Нөлдік технология миллиардтарға жеткізе ме?
Биылғы астық түсімі жылдағыдай рекордтық көрсеткішке жеткен жоқ KAZGRAIN – 2012 қазақстандық VІ астық форумында мәлім болғандай, биыл астық түсіміне байланысты берілген ақпарат тым ала-құла. Мәселен, өнім түсімі хақында ғарыштық мониторинг бір басқа ақпарат берсе, жергілікті әкімқаралар мүлде басқа есеп беріп, бұқараны біраз абдыратып тастаған түрі бар.
Ғарышқа сенеміз бе әлде әкімге ме?
Жалпы, биылғы астық көлеміне қатысты елдегі негізгі астықты үш облыс: Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан егін науқаны бойынша 11,2 млн тонна астық туралы мәлімет берген. Ал ғарыштық мониторинг деректері бойынша 9,8 млн тонна астық жиналған. Екі арадағы айырма – 1 млн 400 мың тонна(!). Ендігі кезекте жыл соңына қарай астық көрсеткіші турасында төрелікті еліміздің Статистика агенттігі айтпақ...
Қалай десек те, ғарыштың дерегіне сенсек те, жергілікті әкімнің есебіне жүгінсек те көрсеткіш жылдағыға қарағанда төмен. Мысалы, бұған дейінгі деректерге жүгінсек, елімізде астық өндіру соңғы бес жылда 19 миллион тоннаны құрап, өнімділік 30 пайызға көбейген-ді. Бүгінде отандық астықтың экспорты ұнды қосқанда көлемі 60 пайызға артып, 7,8 млн тоннаға жетті. Бұл үрдіс бізге астық экспорты бойынша көшбасшы болуымызға жол ашты. Әрине, мұндай биікке рекордтық астық түсімі арқасында жеткеніміз анық. Ал биылдан кейінгі жағдайымыз қалай болады?
Аман ШОТАЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:
– Нақ қазір бізді ойландыруы тиіс нәрсе – астықтың түсімін дабырайтып, асыра көрсету емес, астық өндіруде, қарапайым халыққа нан өнімдерін жеткізуде, ұнмен қамтамасыз етуде заманға сай шығынсыз жұмыс істеу мәселесі болуы тиіс. Ол үшін, әрине, бірінші егілген өнімнен бастап оның шығымы, жинау науқаны барлығы дерлік мемлекеттік бақылауда болғаны абзал. Расымен де, біз астық түсіміне қатысты екі түрлі деректерге тап болып, абдырап отырған жайымыз бар. Халықаралық талапқа сай ғарыштық бақылау жүйесінің есебіне жүгінуді қазірде көптеген елдер жөн санап отыр. Осыны ескергендіктен барып біз соңғы үш жылда ғарыштық мониторинг жүргізу ісін тереңдете бастадық. Соның нәтижесінде деректерді асырып айту қулығы әшкере бола бастады. Меніңше, астықты облыстардағы жергілікті әкімшіліктер есепті сауатты берсін десек, астық шаруашылығымен айналысатын аймақтарда ғарыштан бақылау істерін тереңдеткен абзал. Осыдан соң ғарыштық мониторинг ісінің шынайылығына көзіміз жете бастайды. Ал біздегі әкімқаралардың басым бөлігі көрсеткішті асырып көрсетуді мықтап үйренгені жасырын емес.
Шығынсыз өнімді қалай алуға болады?
Негізінен, келешекте астық шаруашылығы бойынша әлемдік талапқа сай дамуды діттеген жөн екенін алға тартқан мамандар «егер жеделдетіп арнайы бір шараларды қарастырмасақ, халықты аш- құрсақ етіп алуымыз да ғажап емес» деседі. Бұл ретте мамандар астық алқаптарын ылғалдандыру ісіне назар аудару қажеттігін баса айтуда. «Ол үшін, әрине, әлем елдерінің тәжірибесінде қолданылып жүрген жаңа технологиялық әдіспен дамуды үйренгеніміз дұрыс. Бұл әдіс астықты шығынсыз, өнімді сапалы етіп алуға мүмкіндік туғызады» дейді мамандар.
