Отандық туризм шетелдіктер үшін тартымды ма?
Жақында қазақстандық журналист Гүлнар Кенееваның атына Лондон тұрғыны Адам Смиттен хат келді.
Оның қысқаша мазмұны мынадай: лондондық мырза отандасымыз Гүлнардың әлеуметтік желілерде еліміздің табиғатын бейнелеген суреттер мен ішкі туризм жайлы ақпараттық-танымдық жазбаларын оқу арқылы Қазақстанға келуге құштар болғанын, біздің ел жайлы тереңірек білуге талпыныс жасағанын, қазақтың құрты, қымызы, қазысының дәмін көргісі келгенін жазады. «Әсем Алатаудың баурайы, шығыс-батыс өңірлеріндегі әсем табиғат, Шыңғыс ханның табаны тиген көне Отырар даласы, Түркістан сіздердің елдеріңіз жайлы алғашқы әсерімді мүлдем өзгертіп жіберді. Қазақтарға жер жұмағын сырттан іздеудің қажеті жоқ. Маған осындай ғажайып әсер сыйлағаныңыз үшін сізге рақмет! Қазақтарға ішкі туризм арқылы әлемге танылудың миллион түрлі мүмкіндіктері бар!» деп ой қорытады шетелдік турист.
Туризм саласы өзінің тұнып тұрған табиғатымен және тарихи нысандарымен әлемдік тарихқа қол созуға жарап қалды. Жақында италиялық киногерлер елге келіп кетті. Олар елден аттанарда әлемді инфрақұрылыммен де, қолдан жасалған ас та төк сән-салтанатпен де таңдандыру кешегі күннің еншісінде екенін, бүгінгі әлемге техниканың қолы жетпеген табиғаттың тұмса табиғаты ғана таңдандыратынын айтып, біздің жер туралы документальді фильм дайындаймыз деп уәде беріп кетті. Арадағы келісім бойынша, сол елдің спутниктік телеарналары арқылы әлемге танытылмақ. Айтпақшы, бұл италиялықтардың алғашқы сапары емес. Олар осыдан екі жыл бұрын да келіп, еліміздің батыс-шығыс өңірлеріндегі шетел тұрмақ, өзімізге де таныла қоймаған көріністерді бейнетаспаға түсіріп, сурет-банктерін жаңа туындылармен толықтырып кеткен. Олардың бірсыпырасын сол елдің кинотуындыларында табиғат көрінісі ретінде пайдаланса, екіншілері көшелердің сәнін келтіріп тұр. Италиялық түсіру тобын елге алып келген, арадағы келісімшарттардың басы-қасында жүрген әріптесіміз Гүлнар Кенеева еуропалық туристік карта үшін біздің жер игерілмеген кеңістік екенін, қазірше туризм үшін елдегі ең тартымды аймақ – «Байқоңыр» ғарыш айлағы, Арал теңізі және Шыңғыс ханның табанының ізі қалған оңтүстік өңірлер, Ұлытаудағы Жошы және Алаша хан мазарлары екенін айтады. Демек, алда атқарылатын жұмыстар көп.
– Қытайдағы ішкі туризм шамамен, жыл сайын 3 млрд адамды құрайды. Бұл дегеніңіз әрбір азамат жыл сайын 2-3 рет өз жерін аралап шығады. Ал АҚШ азаматтарының 80 пайызы тек ішкі туризммен шектеледі. Сырт көз ішкі туризмде инфрақұрылымдарға тиісті деңгейде назар аударады. Бірақ менің ойымша, мұнымен шектеліп қалуға болмайды. Ең бастысы, ақпараттық-имидждік үгіт-насихат жұмыстарын қолға алу. Мен оның аз уақыттың ішінде өз жемісін беретініне сенемін. Бұған дәлел – біздің италиялық кино түсіру тобы арасындағы келісімшартты айтуға болады» деген Гүлнар Кенеева өз тәжірибесінен бірнеше мысалды келтірді. Италиялық шығармашылық топпен Баянауыл Ұлттық қорығынан бастап Шарын шатқалы, Көлсай көлі, Қайыңды алқабы, одан әрі Шыңғыс ханның ұлдарының табанының ізі қалған Отырар жері туралы әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қалдырып отырған.
Нақ осы мәселемен айналысатын мамандар «Қазақстан аумағында туризмнен тапқан табыстың 20 пайызын салық ретінде төлеу міндетті» дегенді айтады. Бұл турфирмалардың іс-әрекетін тығырыққа әкеліп тірейді. Қазақстандағы туризммен, негізінен, орта және шағын кәсіпкерлік саласындағы кәсіпкерлер айналысатыны белгілі. ОШК-нің ел Парламентінде өздерінің жоғын жоқтап, сойылын соғатындай сенімді депутаттарының жоғы да жасырын емес. Қазақстандық туризм секторының өкілі Инокентий Свирдов «Салық кодексіне енгізілген жаңа ереже отандық туристік ұйымдардың жұмысына кері әсер етіп отырғанын, өйткені салықтың негізгі, салмағы ең алдымен іс-әрекеті туристік сектормен байланысты кәсіпкерлердің иығына түседі. Атап айтқанда, туристік салада табылған пайданың 20 пайызын салық алымы ретінде отандық турфирмаларға төлеуге тура келеді: өйткені туристер мен шетелдік туроператорлар қосымша шығынға батқысы келмейді. Соның салдарынан қазақстандық турфирмалар не клиенттерге өздері көрсеткен қызмет бағасын өсіруге, не заңды бұза отырып салық төлеуден қашқақтауға мәжбүр болады» дейді.
Бүгінде дүниежүзі бойынша, туризм саласынан ел бюджетіне түсетін қаржы мұнайдан түсетін табыстан кейінгі екінші орында тұрғанын ескерсек, бұл саланы дамыту бүгінгі күннің талабы екені даусыз. Дегенмен, халықаралық туризм саласындағы жоғары мөлшердегі алым-салықтардың отандық туризмнің бағын байлап тұрғанын жоққа шығаруға болмайды. Елімізде туризмді насихаттау жұмыстары жүргізілмей отыр деу күмәнді. Жұмыстар жүргізілді. Оған еліміздің туристік ұйымдарының көптеген көрмелерге қатысып, өз жұмыстарын лайықты көрсете білгендігі, тіпті насихаттау жұмыстарының Азия, Океания елдері мен Австралияда бас жүлдені жеңіп алғаны дәлел бола алады.
Шындығына келсек, елдегі туризмнің дамымай отырғандығына ең басты себеп – Үкіметтің бұл саланы дамытуға бел шешіп кіріспей отырғандығы. Үндемей-ақ үлкен іс тындырып, шетелдік киностудиялармен келісімшартқа отырып, олардың басын елге бұрып жүрген Гүлнар Кенеева тәрізді замандастарымыздың әрекеті үлгі емес пе?!