Наубайхананың наны арзандайды
«Бизнестің жол картасы» бағдарламасының шарапатын шағын наубайханалар да көре бастады. Алматы облысы Ескелді ауданындағы алдыңғы қатарлы шаруа қожалықтарының бірі «Санжар» өз меншігіндегі наубайхана цехын жетілдіруге мүмкіндік алды.
Шаруа қожалығына қарасты тауарлы өндіріс кешенінің базасындағы наубайханаға 250 мың АҚШ долларына Baskent-ВД 2000 түрік фирмасының заманауи құрал-жабдықтары орнатылды. Жаңа технология жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, енді кеңейтілген цех нанның 30-дан астам түрін шығаруға бел шешіп кіріспек. Қожалық басшысы Жанатбек Сарғалдақовтың айтуынша, ұн елегіш, қамырды бөлгіш аппараттары өз міндеттерін автоматты түрде қалтқысыз атқарып тұрады. Соның арқасында ұн шаң-тозаңнан толық тазартылып, оның салмағы да тиісті мөлшерден артық-кемі жоқ дәлдікпен бөлініп салынады. Ротациялық пеш бір ауысымда 5000 бөлке нан пісіруге қауқарлы. Сондай-ақ мұнда бір бөлкесінің бағасы 45 теңге болатын әлеуметтік нан да пісіріліп, тұтынушыларға жөнелтілуде.
Жанатбек Сарғалдақов, «Санжар» шаруа қожалығының жетекшісі:
– Мемлекеттің шағын және орта бизнеске айрықша көңіл бөліп жатқаны қуантады. Бәсекеге қабілетті нан өнімдерін шығару үшін наубайхананы жаңа заман талабына сай жабдықтауды біраз уақыттан бері жоспарлап жүрген едім. Көздеген мақсатыма «Бизнестің жол картасы» арқылы қол жеткізіп отырмын. Бүгінге дейін цехта 20 адам жұмыс істесе, жуырда тағы он адам жаңа технология тетіктерін басқаратын болады.