Новосібірмен қарым-қатынас аясы кеңеюде
Биыл – Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 20 жыл. Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын бастаған павлодарлық делегация Новосібір қаласында болып, стратегиялық әріптеске айналған көршілермен қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсті. Шекаралас аймақтармен ынтымақтастықты дамыту бағытында екі тарап сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік, мәдени салалар бойынша бірқатар игілікті бастамаға қол жеткізді. Сапар барысында Павлодар және Новосібір облыстары арасында өзара ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойылды.
Новосібірге барған делегация құрамында түрлі мемлекеттік мекемелердің, ірі кәсіпорындардың басшылары, бірқатар аудан әкімдері бар. Олар екі күн бойы ресейлік әріптестерімен келіссөздер жүргізіп, өзара тиімді ынтымақтастықтың жолдарын қарастырды. Келіссөздердің қорытындысы ретінде екі тарап өкілдері Новосібір облысының үкімет үйінде бас қосты.
Әріптестік түрлі салаларды қамтып отыр. Тек экономика ғана емес, мәдениет, денсаулық сақтау, білім салалары да назардан тыс қалған жоқ. Павлодар облысында химиялық кластерді дамытуға арналған арнайы экономикалық аймақ құрылғандығы белгілі. Аймақ басшысы ресейлік кәсіпкерлерді аталған жобаға қатысуға шақырды. Кездесу барысында сондай-ақ екі облыс арасында әуе байланысын жандандыру мәселесі де сөз болды.
Сапар барысында облыс әкімі Е.Арын мен Новосібір облысының губернаторы В.Юрченко әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұдан бөлек түрлі салалар бойынша тағы 10-нан астам келісім жасалды. Жекелей кәсіпорындар арасында да меморандум жасалды. Мысалы, павлодарлық «Нефтехим LTD» кәсіпорны Новосібірге өз өнімін жеткізіп тұру жөнінде келісімге келді. Ал Екібастұздағы ГРЭС-1 стансасына Ресейдің ірі кәсіпорындарынан заманауи құрал-жабдықтар жеткізілетін болады.
Новосібір облысы – ғылым-білімнің дамыған орталығы. Бұл салада да екіжақты байланыс орнатылған. Бұл ретте аймақ басшысы Новосібір мемлекеттік техникалық университетінде болып, оқу орнының басшыларымен, профессорлар құрамымен, студенттер қауымымен жүздесті. Университет ректоры, техника ғылымының докторы, профессор Николай Пустовойдың айтуына қарағанда, бүгінде аталмыш білім ордасында мыңнан астам қазақстандық студент білім алуда. Оның ішінде Павлодар облысынан 160 студент бар. Бұдан бөлек білім саласында қызмет ететін жас мамандар жыл сайын мұнда біліктілігін арттырып, кәсіби шеберліктерін шыңдай түсетін көрінеді.
Атап өтерлігі, қол қойылған меморандум аясында білім саласы бойынша да бірқатар игілікті іс күтіп тұр. Мысалы, үстіміздегі жылдан бастап Новосібірдің белгілі, әлемдік деңгейдегі ғалымдары С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде дәріс беретін болады.
Облыс әкімі Новосібірдегі қандастарымызбен арнайы жүздесіп, қазақ диаспорасы өкілдеріне бірқатар сыйлықтар табыс етті. Қазақ тілін үйретуге арналған оқу құралдарын, қазақ халқының мәдениетінен, дәстүрінен, ұлттық өнерінен сыр шертетін 300-ге жуық кітап, «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі және 1000 әні» бірегей жинақтарын сыйлады. Сондай-ақ домбыра, қобыз сияқты ұлттық аспаптарды тарту етті. Таяуда Новосібірге барлық қажетті жабдығымен сегіз қанатты киіз үй, қазақтың ұлттық киімдері жеткізілмек.
Ерлан АРЫН, Павлодар облысының әкімі:
– Елбасы шекаралас аймақтармен әріптестік қатынасты дамыту бойынша тапсырма берген болатын. Біз солтүстігімізде Новосібір, Омбы, Томск облыстарымен және Алтай өлкесімен байланысып жатырмыз. Алғашқы сапарымыз Новосібір облысынан басталды. Өте нәтижелі болып отыр. Бұдан былай екіжақты байланыстар әлдеқайда тығыз дамымақ. Бұл екі аймақтың әріптестікті жаңа кезеңге көтеруге бағытталған маңызды қадамы деп ойлаймын. Бүгінде екі өңір арасындағы тауар айналымында ресейлік тараптың үлес салмағы басымдау. Енді біздің көптеген тауарымыз экспортталатын болады. Новосібірдің экономикалық, ғылыми-техникалық әлеуеті қашанда зор сұранысқа ие. Экономикалық тұрғыдан алар болсақ, көршілеріміздің машина жасау, энергия кешені, химия салалары бойынша мүмкіндіктерін пайдаланамыз. Павлодарды еліміздің солтүстік қақпасы десе де болады. Ресейдің бірқатар өңірін байланыстырып отырмыз. Көршілер үшін көліктік-логистикалық қызметімізді ұсына аламыз. Аймағымыздың энергетика саласындағы әлеуеті зор, қазбаларға бай. Еліміз ғана емес, әлем бойынша ірі кен орындары бар. Мұның новосібірлік кәсіпкерлерді қызықтырары сөзсіз. Онымен қоса бізде кәсіпкерлікті дамытуға бұрын-соңды болмаған қолдау шаралары көрсетілуде.