Пайдасы көп пісте шаруашылығының өрлеуіне не кедергі?
Шекілдетіп шемішке шағу мәдениетке сай келмесе де, тіл үйірер дәмділігінің алдында көбіміз осалдық танытатынымыз рас. Әсіресе қоғамдық орындарда қоқыстың көбеюіне шемішке атаулыға қарсы «майдан» аша алмай келе жатқанымыз анық. Дегенмен пісте атаулы бүгінде ең өтімді тауардың біріне айналғаны жасырын емес. Кейінірек әп-әдемі шытырлақ қағазға оралған шетелдік шемішкелер келіп, «стақандық» пістенің жолын кесті. Жұрт жапырлап иісі аңқыған «импортный пістенің» саудасын қыздырды.
Расында, бүгінде пісте нарығында ресейлік пістелердің асығы алшысынан түсіп тұр. Бізде де бұл салада жан кіріп, сең қозғалған. Дегенмен қазақы пістеге сауда сөресінің астыңғы бөлігінен ғана орын тиіп отыр. Бүгінде БҰҰ-ның есебі бойынша пісте өндірісінде Ресей бірінші орында тұр. Екінші орында – Украина. Үшінші орыннан үмітіміз болғанмен, біздің бармақ шайнаулы. Оған әртүрлі кедергілер себеп. Күнбағысты өсіріп баптау мен оны пісте етіп қораптайтынға дейінгі жұмыста біраз шідері шешілуі тиіс шаруалар шаш етектен. Сұранысы мол әрі ең өтімді тауарлардың тізімінде алғашқы орында тұрған шемішке шығарумен бүгінде елімізде ірі өндіріс орындары емес, шағын цехтар ғана айналысады. Қазақстандық танымал пістелердің нарықта аз-маз өзіндік орны бар. «Солнышко», «Сипан» атты пістелеріміз бүгінде еркін саудалануда. Әрі алармандары да көп.
Дегенмен ресейлік пістелер отандық өнімнің жолын кес-кестей беретіні рас. «Семки», «Мартин» атауына ие болған шекілдеуік компаниялары тіпті өздерінің сайтын ашып алған. Өнімдерінің жарнамасы жер жарады. Делдалсыз тікелей сатып алуға жол ашып қойған. Табысы алысқа кеткен өнімнің, әрине, өндірісі өркендері сөзсіз. Ал бізде өндірісі аз, жарнамасы тіптің жоқтың қасы. Сайтты айтпағанның өзінде... жуырда ресейлік «Семки» пістелерінің құрамында мырыш көп болғандықтан, сауда сөрелерінен алып тастау туралы мәселе төтесінен қойылған-тын. Алайда соған қарамастан, сөреден жоғалудың орнына жамбастап жатып алғандай. Әлі саудалануда.
Бұл ақпар туралы біреу естісе, екеу білмейді. Алармандар аз болмағандықтан, оның отандық өнімнің өтімділігіне кері әсерін тигізері анық енді. Әзірге өз қандастарымыз өндіріп жатқан шемішке атаулыдан ши шыға қойған жоқ. Бірақ алғашқыдай емес, дәмі өзгерді. Әлде аларман жүрегін жаулап алған соң, қулыққа көшті ме екен? Әйтеуір «Солнышко» пістесі ең алғаш шыққандағыдай емес, тұзы аз, таза қуырылмаған, құрттағаны көп. Сөйтіп, шемішкеге деген шексіз құмарлыққа құрық салатыны бар. Тұтынушыдан айырылып қалмас үшін сапалы да дәмді тауар ұсынудың орнына кейде мақтаған тауарымызды даттауға тура келетін де кездері бар өстіп...
Шемішке шаруашылығымен айналысатындар анау айтқандай көп емес елімізде. Көтерме бағамен қотара сататындар аз-маз пісте бизнесінің пайдасын көріп отыр. Оңтүстіктегі Бәйдібек ауданына қарасты Екпінді ауылында күнбағыс өсіріп, шай-пұлын ажыратып отырғандар баршылық. Күтімді көп қажет ететін күнбағыстың пайдасы да аз емес. Ылғалды сүймейтін пістені сақтау да оңай емес. Көп бейнеттен кейін көп күттірген пайда да өз аяғымен іздеп келеді. Әсіресе көтере сатып алушылар жетіп-артылады. Бүгінде пістенің базардағы нарқы келісіне 200-ден асып отыр. Ал көтерме саудада онда да ауыл-ауылды аралап жүріп сатып алатындар тіпті 80-90 теңгеден алады. Ал тұқымы көктемде таптырмай кетеді. Әрі бағаның да ұшатыны осы кез... Шекілдеуік шаруашылығын дамытып, шетелдік өнімді нарықтан сыпыра қуып шығуға болады-ақ. Оған тек майда-шүйде деп қарамай, нағыз пайданың көзі деп қарасақ қана көзқарас өзгерер...