Қайыр ЖҰБАНОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Қазір көптеген елдерде егінді шығынсыз, мол түсіммен жиып алуға мүмкіндік беретін нөлдік технология (No-till) жүйесі қолданысқа енген. Ылғал сақтау немесе нөлдік технология топырақ қыртысын қопармай, астықтың сабағы мен тамырын орнында қалдыру арқылы жүзеге асады. Бұл ылғал сақтауға, өсімдік қалдығының шіріндісі арқылы топырақ құнарын байытуға мүмкіндік береді. Ал алқапты арамшөп басып кетпес үшін оған түрлі гербицидтер себіледі. Нәтижесінде осы әдісті қолданған шаруашылықтар құрғақшылық жылдары да жоғары өнім алып жүр. Қазір Қостанай облысындағы алқаптардың 1 млн гектарға жуығы нөлдік технология бойынша өңделеді. Ал аймақтағы жалпы егіс көлемі 4 млн гектардан астам. Ресми деректерге жүгінсек, нөлдік технология бойынша еңбек еткен шаруашылықтар егін егуде 1 гектарға 11 мың теңге аралығында ғана қаржы жұмсаса, бұл технологияға жүгінбеген диқандардың шығыны бұдан екі есе көп болған. Сонда байқағанымыз: НТ екі есе үнемді. Үнемді болғандықтан егін егуде, оны жинауда осы іспетті технологияға жүгінсек, жер құнарлы болады, өнім мол болады, оны жинау шығыны азаяды. Осыдан соң барып өнім өндіруде шығын азайған соң, халықты арзан нанмен қамтамасыз етуге болады. Бұл – астық шаруашылығында халықты арзан әрі сапалы өніммен қамтудың тікелей жолы.
Өзгелер озық шығып тұр...
Абзалында, үнемшіл болуына байланысты болса керек, әлем диқандары ылғал сақтау технологиясымен жұмыс істеуге барынша бейіл танытуда. Дүниежүзі бойынша бүгінде 100 млн гектардан аса алқап нөлдік технология негізінде игеріліп үлгерген. Бразилия, Аргентина, Канада тәрізді елдер сексенінші жылдардың өзінде осы әдіске жүгініпті. Аталмыш мемлекеттер осы әдіс арқылы дастарқанын жайнатып, көңілдерін орнықты етіп, бізден озық шығып отырған жайы бар. Ал біз әзірге 1 млн гектар егін алқабына ғана осы әдіспен өнім алуды енгізгенімізді місе тұтып отырмыз.
Жалпы, сарапшыларымыздың пайымынша, қазірде еліміздегі егіс алқаптарының 90 пайызы қуаңшылық пен эрозияға ұшырауда. Тіпті қайсыбір астықты алқаптарымыз кеңес өкіметі заманынан тозу дағдысына түскен. Әлбетте, кеңес заманында Еңбек озаты, Еңбек Ері атануды ғана көздеген диқан қауымы үшін жоспарды асыра орындау ғана бірінші орында тұрды. Сөйтіп, еңбекшілерді бір-бірімен жарыстырып, бәсекеге түсіре жүріп өнімділікті арттыруды көксеген кеңестік пиғыл ол кездері жерді күтіп-баптауды, табиғи құнарды зиян шектірмеуді екінші кезекке ысырды. Ал қазір инновацияға бейімделуге беттеген мемлекет ретінде біз технологиялар бәсекесіне сөзсіз мән бергеніміз абзал. Мамандар бұл ретте «технологиялар тасқыны қазақ астығының көрсеткішін еселеп, миллиардтарға жеткізеді» деседі. Әрине, көрсеткіш жоғары болса, ұтылмасымыз анық.