.
– Бір жыл бұрын Ұлттық банк құрған «Проблемалық несиелер қоры» жағдайды түбегейлі өзгерте алмады. Мәселен, үстіміздегі жылдың ақпан айын алатын болсақ, қор тек бір жобамен ғана шұғылданған. Бұл – өте мардымсыз көрсеткіш, – дейді ол.
Ұлттық банктің ұсынған тетігіне деген сұраныстың болмауының бірнеше себебі бар көрінеді. Біріншіден, жұмыс істемей тұрған несиесін қорға сату үшін ондағы барлық талапты орындау банктер үшін өте қиын; екіншіден, қор сатып алатын несиелер барлық саланы қамтымайды, мәселен, зиянды борыштың көп көлемін құрайтын құрылыс пен жылжымайтын мүлікке қатыстысын; үшіншіден, проблемалық несиелерді сатып алуда ұсынылып отырған құн аса арзан, мұндай ұсыныс банктер үшін тартымсыз.
Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтің пікірінше, аталған мәселелер бар екен деп проблемалық несие саудасындағы талаптарды, дисконтты жеңілдетудің қажеті жоқ.
– Мемлекет ғаламдық қаржылық дағдарысынан зардап шеккен отандық банк секторына қолынан келгенше көмек көрсетті. Проблемалық несие мәселесі шешіміне де атсалысып, заң қабылдады, Стресстік активтер қорын құрды. Ал ондағы талаптарды орындау қиын болып жатса, бұл – коммерциялық банктердің жеке мәселесі. Бастысы – мемлекет өзіндік көмек тетігін ұсынды. Бұл мүмкіндікті екінші деңгейдегі банктер пайдалана ма, пайдаланғысы келмейді ме, өз еркі. Бұл арада сатып алуға келетін шығын республикалық қазынадан алынады. Сондықтан да талап қатаң, ол дұрыс та. Көңілдерінен шықпаса, проблемалық несие мәселесімен коммерциялық банктер өздері айналыссын. Бүгінге дейін банктің осы мәселеге қатысты есеп берген бір менеджерін көрген емеспін. Бұл –жауапкершіліктен жалтару. Негізі, кез келген істеген ісін мойнымен көтеруі керек, – дейді маман.
Жалпы, S&P сарапшыларының айтуынша, Қазақстандағы проблемалық несиелерді реттеу ұзақ уақытты қажет етеді. Оған бір-бірімен жалғасқан соңы жоқ сот процестері де ықпал етіп отыр екен. Мәселен, қайта құрылымдалған БТА банкі, Альянс банк және Темірбанк бойынша алаяқтық іске байланысты қозғалған сот ісіне әлі нүкте қойылмаған.
Сондай-ақ банк секторындағы проблемалық несиелер қордалана түсу қаупі де бар екен. Бұл ретте жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның шарықтауы халықаралық мамандарды алаңдатады. «Бағаның күшеюі кезеңінде ипотекалық несиелендіруде белсенділік танытуға болмайды. Ал Қазақстанда бұл процесс соңғы кездері қарқын алып барады», – дейді S&P сарапшысы А.Эсс.