Әрине, күнбағыс шекілдеуік шемішке ретінде емес, көбіне сұйық май өндірісіне қолданылатыны рас. Әрі көбіне шетелден тасымалданатыны тағы бар. Мұны ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің өзі де мойындайды. «Сыртқы нарықта бұл тауар түріне деген сұраныс та, бағасы да жоғары, әрине, біздің өндірушілер қымбат бағаға сата алатын еді. Елімізде ТМД елдеріне қарағанда сұйық май бағасы төмен. Ең қымбат баға – Армения мен Әзірбайжанда. Соңғы жылдары күнбағыс майының бағасы 30-50 пайызға өскен. Бірақ сарапшылар баға төмендейді деген болжам жасап отыр» дейді. Расында, Ресей мен Украина былтыр күнбағыс өндіруде рекордтық көрсеткішті жаңартты десе де болады. Аталмыш екі ел ТМД-ны айтпағанда, әлем бойынша да көшбасында тұр. Бұл өнімді өкіртіп өндірмесе де, біздің елімізде біраз ілгерілеушілік бар. Экономист Рахман Алшанов: «Сырттан жылына 70 мың тоннадан астам өсімдік майын әкелеміз. Ал рапс, күнбағыс өсірумен кеңінен айналысып, одан май өндіретін болсақ, қаншама қаржыны үнемдейтін едік. Есептеуім бойынша, бұл жағдайда 400 пайызға дейін тиімділікке қол жеткізуге болады», – деген еді. Бірақ ол пікір айтылған жерінде қалды. Салаға жауапты Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейде айтылған оңды пікірлерді құлаққа ілмейтіні өкінішті...
Бүгінде Шығыс, Батыс Қазақстан облыстарында, Павлодарда күнбағыс өсіру тиімді жолға қойылған. «Глубочанка» шаруа қожалығы жылына 5,2 мың тонна күнбағыстан өнім алуда. Сондай-ақ шығыстағы көптеген шаруашылық күнбағыс өсірумен айналысады. Алайда осыдан біраз уақыт бұрын ауыл шаруашылығы мамандары «күнбағыс топырақ құнарлылығын құртады» деп байбалам салғаннан кейін бұл саланың аяғына тұсау салынды деуге де болады. Кейбір шаруашылықтар жыл аралатып, тіпті кейбірі үш жылда бір-ақ рет егетін болып отыр. Осындай кедергілерден кейін бұл мәселелердің шідері қайтіп шешілмек? Дұрысы – бұған министрлік тарапынан күнбағыс шаруашылығының көлеңкелі тұстарына күн түсуі тиіс сияқты. Сонда ғана шешімін табар, бәлкім?
Пернебек МАҚАШ, шаруа қожалығының төрағасы:
– Негізінде ұсақ шаруа көрінгенімен, өнімді өсіре алсаң, пайдасы да әжептеуір. Бүгінде шекілдеуікті жоғары технология бойынша өңдеп шығаратын шағын өндіріс орындары көбейді ғой. Солар-ақ егіс басынан көтере сатып алып кетеді... Пайдасы болмаса өсіруші де, өңдеуші де, сатып алушы да болмас еді ғой. Өндіріс өркендеп жатыр ма, демек, сұраныс бар деген сөз.
Пістенің пайдасы
Шекілдеуік шемішкенің ағзаға тигізер пайдасы зор. Ол ағзаны май қышқылдарымен толықтырып отырады. Кептірілген пістеде оның құрамындағы барлық дәрумен сақталады. Ал қуырылғаннан кейін оның құрамындағы пайдалы заттардың 90 пайызы жойылып кетеді. Күнбағыс пістесі – тері жасушалары үшін таптырмас дәрумен. Өлі тері жасушаларын тірілтіп, оның жасаруына септігін тигізеді. Атеросклероз, инфаркт миокарды, жүрек-қан тамырлары ауруларына, бауырға пайдасы бар. Онда теңдесі жоқ аминқышқылдары бар. Ақ пістенің 100 грамында 540 ккал бар, ал қара пістеде – 580 ккал. Пістенің құрамында холестерин мүлде жоқ. Ақ пістеде – 34 пайыз, қара пістеде 20 пайыз белок бар. Көбіне оны ауыр тағам деп есептейді. Асқазанда қорытылуы жарты сағатты алады. Ал кәуаптың 3,5 сағатта әзер қорытылатынын ескерсек, бұл онша көп уақыт емес, әрине. Қара пісте магнийдің қоймасы деп саналады. Онда қара нанның құрамындағыдан да магний 6 есе көп. Ағзада мырыш жеткіліксіздігі болса, аяқ сіңірі тартылып, шаш түсе бастайтыны белгілі. Ал пістеде мырыш көп. Тәуліктік қажеттілігін бір стақан пісте алмастыра алады. Ағзада темір жетіспесе, қаназдық, созылмалы шаршау синдромы болатыны белгілі. Құрамында темірі көп ақ пісте соның бәрін қуып шығады. Ол – дәмді ғана емес, өте пайдалы тағам. Өсімдік майы мен А, D, Е дәрумендері мол. Дегенмен диетологтер артық салмақ пен семіздіктен зардап шегетіндерге пісте шағудан бас тартуын талап етеді...